Мемлекет басшысының теміржол инфрақұрылымын жаңғырту тапсырмасы негізінде Арал қаласындағы теміржол вокзалы қайта жаңғыртылды. Тарихқа көз салсақ, «Арал теңізі» теміржол вокзалының негізі 1905 жылы «Орынбор – Ташкент» теміржол желісінің құрылысы кезінде бой көтерген. Бүгінде заманауи  әдіспен жаңартылған жолаушылар бекетіне күніне 600, бір мезетте 224 адамға қызмет көрсетіледі. Мұнда күту залы, арнайы жеделсаты, ана мен бала бөлмесі, медициналық бөлім, жүк сақтау қоймасы қарастырылған. Ресми мәліметтер бойынша аралдықтардың ғана емес, онда табан тірейтін әр жолаушы үшін жөндеу жұмыстары жүргізілген вокзал жұмысына 1,7 млрд. теңге қаржы бөлінген.

 Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев:

– «Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сәйкес еліміздегі теміржол вокзалдары жаңартылып жатыр. 2024 жылы Қызылорда теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, оған іргелес аумақ толық абаттандырылды. Жаңақорған, Шиелі, Қазалы және Сексеуіл теміржол вокзалдарындағы, Талап бекетінің жолаушылар платформасындағы жұмыс толық аяқталып, бұл нысандар келушілерге қызмет көрсетуде.

Биыл өңіріміздегі 80 шақырымнан астам теміржол күрделі жөндеуден өтуде. Жалағаш және Тереңөзек кенттеріндегі қызмет көрсету пункттері де жаңғыртылып жатыр. Бүгін Төретам, Жосалы темір­жол вокзалдарын да ел игілігіне табыс­таймыз. Вокзалдарды қайта жаңғырту және күрделі жөндеуге 10 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Жаңа ғимараттардың сапасы, қызмет көрсету деңгейі облыс аумағы­нан өтетін қонақтар мен турис­тер­дің оң бағасын алып, өңіріміз туралы жақсы әсер қалыптастырады деп сенеміз.

Шара барысында вокзалды қайта жаңғырту бағытында жұмыс жасаған мекеменің жұмысшыларын және жолдағы жолаушыға қолайлы жағдай жасау мақсатында бірнеше жылдар бойы теміржол саласында еңбек еткен мамандарды Мұрат Ергешбаев марапатсыз қалдырмады.

Айта кету керек, шарада Құрылтай депутаттары Серік Қожаниязов, Нұркен Бақытбекұлы, Мағжан Ералиев, Ирина Тен және жергілікті зиялы қауым өкілдері мен тұрғындар төбе көрсетті.

Облыс әкімінің айтуынша, Қызыл­орда облысындағы 7 теміржол вок­залы, 2 қызмет көрсету пункті және Талап бекетіндегі жолаушылар плат­формасына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аралдан бөлек, Қармақшы тұрғындары да осындай қуанышты сәттің куәгері болды. Аудандарға тиесілі қақпаның бірі жаңарып,  жолаушыларға барлық мүмкіндіктер қарастырылған жаңа нысанның бой көтергеніне алдымен тұрғындар разы. Осы орайда облыс әкімі мен Құрылтай депутаттары “Жосалы” және “Төретам” теміржол вокзалдарының да ашылу рәсіміне арналған салтанатты шараға қатысты.

Жосалыдағы шара барысында сөз алған депутат Нұркен Бақытбекұлы “бұл – жай ғана ғимараттарды жөндеу емес, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау арқылы қызмет сапасын арттыру” екенін алға тартты.

Құрылтай депутаты Нұркен Бақытбекұлы:

– Кеше кешкілік елордадан Сыр еліне жетіп, одан әрі пойызбен Арал ауданына жолға шықтық. Терезеден созылған кең даланы тамашалай отырып, осы теміржолдың ғасырдан астам уақыт бойы талай елді мекен мен талай тағдырды жалғап келе жатқанын ойладық.

Бүгін сол тарихи жолдың бойындағы жаңарған нысандардың куәсі болдық. Арал қаласындағы «Арал теңізі», Қармақшы ауданындағы «Төретам» және «Жосалы» теміржол вокзалдары қайта жаңғыртылып, ел игілігіне берілді.

1905 жылы салынған “Арал теңізі” мен “Жосалы” вокзалдары ғасырдан астам тарихы бар нысандар болса, “Төретам” станциясының тарихы Байқоңыр ғарыш айлағының қалыптасу кезеңімен тығыз байланысты.

Жаңғырту барысында вокзалдардың инженерлік жүйелері жаңартылып, қасбеті мен шатыр­лары ретке келтірілді. Жолаушыларға арналған күту залдары, ана мен бала бөлмелері, медициналық пункттер, жүк сақтау орындары және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қажетті жағдайлар жасалды.

Бұл – жай ғана ғимараттарды жөндеу емес, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау арқылы қызмет сапасын арттыру және Сыр өңірінің көлік инфрақұрылымын дамыту.

Қызылорда облысы – тоғыз жолдың торабында орналасқан маңызды аймақ. Сондықтан теміржолдың жаңаруы – елді мекендер арасындағы байланысты нығайтып, өңірдің дамуына серпін беретін маңызды қадам болып отыр.

Жол жаңарса – қатынас жақсара­ды. Қатынас жақсарса – елдің әлеуеті артады.

Сыр еліндегі жаңарған вокзалдар халыққа ұзақ жылдар сапалы қызмет етсін! Ел тұрғындарының жолдары ашық, сапарлары сәтті болсын!

Сондай-ақ, Төретамдағы салта­натты жиын барысында депутат Мағжан Ералиев жергілікті тұрғын­дарды құттықтады. Ол өз сөзінде жаңарған теміржол вокзалында заман талабына тиесілі мүмкіндіктердің барлығы жасалғанын атап өтті.

Құрылтай депутаты Мағжан Ералиев:

– Сыр еліне сапарымыз барысында Арал қаласындағы «Арал теңізі», сондай-ақ Жосалы және Төретам кенттеріндегі күрделі жөндеуден өткен теміржол вокзалдарымен таныстық.

Ғасырдан астам тарихы бар бұл нысандар толық жаңарып, жолаушыларға қажетті барлық қолайлы жағдай жасалған. Күту залдары ретке келтіріліп, ана мен бала бөлмелері, медициналық пункттер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орындар қарастырылған.

Теміржол – ел мен елді мекендерді жалғайтын маңызды қатынас жолы. Жаңарған вокзалдар халыққа ұзақ жыл сапалы қызмет етіп, жолаушылардың сапары жайлы болсын!

Айта кету керек, Төретам және Жосалы кентіндегі жаңғыртылған вокзалдарда күніне 200-ден аса жолаушыларға  қызмет көрсетіледі. Нысандарда ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қасбеттері мен іргетасы қапталып, шатыр жабыны, есік-терезелері жаңартылды. Сонымен қатар электр желілері тартылып, жылу жүйесі орнатылды. Перрон аумағы да абаттандырылып, нысандардың жалпы жағдайы жақсартылды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған