Шындығында да солай… Біздің дәуір екінің бірі ақын кез… Содан да біз үшін ақын деген беймәлім бір әлем емес. Дегенмен ақынның көреген болғанын көрмеппіз, әлде ақындардың көрегенін Шаһизадаға дейін көрмеген екенбіз.
Өткен аптаның сенбісінде Қызылордадағы “Өнер” орталығында өткен сары шайыр, «Поэзия Әлемінің Гладиаторы» деген айдары бар Шаһизаданың мерейтойлық шығармашылық кешінде осындай ой түйдік. Сол кеште қырғыз халқының халық ақыны Шаһизаданың өлеңдерін қырғыз тілінде оқып жатқанда, қазақтың белгілі ақыны Ғалым Жайлыбай қазақтың тағы бір белгілі ақыны Ұлықбек Есдәулетовтің аманатымен бүкіл түрік елдері ақын-жазушыларының Алтын медалін Шаһизаданың кеудесіне тағып жатқанда, осылай ойладық. Өлеңдері қырғыз, татар, түрік тілдеріне аударылып, түрік әлеміне кеңінен таралып жатқаны расында да көп ақында кездесе бермейтін Шаһизада ақынның көрегенді қасиеті емес пе? Немесе Шаһизада ақындығы жойқын жырларымен түрік елдерін жайлап барады екен ғой…
Қазақтың тағы бір белгілі ақыны, кеш қонағы Қазбек Иса да осындай сезімде болды-ау. Өзінің құттықтау сөзінде «Шаһизада Алматының аңызы еді, енді Алаштың Абызы болды. Бұған дейін поэзия әлемінде дүлей еді, сөйтсем жыр сүлейі екен” – деді.
Жұрт осы кеште Шаһизада ақынға облыс әкімінің көлік мінгізгенін көп айтып жүр, бір досының бәлен миллион тұратын тұлпар сыйлағаны да ел аузында. Бәрінен бұрын жан-жақтағы, елдегі елден сырт жақтағы өнерсүйер қауым Шаһизадаға жағалай алтын медаль тағып, кеудесін жарқыратты. “Өнер” орталығы толы жырсүйем қауым Шаһизаданың әрбір оқыған өлеңіне зор қошемет білдіріп, ақынның шабытына шабыт қосты. Содан болды ма кешке бөлінген 2 сағат уақыт кеш иесі Шаһизадаға да, Шаһизаданың өзгеше өлеңдерін оның өз оқуында тыңдаған жырсүйер қауымға да аздық етті. Әр оқыған өлеңнен соң, зор шабыт алып, жер тарпыған Шаһизада шынын айтқанда “Өнердің” кең сахнасына сыймады. Жиналған қауым да құмары қанбай тарады…
Поэзия әлемінде де, өмірде де артынан сөз ертпей, алдынан жан шығармай, желпініп жүріп жетпіске жеткен Шаһизада жетпісін байқамай қалды деуге келмейді, байқағаны да болар осы мерейтойына бағыттап, бір емес, бірнеше кітап шығарды. Аймағының экологиясына, қолайсыз ауа райына, тірлігінің көптігіне (Шаһизаданың өлең жазудан бөлек, өмір сүруге бейім көп ісі бар), бала-шағаның қамына, соңғы кездері сыр беріп жүрген денсаулығына да қарамастан осы кезге тек жеткенім жоқ деп жеті кітапқа жүк боларлық өлең жырын айналаға таратты. Шаһизада ақын ширақ та жан. Шығармашылық кеш үстінде өлеңімен қосып өзін де жақсы көретін өлеңсүйер қауым алдында қырғыз, қазақтың көп жұрт шырақпен іздеп жүріп таппайтын белгілі ақындарына кітаптарының тұсауын кескізді.
Ия, жетпіске келген Шаһизада әлі жер тарпып тұр. Өлең, өмір додасындағы кез-келген аламан бәйгеңді шаппай алып берем дейді…
* * *
Ресми ақпарат:
Қызылордадағы «Өнер орталығында» облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен ақын, қаламгер, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Шаһизада Әбдікәрімовтің 70 жасқа толуына арналған «Поэзия гладиаторы» атты шығармашылық кеш өтті. Оған Құрылтай депутаттары Серік Қожаниязов, Шахмардан Байманов, Нұркен Бақытбекұлы, Ирина Тен, Мағжан Ералиев, Қырғызстаннан және еліміздің өңірлерінен келген қонақтар, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Кеш ақынның шығармашылық жолы мен телевизия саласындағы еңбегін қамтыған бейнероликпен басталды.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде Шаһизада Өтетілеуұлының ұйымдастырушылық қабілетімен ұштасқан парасатын, отандық тележурналистиканың дамуына қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті.
– Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Байқоңыр қалалық «Қазақ тілі» қоғамын басқарып, ғарыш айлағында тұңғыш ана тілімізде жарық көрген «Ақжол» газетінің негізін қалады. Сол кезеңде Байқоңырдан қажетті жабдықтарды жеткізіп, өз қолымен іргетасын қалаған «Қоғам ТВ» телеарнасы бүгінде Сыр жұртшылығының сүйікті арнасына айналды. Шаһизада Өтетілеуұлы қай кезеңде де қоғамшыл бағытынан айнымайтын ақын ретінде туған жерінің рухын асқақтатып, халқына қалтқысыз қызмет етіп келеді.
Мерейтой иесіне Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың арнайы құттықтауы, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі табысталды. Иығына шапан жабылып, темір тұлпардың кілті берілді.
Жиында ардагер Сәби Аңсат, ақын, аудармашы, Байбота Серікбай, ақын, мемлекет қайраткері Қазыбек Иса, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай, Қырғыз Республикасының мәдениет қайраткері Қарбалас Бакиров, ақын Бүркіт Базарбаев және аудармашы Махаббат Молдалиева сөз сөйледі.
Ақынның өзі сахнаға шығып, әр жылдары жазылған жырларын оқыды. Бұл өлеңдерде қоғамдағы сан алуан тақырып қамтылған. Адам болмысы, тіршілік түйткілдері, туған жер туралы көркем кестеленген өлеңдер жырсүйер қауымның ықыласына бөленді.
Сондай-ақ мерейтой иесінің сөзіне жазылған әндер орындалды. Сырдың жас ақындары да поэзия кешіне келген көрерменге өз өлеңдерін ұсынды.

БІЗ, БІЗ ЕДІК, БІЗ ЕДІК!
(толғау)
Көрген де жоқпыз жасқанып,
Көретін қызық, думан көп.
Өмірді енді бастадық,
Өткен күн әлі туған жоқ.
Бармаймыз ескі қыстауға,
Салмаймыз аяқ тұғырға.
Тізгінді тарта ұстауға
Жетеді қалған ғұмыр да!
Алладан түскен аян бар,
Аллаға кеуіл босайды…
Біз жазған өмірбаяндар,
Сізден де ұзақ жасайды.
Мақамы бөлек мол дастан –
Кешірген бастан жайт, аңыз.
Балдағы алтын алдаспан,
Әр тұсқа салып байқаңыз.
Өкініш бар ма өтмішке,
Өрлесе елдің бағы ұдай.
Желігіп келіп жетпіске,
Жер тарпып тұрмыз, а, құдай!
Қалады деп пе ең дүбірден,
Бетімен сүріп көк мұзды.
Жылдар ғой…
жылдам жүгірген,
Жеткізбей кетер деп бізді.
Өрісің жатыр артыңда,
Өмірді бекер сүрмедің,
Баяғы жігіт қалпында,
Балпаңдай басқан дүрлерім!
Әуеге байрақ байлаған,
Әлпетің жылы, әй-әй күз.
(«Қартайып, қайғы ойлаған»,*
Абайды кейде аяймыз.)
Қарагер жалды,
құс тірсек,
Қайратты тағы сынармыз.
Топырағымыздан тыс жүрсек,
Тоқтамай тартып шығармыз!
Айылды жиям, беу, неден?
Тұтасқан жұртпыз тегі бай!
Даңғырлап тұрған кеудемен,
Дедім-ай,
дедім,
дедім-ай!
«Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» –
Абайдың өлеңі

ӘЙЕЛДЕР
(баллада)
«Шешін, қатын, көрдің бе,
Еркіндік те жалаңаш!»
Олжас Сүлейменов
Жан-жарым, маржаным, мал-жаным,
Тұрсын, саған арнадым.
Сол бір аңыз шықпақ емес есімнен.
Талай мәрте түсіме енген таң алды…
…Ереуіл қол есірген,
Екі ай бойы ала алмады қамалды.
Құрыды әбден сілесі,
Катапульттің «доптарына» жаншылып,
Мойнындағы кресі,
Моласына шаншылып!
Қуаты да, суаты да сарқылып,
Сақсырынан шылқа қанға толғанда,
Қолбасыңыз,
тауанынан тартынып,
Хабар салды қорғанға.
– Қақпаны ашсын!…
Мен екінің бірі емен,
Сертте тұрғам сан-дүркін,
Әйел затын аман-есен жіберем,
Көтергенше алып шықсын мал-мүлкін.
Соры сондай қасқаның!
Еркектерге рақым жоқ бірақ та.
Қырғауылдай қырқып тастап бастарын,
Сырғауылға қағып қоям бір апта.
…Еңкейгенде екінді,
Қарс айырылып қақпа ашылды,
мархабат!
Шықты әйелдер,
«бөрі-бүйі» секілді,
Балаларын айналдыра арқалап.
Ал, көріп қал,
жақының бар, жатың бар,
Естісең де – бір қызық.
Шықты тағы…
қамытаяқ қатындар,
Қосақтарын мойынына мінгізіп.
Құлағына құт қонған,
Қара қазан –
шымырлаған қалпында,
Қазынасы қырық нарға жүк болған
Қала қалып артында,
Келеді олар
бірі қалғып, бірі ояу,
Медет тілеп жер-көктен.
Алтының не,
асылың не, құдай-ау,
Артық па еді бақа басты еркектен.
Отан бәсі,
қотан басы – ол деген,
Одан басқа не дейін?
Отаныңды жауға беріп көлденең,
Ойнап-күліп жүргеніңді көрейін…
Еркек дейтін қара нар,
Ентелемес арзанға…
Шымшықтардай шиқылдаған балалар,
Ши түбінен тауып алған олжаң ба?
Ақ отауға әкелгенде ат басын,
Асығасың, асыласың мойнына.
Жаббар Аллам жесірліктен сақтасын,
Жылан салып жібергендей қойныңа.
Жарым түнде жиылмасын ес мүлде…
Дейсің тағы: – шырағдандай сөнбеймін.
Еркегімді – ертегімді ешкімге
… Бер-мей-мін!…
Ал, көріп қал,
жақының бар, жатың бар,
Ал, көріп қал,
шошымай.
Келе жатыр қамытаяқ қатындар,
Ойға бекіп осылай.
Оқиға-тын бұл өзге,
Бұл оқиға қайда бар?
Қара тасқа көктеп шықты лезде,
Шашасынан шаншып қойған найзалар!
Жасыдың ба жағдайыңды жат біліп,
Топырағың туырылмай?
Қылауына қақ тұрып,
Қылыш қалды қынабынан суырылмай!
Тас жұтқандай тілсіз мынау төңірек,
Тұлғасы екен қай елдің?
…Қолбасыңыз,
ебіл-себіл еңіреп,
Етегіне құлай кетті әйелдің.
–Тізгін ұшы – көз іліп,
Тер сасыған тарланбоздың сулығы-ай,
«Қара қазан, сары баладан» безініп,
Қу дала неғып жүрміз, қу құдай!
Осы ма екен атақ… құт…
Осы ма екен шад, қызық?
Не таптық,
Көген басты көк семсерге жатқызып?!
Тоң – ішім,
Жұмсарсын деп үт іштік.
Қайран менің, қара қосқан қонысым,
Құшқан жардың құшағындай ып-ыстық!
Сақтап,
баптап мұраңды,
Күтеді ғой сарылып.
Қиналасың,
санай алмай күнәңді,
Ол тұрғанда қызғаныштан жарылып!
Сеп болмады-ау үшкір-дем…
Сары жебе сүйегіңе бата ма,
Ауын керіп, аттап өтсе ол үстіңнен,
Суырылып түседі екен, о, тоба!
Қабындырмай қара бұлтын жер-көктің,
Қане, батыр, түрегел!
Қа-быр-ға-сы е-мес қа-тын ер-кек-тің,
Жүрегі – Ол!
Көрнекің сол –
қоятұғын көрмеге,
Жақын түгіл, жау ынтық!
…Әйеліңе әкіреңдейсің сен неге,
Жүрегімді ауыртып…
ШИ ТАРТУ ӨНЕРІ
(факультеттік сабақ)
Сүмбіленің сәл қатқыл сырғағындай,
Сазды сурет көрдің бе Сырда мұндай.
Суылдайды сабаты шилеуіттің,
Сегіз қабат электр сымдарындай.
Адам солай,
құбылса қоғам қалай,
Телегей де теңесер тоғанға оңай.
Ақбоз үйді аптайтын асыл дүние,
Аяқ асты қалыпты,
обал-дағы – ай!
Қолтығына «Төрткүлдің» ене беріп,
Өнген екен маңайды тегене ғып.
Ши тартқаным есімде осы арада,
Бала кезде, әжеме ере келіп.
Қабағыңда қара аспан қораланып,
Баһадүрдей бұтыңа тола қалып,
Солқылдатып серписің жарықтықты,
Масағынан беліңе орап алып.
Інім,
әккі тәсілмен танысып ал,
Беліңе орап тартудың мәнісі бар,
Қырқып-жұлқып, тамырын қидаласаң,
Сөлі қашып бойынан, сағы сынар.
Қолы ісекер қазақтың бұл да өнері,
Құлағыңа тосын бір үн келеді: –
Сайда қалған батырдың сүйегінен,
Суырғандай сыздатып сұр жебені.
Жел үрмесе, үйіңде үт тұрады.
Керегеңді тұтқан ши құтты ма әлі?
Қорамсақтан қылтиған сәйгездердей,
Көлденеңнің көздерін ықтырады.
Жүйрік мініп, кешсе де көп қызықты,
Жарты өмірін жорықта өткізіпті.
Шаһиттерін шет бермей шерлі бабам,
Шаңыраққа шиге орап жеткізіпті.
Қимайтындай не таптық күндегі ізден,
Киелі өнер өше ме бірге бізбен?
Інім,
«шиден тысқары» тұралықшы,
Ши жүгіртіп ойнамай іргемізден.
Беймәлімге байланған ғұмыры ерен,
Бұны да бір қазақтың мұңы дер ем…
Аза бойын қаза ғып қара жердің,
Шилеуіт сай сыңсиды түніменен…

ШАҚЫРУ
Әрпі,
дәрпі орасан,
Күнде көрем «Қазақстан», «Хабардан».
Дархан достың балконынан қарасам,
Уысыма толғандайсың, Ақ Ордам!
Жыл құрғатпай жолдауларды заулатып,
Зығырымды қайнаттың-ау, әй, тегі.
Алақанда әрлі-берлі аунатып,
Салмағыңды өлшеп көрсем қайтеді?
«Кеңістікте кеңес құрып келелі,
Кеудеңізге көрікті ойды түнетем».
Терезеден айқайлағым келеді,
Мені көріп тұрсың ба, деп, Нұрекем?
Өмір сүрсек жаңаша,
Басымызға қонбас па еді дара бақ.
Оққағарсыз,
Оқшау топсыз,
Оңаша –
Қайтайықшы Қазақстанды аралап.
Билік қуған бала-шағаң деген не?…
Құр әншейін аяғыңа оралғы.
Барайықшы Бақанасқа, Кегенге,
Көрейікші Өскеменді, Оралды.
Көбейе ме – қозы-құлын, боталап,
Ерке алашты екі мәрте ексек те?
Жылайықшы жер бауырлап жата қап,
Құлайықшы көк шөпке.
Алматыда шыға салып саунадан,
Ақмешітте сәл тыныстап алсақ бір…
Шығыны көп,
шығымы жоқ шаруадан,
Қазақстан, әрине, аздап шаршап тұр!
Құлқынымыз жемқорлыққа байланды…
Күнәмізді жинап жүрміз етектеп…
«…Қыл суырған…» қағынғырлар қайда әлгі?…
Сотқа апарам деп едіңіз жетектеп!
Елбасым-ай!
Біткен менің бағыма!
…Алашыңның ауқатына алаң боп,
Шымқалада ширықтыңыз тағы да,
Шенділердің «басын жұлып алам!» деп.
Жаңаөзенде,
найза ұшында ұшынып,
Халқың жатыр «ханталапай» қарсаңда.
Абылайдай…
атыңыздан түсіріп,
Жұртыңызға жаяу алып барсам ба?
Ата-Дала, Ана-Тау,
Неге бізге назаланып, тұр кейіп?
Астанада –
«аузы-мұрны жоқ отау»…
Жарып алып жүрмейік!
Айналаңның бәрі-туыс!
Бөтен жоқ!
Бұл қазақты жаратты Алла кең қылып!
Ең болмаса,
«елім тыныш екен» деп,
Қайтасыз ғой өзіңізді сендіріп…
…Шығайықшы сыртқа, аға…
ШІРКЕУ *
(пунктир)
Ей, ғайыптың мірі атқыр,
Қоңыраулар күңгіріне құлақ түр.
Шырайына шіркеу түсіп абайсыз,
Шіркеулерде –
иконалар жылап тұр!
Бояу емес қадымғы,
Резус-фактор:
адам қаны кәдімгі,
Ақылыңнан адастырып әп сәтте,
Жуып-шайған жадыңды.
Ауа неткен тымырсық.
Кірпігімнен төгіледі түн ыршып.
Кезек-кезек зорлап кеткен арудай,
Ежелгі,
ерке Русь жатыр ыңырсып.
Ұқсас үні,
мінезі,
Тұстас тіпті қалалары,
кінәзі.
Бүтін алған бөтекесін бауырдың
…Кім өзі?
Владимир…
Володимир…
Қарашы,
Тұрмас па еді тел қозыдай жарасып?
Дүрбі салып,
дрон шалып сөйлескен,
Неге қашық екі әріптің арасы?
Ағайынға арам жерді басқызып,
Қор қылдың-ау,
абыройын ашқызып –
Арғы беттің ала тулы арсызы,
Бергі беттің қара тулы қассызы!
Арамызда адалдық бар ғасырлық,
Адалдықтың дәргейіне бас ұрдық!
Жаманатқа қалай қиям сені мен,
«Алтын Ордам» ізіндегі асыл жұрт.
Кімге керек керіп-созған құр кеуде?
Қам бола ма ол қылмысыңды бүркеуге!
…Сабыр тілеп ұлдарына Исаның,
Құран оқып отырамын…
Шіркеуде!
(Шіркеу* – көңілге түскен дақ, кірбің).
АРЫС
(психологиялық-параллельдік памфлет)
Ақтөбе облысы Ойыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Оңтүстіктің тумасы Нұрлыбек Әбдікәрімов «Жапония жансызы» деген жаламен 1937 жылы атылды.
Мен туған – 1956 жылы толық ақталды.
Әкім бауырым Нұрлыбек 1976 жылы дүниеге келді.
«Жапандағы жалғыз үй» романы атақты жазушы Сәкен Жүнісовтің тарихи туындысы.
Бұл шығарма әкім Нұрлыбек пен ақын Әбдікәрімовтің жазықсыз жазаланған туған-туыстарына арналады.
Заман еді ол –
жау көретін жақынды,
Арыз жазып, алатынсың ақыңды.
Ақтөбенің түрмесінде
«Үштіктің»
Үкімімен: …
Әбдікәрімов атылды!
Хатшылықпен шықса-дағы жақсы аты,
Қонышына жасырыпты көк сапы.
Жапондардың жансызы екен,
Ойылды
Осакаға қосу бопты мақсаты.
Сёгундардың салт-санасын сақтапты…
«Шығыстағы шыңымыз!» деп оттапты…
Самурайдай сертшіл екен сұмырай…
Сырт жақтағы сыбайласын сатпапты…
Сайтан алғыр, сойы – бөтен, ойы – жым,
Ойы-жымды отқа қақтап, жой ізін!
Жарым түнде жиналыпты жорыққа,
Жоймақ болып «Транс-Сібір» пойызын.
Бетперде ғып бәлшебектік мансапты,
Бабасының бағзы күнін аңсапты.
Жапондардың жансызы емей, немене,
«Жаңғыртайық жапанды!»
деп шаршапты.
Бұл қазақтың төресі мен төбесі,
Жалғыз сөзге шатылады неге осы?!
(Кештеу туып аман қапты ажалдан,
«Жапандағы жалғыз үйдің» егесі.)
– Әбдікәрімов!
Қылмысыңды мойында!
Оңтүстіктен не үшін келдің Ойылға?…
Жертезек боп жатыр дейді жайсаңдар,
Қобда – Қиыл, Жем – Сағыздың бойында.
Жендеттер-ай!…
Жексұрын бір іс қылды,
Жемтік көрген аждаһадай ысқырды.
Өкпесінен өкшесімен тепкілеп,
Өтін жарып,
өңешінен құстырды!
Көкірегін тесіп-жарып кек сұғы,
Былапыттың бес жүз түрін естіді.
Адам болып туғанына…
қарғанып,
Табанда өліп кетпегенге…
өксіді.
Тас қабырға.
Қарақошқыл қан басқан.
Қас-қағымда алуан сұмдық алмасқан.
«Муссолини фашизмі»…
Осылай –
Ақтөбенің түрмесінде жалғасқан!
…Сұқсыр тарих суық жүзін бұрғанда,
Мен,
өзім де, айналыппын құрбанға.
Алдына сап айдап кетті Айғақтар,
Қанатымен қар сапырған жылдарға.
«…Әбдікәрімов, қылмысыңды мойында!
Маусым айы неге келдің Ойылға?
«Құныкерім қайдасың?!» деп қалшылдап,
Қағыныпсың мілитсаның тойында».
Есіңде ме қан иісіне кайф кезің?
Өңменімнен өтіп кетті тәйт – сөзің.
Мойындайын… мойындайын…
Ал сонда:
Нені?…
Қалай?… мойындайын айтшы өзің!
Намысың жоқ,
шабысың көп,
нәтің – боқ,
Көкейіңді керейінші жақын кеп.
Фамилиямды…
фәни мәңгі ұмытпас,
Екінші рет өлтіруге хақың жоқ!
Айтар болсам, арманымды ақтарып,
Қыдыр қонып, бақ дарып,
Алды-артымда Нұрлыбектей бауыр бар,
Ақ құрсақтан туғандармыз ақталып!
Көштің жолын күнікейге бұрармыз!
Жекен-жұрттың жел бетінде тұрармыз!
Аман жүрсек,
атың-затыңды арқалап,
Біраз жерге апаратын шығармыз!…
…Риза бол, Әбдікәрімов Нұрлыбек…
БАҚ БЕРГЕН
(аға портреті)
Түстегендей тәңірдің сүгіретін,
Сен емес пе ең –
сыйынған құдыретім?
Мен емес пе ем,
сүлгі іліп иығыма,
Құман ұстап,
қолыңа жүгіретін.
Қаршадайдан ес тұтып өстім сені,
Қалмасын деп жалаңаш көштің соңы.
Жарылмайтын жартастай, жан-ағам-ай,
Жусын, мейлі, заманның жосқын селі.
Қарпып-тартып тағдырдың бұйырмасын,
Қайратыңды жұмсадың қиынға.
Шын.
Жараланып жүрдің-ау жиі-жиі,
Тұлғаң –
тұтас жүректен құйылғасын!
Сүрлеу жолда қанатың қақтыратын,
Сексен асып, сүрініп кетті ме атың?
Мінезі жоқ қоғамның міні сондай,
Мықтыны мұқатқысы кеп тұратын.
Қара ормандай құның бар киелі елге,
Қарағайдай інің бар сүйенерге…
Балға салып сақтайтын басыңды, Аға,
Бәз ғасырдың алдында ие көрме!
ҒАЗАЛ
Өткенді ойлап,
Кеткенді ойлап күрсіндім,
Қайтар едім сол күндерге,
қайт десе.
Адам болдым арқасында Тұрсынның,
Ақын болып кетер едім әйтпесе!
Алдарқатып басы бүтін бұзықты:
«Тағдырым ғой, –
талантыңа теңелсем,
Көлеңкеңде көрем дейді қызықты,
Ойланбай-ақ өлем дейді
сен өлсең!»
Оңашада қалам кейде
күйреп мен,
Айналғандай тілсіз,
мұңсыз тұнжырға.
Ақындарды ауыздықсыз
үйреткен,
Мұндай қатын тумайды енді
мың жылда!
Сұхбан Алла, келді дейді уақытың,
Зуылдай бер,
жолға түсіп жап-жаңа!
Маужырамай…
мың жыл күткен
уақытын,
Өзің де осал емессің-ау,
Шаһзада!
ДАРИЯ
Серік Байхоновқа
Алтын басың дауға қалып,
Ағайынның арасында,
Ай астында аунап ағып,
Аралға ұзап барасың ба?
Қилы-қилы заман кешкен,
Кең даламның тақыр-шөлі.
Қанаттас ел жағаңда өскен,
Қақтап сауып жатыр сені.
Сіңіріңнен созыла алмай,
Сары уайым-зарды тыңдап,
Жамыраған қозылардай,
Жармаларың қалды құрғап.
Құлын даусы жеткен маған,
«Көкаралға» қона бара…
Сал үстінде кеткен балаң,
Саған қайта орала ма?
Кірпігімнен төгілесің,
Қауметің жоқ бұрқап аққан.
Анашымдай көрінесің,
Аштан өлген қылтамақтан.
Сусамыр боп өскесін бе,
Қаталаймын қаным тұтып,
«Менделеев кестесінде»,
Кездескеннің бәрін жұтып.
Аш өзекке от құлайды,
Ақырет те жақын әрі…
Ауызымнан атқылайды,
Азияның запыраны!
Әкімияттың тұғырынан*
Көзді алдайды қайым шағың:
Жардай атан жұмырынан
Жұқпай өткен жайын
шаһым.
Күйреген соң нар қамысы,
Ырылдайды ыңыранып,
Сырдың соңғы жолбарысы
Көкірегіме кіріп алып.
Мен де отырмын ыңыранып,
Өшкен үміт. Өлі маңай…
Қусам ба екен құрық алып,
«Көксарайды» бері қарай…
Алтын басың дауға қалып,
Ағайынның арасында,
Ай астында аунап ағып,
Аңызға…
ұзап барасың ба?
* Балыққа орнатылған обелиск.
АУЛАДАҒЫ ГҮЛДЕР
Ауладағы гүлдер бүгін көңілсіз…
Аяқасты жеткені ме қоңыр күз?
Жаһаннамның жақын алған деміндей,
Жапырағын жалап өткен жеңіл сыз.
«Байтал түгіл, бас қайғы»,
Ғұмыры енді екі аптадан аспайды.
«ЖКХ»-ыңыз орнын сыптай сыпырып,
Сыртқа апарып өртейді де тастайды!
Уысыңа ілінбей,
Уақыт шіркін өтіп жатыр білінбей.
Бозарады Сарыарқаның аспаны,
Крематорий күліндей.
Келер қыстың кәрі бұл,
Кейін кебін киінеді сары қыр.
Гүл өсті ме,
үні өшті ме бұл маңда,
Тірлік қуған тұрғындарға бәрібір.
Ауладағы гүлдер бүгін неге үнсіз?…
Жүрегімді жалап өтті жеңіл сыз.
Алмағайып ашуына мінетін,
Астананың ауа-райы сенімсіз.
Оңашада оғаш ойлар тергейді,
Жазмыш солай!
Көнбе мейлі, көн мейлі:
Өлу үшін келеді адам өмірге,
Бірақ оған…
ЖАН БАЛАСЫ СЕНБЕЙДІ!
…Неге сенсін…
«сенбейді» деп даулама,
Ақиқаттың ауанынан аунама.
Келесі жыл,
жапырағы түп-түгел,
Осы гүлдер тұрады өсіп аулада!
КОРОНАВИРУС
Өмірден түңілдіріп,
Көшеге терезеден үңілдіріп,
Сыйғызып қауызына жібергені-ай,
Кигізіп ауызыма тұмылдырық.
Аяжан хал сұраса машық тілмен,
«Жақсы…» деп күбірлеймін жасық түрмен.
Мен де бір диссидентпін!
Сауға сұрап,
Шетелдік елшілікке қашып кірген.
Сайтан ой ісіндіріп ішкі үрейді,
Кеудеңнен шыбын жаның ұшты дейді…
Жасымнан ит пен ине… жауым еді,
Жонымнан, ой, армансыз піскілейді.
Біресе, есім құрып…
есім кіріп,
Төсекте тулаймын кеп төсімді ұрып.
«Мың бір түн» мекеніне ап қашардай,
Тәжтажал тыржалаңаш шешіндіріп.
Қолатқа күн құлады,
таяды іңір,
Нәубеттің немен бітер аяғы бұл?
Тұрқың мен күлкің кетіп, мүлкің қалар,
Нейтрон бомбасы ма баяғы бір?
Ұмтылса, «ұйықтайық!» деп бойдағы асқын,
Ұстатпай қырға қаштым, ойға қаштым.
Осыдан…
осы арадан аман шықсам,
Ажалмен ашынамдай ойнамаспын!