Ел әлеуетін арттырып, келешегін келісті, бүгінін бүтін етіп, халықтың тұрмысы мен өмір сүру сапасын жетілдіру мақсатында еңбек етуге ант берген депутаттардың басын біріктірген Құрылтайдың алғашқы пленарлық отырысы өтті.

Бұл басқосудың өзінде  біршама өзекті деген мәселелер көтерілді. Әрине, уәде берген Құрылтай депутат­тарына қойылатын талап пен отырыс барысында сақталуы тиіс тәртіп те сөз болып, арнайы регламент бекітілді.

Жаңа ережеге сәйкес депутаттарға жұмыс барысында жеке мәселені алға тартып, немесе жұмысқа қатысы жоқ әңгімелерді айтуға тыйым салынды. Мәжілістегідей мінберден туыстарын құттықтауға да мүмкіндік жоқ. Тек Құрылтай отырысында ғана емес, депутат ретінде кез келген жиын мен басқосуларда аталған талаптарды орындау міндеттелді.

Депутат Снежана Имашева:

–  Бұрын Мәжілістің регламен­тінде  ондай шектеу болмаған. Ал Құрыл­тайда регламентпен бекітіліп отыр.Жеке басқа қатысты ештеңе айтуға болмайды, тек өз өкілеттілігі аясын­да сөйлеуге рұқсат бар. Құрыл­­тай отырыстарында ғана емес, оның жұмыс консултьтативтік орган­да­рының жиналыстары кезін­де де депутаттық өкілеттілік­терге қатысы жоқ мәселелерді қозғауға бол­майды.

Айта кетейік, егер депутаттар тара­пынан тәртіпке бас имесе, оларға ес­керту беріліп, кешірім сұрауға міндетте­леді.

Одан бөлек, Құрылтайдың бір оты­рысында сөз сөйлеуге, сондай-ақ үш отыры­сында сөз сөйлеуге де тыйым салу, депу­татты Құрылтайдың бір немесе екі отырысынан шығарып жіберу немесе бір күндік жалақыдан айыру жазасы орын алады. Мысалы, өзге де депутат­тардың ар-намысына тиетін бейәдеп сөздер айтса, сөз барысында жалған ақпарат таратса яғни тәртіп бұзса, жазалау әрекетіндегі іс әрекеттер жүзе­ге асады. Олардың  сөз және іс-әрекет әдебін ұстануларын немесе тәртіп бұзу әрекеттерін депутаттық этика жөніндегі кеңес қарайды. Әйткенмен, соңғы шешімді Құрылтай сессиясы қабылдайды.

Құрылтай мінберінің негізгі мақсаты ел үшін маңызды мәселелерді көтеру және халықтың мүддесін қорғау болып табылады. Сондықтан халық қалаулы­лары басты бағыт пен негізгі міндетті қаперге алуы тиіс.

Егер де Құрылтай депутаттары әдепті болса, олардың жалақыла­рынан шегеру жағдайлары орын алмайды. Ал депутаттық корпусқа тиесілі жалақы мөлшері көпшілікті қызықтырмай қоймасы анық. Бұл сауалға Құрылтай төрағасы орынба­сарларының бірі жауап берді.

– «Қазір депутаттардың жала­қысы 600 мың мен 1 миллион теңгенің айналасында. Депутаттың еңбек өтілі көп болса, жалақысы 1 мил­лион­ға дейін барады», – деді Дания Еспаева.

Қызылорданың қалаулылары қалай?

Қызылордалықтардың үкіле­ген үміттерін арқалап, жұртшылыққа уәде беріп сыр елінен аттанған халық қалаулыры Құрылтайдың алғашқы пленарлық отыры­сында  белсенділік танытып үлгерді. Бірі өзінің абыройлы болуын тілесе, енді бірі ауыл балаларының қосымша білімін алға тартты. Келесісі халық сенімін іспен дәлелдеу керек­тігін жеткізсе, тағы бір депу­тат арнайы жұмыс топтың жетек­шісі болып сайланғанын тілге тиек етті. Бұл туралы депутаттар әлеуметтік желі­дегі парақшаларында жариялады.

Құрылтай депутаты Серік Қожаниязов:

– Елдің экономикасын әртараптан­дыру, шикізат ресурстарын сыртқа тасы­малдауға деген тәуелділікті төмендетудің басым бағыттарының бірі – мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамыту.

Сондықтан Құрылтайда «Мұнай-газ химиясы өндірісі туралы» заң жобасын әзірлеу жөніндегі арнайы жұмыс тобының жетекшісі болдым.Аталған комитет ел экономикасының негізгі бағыттары: жер қойнауын пайдалану, мұнай және газ, энергетика, атом энергетикасы, өндіріс, инвестиция, сауда, экономикалық интеграция және бәсекелестікті қорғау салаларын қамтиды.

Сонымен қатар мұнай қоры сарқылып келе жатқан өңірлердің экономикасының тежелуіне жол бермеу  шараларын әзірлеп іске асыру қажет. Осы бағытта «Экономикалық саясат, өндіріс және энергетика» комитетінің кезекті көшпелі отырысын менің ұсынысыммен 2027 жылы ақпан айында «Мұнай қорын және мұнайдың шығымдылығын ұлғайтудың жаңа тетіктерін пайдалану» тақырыбында Қызылорда облысында өткізу жоспарланды.

Құрылтай депутаты Мағжан Ералиев:

– Бүгін Құрылтайда маңызды жұмыс күні өтті.Спикер Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың төрағалығымен өткен отырыста Құрылтайдың жаңа Регламенті қабылданды.Жаңа Регламент еліміздің Конституциясына сәйкес Құрылтай жұмысының негізгі тәртібін айқындап, депутаттардың қызметі мен заң шығару үдерісін жүйелейді.

Бұл – жаңарған Құрылтайдың алдағы жұмысын нақты тәртіпке түсіретін маңызды құжат. Ендігі міндет – қабылданған тәртіп аясында елдің өзекті мәселелерін көтеріп, халық сенімін нақты іспен ақтау.

Құрылтай депутаты Ирина Тен:

– Құрылтай жұмысының жаңа тәртібі қандай болады?

Жаңа Регламент жобасында бір палаталы Құрылтайдың жұмыс істеу тәртібі нақты айқындалған.

Ең басты өзгерістердің бірі: енді заң жобалары үш оқылымда қабылданады.

Бірінші оқылымда заң жобасының негізгі мақсаты мен мазмұны талқыланады.

Екінші оқылымда депутаттар ұсынған нақты түзетулер қаралады.

Ал үшінші оқылымда заң жобасының соңғы нұсқасы қаралып, оның Конституцияға сәйкестігі тексеріледі.

Сонымен қатар шешім қабылдауға қажетті дауыс саны, халықаралық шарттарды қарау тәртібі және депутаттық әдеп мәселелері де нақты белгіленген. Яғни, жаңа Регламенттің негізгі мақсаты – Құрылтай жұмысын жүйелі, түсінікті әрі жауапты ету.

Абырой берсін!

Құрылтай депутаты Нұркен Бақытбекұлы:

– Бүгін спикер Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың төрағалығымен Құрылтай отырысы өтті.

Күн тәртібінде Қазақстан Республикасы Құрылтайының Регламенті қаралып, қабылданды.

Аталған Регламент Қазақстан Республикасының жаңа Консти­туциясының нормаларына және «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес әзірленді. Құжат Құрылтай депутат­тарының қызметін реттейді.

Ауыл мен қала баласы тең болсын!..

Қала мен ауыл балаларының түрлі салада қосымша білімдерін жетілдіріп, бойдағы талантарын аша түсіп, әрі карай дамытуға мүмкіндіктер теңдей емес екені айқын. Бұл бұрыннан өзекті тақырып. Құрылтай отырысында “Ауыл” партиясынан сайланған депутат Шахмардан Байманов үкіметке алғашқы сауалын жолдап, ұсынысын алға тартты.

 Мәселен, өнердің сан түрі мен спорттың бірнеше бағытын толықтай игеру арқылы, заманға сәйкес робототехниканы меңгеріп, IT саласының қыры мен сырын тереңірек үйрене алса, бала бойындағы қабілеттің ашылуы мен келешегіне керек әрекет болмақ.

Айталық, еліміз бойынша 4,1 миллионнан астам оқушы болса, оның барлығы дерлік қосымша үйірмелер арқылы қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік алып жатқан жоқ. Себебі қалада бар мүмкіндіктің көбі шағын және шалғай аудандарда қарастырылмаған. “Ауылдық” Ш.Байманов байқаған бұл тақырып расында қоғамда өзекті. Қала мен ауылда оқушыларға тиесілі мүмкіндік тең болуы тиіс, себебі заманның мүмкіндігі де бар.

Құрылтай депутаты Шахмардан Байманов:

– Бүгін Құрылтай отырысында «Ауыл» партиясы фракциясы атынан алғашқы депутаттық сауалдардың бірін ауыл балаларының қосымша білімге қолжетімділігіне арнадық.

Бұл мәселені сайлау науқаны кезінде өңірлердегі кездесулерде ата-аналар да көтерген болатын.Бүгінде мемлекет балаларды қосымша біліммен қамту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Дегенмен ауыл мен қала балаларының таңдау мүмкіндіктерінде әлі де айырмашылық бар.

Мәселе тек үйірменің бар-жоғында емес. Мәселе – таңдау мүмкіндігінде.

Сондықтан қолжетімділікті нақты бағалау, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылауды күшейту, «Бір ауыл – бірнеше мүмкіндік» қағидатын дамыту, мобильді үйірмелер мен ауылдағы мамандарды қолдау бойынша ұсыныстар енгіздік.

Ауыл баласының таланты ауылда қалып қоймауы керек.

Оқу-ағарту министрлігінің жауабын алғаннан кейін көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың іске асырылуын назарда ұстаймыз.

Қала мен ауыл баласына мүмкіндік тең болуы тиіс.

Оқушылар дұрыс амандасады ма?

Құрылтай құрамымен өткізілген жиында балалар мүмкіндігінен тыс,  амандасу әдебін меңгерту қажеттігі де сөз болды. Мектеп оқушыларының қоғамдық орында орынды амандасуды әдетке айналдыру бір реттік акция немесе тәрбие сағаты арқылы ғана дәріптелмеуі керек. Мектепте амандасу әдебін еңгізу қажеттегін ұсыныс етіп  депутат Ерлан Сайыров атап өтті.

Құрылтай депутаты Ерлан Сайыров:

– Қазақ қоғамында да амандасудың өзіндік қалып­тасқан жүйесі болған. Бұл дәстүрлердің астарында үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу, ағайын арасындағы байланысты сақтау сияқты құндылықтар жатыр. Қазақ сәлемдесуінің басты ерекшелігі ұстамдылық. Сәлемдесу – сол мәдени кодтың ең қарапайым, бірақ ең терең белгілерінің бірі. Ал мәдени код үлкен ұрандардан емес, күнделікті әдеттен басталады.

Сонымен қатар ол өз ұсынысында амандасу әдебі бойынша нақты әдістемелік ұсыныстарды дайындауды, мектептерде амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысының тұрақты элементі ретінде енгізуді, сынып сағаттары, мектеп ережелері, тәлімгерлік, ата-анамен және педагогтермен жұмыс,мектепте күнделікті амандасу әдебін орнықтыруды және мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру жүйелерімен бірлесіп, ұлттық әдеп нормаларын заманауи тәрбие жұмысының мазмұнына енгізу қажеттігін атап өтті.

Халық үніне құлақ асатын мемлекет

Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайдың төрағалығымен  өткен отырыста І шақыры­лымдағы Құрылтай депутаттарының халық­пен тікелей байланыс орнату мақсатында қоғамдық қабылдау жұмыстары жүргізілетіні мәлім болды.

Қоғамдық қабылдаудың кестесі, тәртібі және оны ұйымдастыру жұмыстары, негізгі қадилары дайын.  Айта кету керек, кәсіби тәжірилері ескеріліп, қоғамдық қабылдаудың жұмысын жүргізу Құрылтай депутаттары Константин Авершинге, Айжан Аймағановаға және Шолпан Кариноваға тапсырылды. Бұл туралы вице-спикер мәлімдеді.

Құрылтай Төрағасының орынбасары, депутат Динара Закиева:

– Құрылтайдың Қоғамдық қабылдауы­ның ашылуы Мемлекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру жөніндегі бастамасын іске асыру жолындағы маңызды қадам екенін атап өткім келеді. Бұл азаматтармен тікелей қарым-қатынас орнатуға, олардың өтініш­тері мен ұсыныстарын зер салып қарауға, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттің тиімді өзара байланыс жасауына арналған алаң болмақ.

Азаматтар өздерін толғандырған  сауал­дар мен ұсыныстар легін енді қоғамдық қабылдау арқылы Құрылтай депутаттарына тікелей жеткізіп, тиесілі жауаптарын ала алады.

Халық қалаулыларымен кездесуді Құрыл­тайдың ресми сайты арқылы элек­трондық өтініш жолдау, жазбаша немесе қолма-қол өтініш беру, сондай-ақ Қоғамдық қабылдауға тікелей ауызша жүгіну арқылы жоспарлауға болады.

Әлемжелі әдебі сақталады ма?

Әлеуметтік желіде өзін блогер ретінде таныстыратын тіркелушілердің түрлі контент жариялымдарына әрқилы тақырыптар арқау болуда. Олар қандай мағынада видеоролик түсіріп, желіге жарияласа да түпкі мақсаттары көрсеткіштерін көтеріп, қомақты қаржыға ие болуда ғана. Ал, әлеуметтік желінің әдебі сақталмаса үйдегі біржақты тәрбиенің маңызы шамалы. Баяғы көгілдір экраннан жақсы дүниелер көрсету керек делінген қағиданың да заманы кетті… Себебі, көк жәшіктің кішісі қазір әр үлкен мен кішінің қолында. Ал сол ұялы байланыс көрсетіліп және айтылып жатқан керекті, әрі керексіз ақпараттарға толы.

Құрылтайдың алғашқы пленар­лық отырысында осы тақырып көтерілді.Депутат Жарқынбек Амантайұлы бүгінде әлеуметтік желідегі тікелей эфирде адамды қорлау, балағат сөз айту, ар- намысына тиіп, қауіпті пранктер ұйымдастыру жиілеп бара жатқанын айтты.

Депутат Жарқынбек Амантайұлы:

– Стримерлердің кейбірі мұны әдейі жасайды. Себебі дөрекі әрі арандатушы контент көп қаралым жинайды. Ал қаралым лайк пен донатқа, кейде жарнамадан түсетін табысқа ұласады. Сөйтіп, заңға қайшы әрекет кей жағдайда ақша табудың құралына айналып отыр. Кейбір стримерлер көрермен жинау үшін әдейі жанжал ұйымдастырады. Адамды мазақ етеді, қорлайды. Тіпті, тікелей эфирлерде айтуға ауыз бармас анайы әрекеттерге баруы да жиілей түскен.

Тәрбие мен тәртіптің түпкі көзі тек үйдегі “болмайды, болады” деген қатаң сөзбен ғана емес, қолдағы смартфонның жетегіне де тікелей байланысты. Онда айтылар сөз де, көрсетілер бейне де арнайы талап негізінде жарияланса, ұят пен ардан аттамаса, әдепсіз әрекеттерге бой алдырмаса деген көпшілікті толғандырған көп мәселенің бірі де осы еді. Халық қалаулысы “треш-стриминг” ұғымын заңнамалық тұрғыдан нақты айқындап, зорлық-зомбылықты, қауіпті пранктерді, қорлау мен әдейі арандатушы әрекеттерді тікелей эфирде насихаттағаны үшін жауапкершілікті күшейту қажеттігін, “TikTok”, “YouTube” және басқа да платформалармен бірлесіп, талапқа сай емес тікелей эфирлерді жедел анықтау, бұғаттау, эфирге шығу арқылы ар-намысқа, қадір-қасиетке нұқсан келтірмеуге, тікелей эфирлер мен әлеуметтік желілердегі заңдылықтан тыс қоғамға ашық ақпарат берушілерді тиісті жазасын алу қажеттігін жеткізді.

Әрине, Құрылтай депутаттарының алға тартқан мәселелерінің мәні мен мағынасы әрі маңыздылығы қуантады. Ал нәтижесі уақыт еншісінде…

Депутаттар – комитет мүшесі

Құрылтайдың алғашқы сессиясында Мағжан Ералиев  Аграрлық мәселе­лер, экология және табиғи ресурстар комитетінің мүшесі болып сайланды. Депутаттыққа дейін ол агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және ауылдағы шаруашылықтың алға жылжуы үшін берілетін жеңілдіктер мен несиелердің тиімділі турасында сөз қозғап, сайлауалды сұхбатында атап өткен болатын.

Сонымен бірге депутат Серік Қожаниязов Экономикалық саясат комитетінің құрамына кірді. Оның тәжірибесі ескеріліп, аталған комитеттің мүшесі атанды. Өйткені ол  мемлекеттік басқару ісінен бөлек, экономика, ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және өңірлік даму бағыты бойынша  жұмыс істеді.

Ал, Шахмардан Байманов Құрылтайда Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болып бекітілді. Оның  мемлекеттік басқарудағы көп жылдық тәжірибесі, жастар саясаты және облыстық деңгейдегі басқару қызметтері ықпал болды.

Нұркен Бақытбекұлы Конституциялық заңнама сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне кірді.

А.Әлиарыстан

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған