Қазіргі қоғамда бала тәрбиесі – тек отбасының емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі азамат, отбасының тірегі, елдің болашағы. Ал елдің болашағы тек білімді ұрпақпен емес, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, қоғам алдындағы міндетін сезінетін, азаматтық санасы қалыптасқан тұлғалармен өлшенеді.
Сондықтан бала бойына жауапкершілік, құрмет, адалдық, еңбекқорлық сияқты құндылықтарды сіңіру – отбасы тәрбиесінің маңызды міндеті. Отбасында қалыптасқан бұл құндылықтар баланың қоғамға деген көзқарасына, өз әрекетінің салдарын түсінуіне және ел алдындағы азаматтық ұстанымының қалыптасуына негіз болады.

Осы тұрғыдан алғанда, ата-ана мәдениетін қалыптастыру, бала мен ата-ана арасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайту, саналы әрі жауапты ұрпақ тәрбиелеу арқылы қоғамда азаматтық жауапкершілік пен азаматтық сананы қалыптастыру – «Сенімен Болашақ» РҚБ-нің маңызды бағыттарының бірі. Осы миссиямен сабақтасып, Бірлестікте «Жүсіпбек айлығы» ұйымдастырылуда. Бұл – белгілі қайраткер, ағартушы-ғалым сарапшы, жазушы, тәржімашы, музыкант, психолог Жүсіпбек Аймауытовтың мол мұрасын қайта жаңғыртып, оның тәрбиелік және психологиялық ойларын бүгінгі қоғамға қайта ұсынуға бағытталған маңызды бастама.
Жүсіпбек Аймауытов – қазақ қоғамында бала тәрбиесі мен адам психологиясына ғылыми әрі ұлттық тұрғыдан терең қараған тұлғалардың бірі. Оның «Психология» және «Тәрбиеге жетекші» еңбектері – өз кезеңі үшін ғана емес, бүгінгі ата-ана, педагог, психолог үшін де маңызын жоғалтпаған құнды мұра.

Осы еңбектердің қайта басылып, оқырманға ұсынылуы – өткеннің мұрасын жаңғырту ғана емес, оны қазіргі тәрбие үдерісіне қайта енгізудің нақты қадамы.
«Психология» еңбегінде адамның жан дүниесі, сезімі, ойлауы, мінез-құлқы секілді психологиялық үдерістер кеңінен қарастырылады. Ал «Тәрбиеге жетекші» еңбегінде бала тәрбиесіне, мұғалімнің рөліне, тәрбиенің мақсаты мен әдістеріне қатысты құнды ойлар айтылады.
Бұл еңбектердің бүгінгі күнмен үндесетін тұсы – баланы жай ғана басқару емес, оны түсіну; бұйрық беру емес, бағыттау; жазалау емес, тұлға ретінде қалыптастыру идеясында.
«Сенімен Болашақ» РҚБ үшін де саналы ата-ана дегеніміз – мінсіз ата-ана емес. Ол – өз баласының эмоциясын түсінуге тырысатын, оның пікірін тыңдайтын, тәрбиеде жауапкершілік танытатын және өз әрекетімен үлгі көрсете алатын ата-ана.

Жүсіпбек Аймауытовтың мұрасы осы ұстанымдардың тарихи тамырын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Себебі бала тәрбиесі туралы айтқанда, біз тек бүгінгі мәселелерді ғана емес, ұлт зиялылары қалыптастырған педагогикалық ойдың сабақтастығын да ескеруіміз қажет.
«Жүсіпбек айлығының» басты құндылығы да осында. Бұл – бір тұлғаның шығармашылығын еске алу үшін өткізілетін шара ғана емес. Бұл – «Біз бала тәрбиесінде қандай жолдамыз?», «Балаға қандай орта қалыптастырып жатырмыз?», «Бүгінгі ұрпаққа қандай құндылық береміз?» деген маңызды сұрақтарға ойлануға мүмкіндік беретін кезең.
Бірлестіктің отбасы құндылықтарын нығайту, ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынасты қалыптастыру, саналы ата-ана мәдениетін дамыту арқылы азаматтық жауапкершілігі мен азаматтық санасы жоғары ұрпақ тәрбиелеу миссиясы Жүсіпбек Аймауытовтың ағартушылық идеясымен табиғи үндеседі.
Өйткені саналы қоғам – саналы отбасынан, ал саналы отбасы – тәрбиенің мәнін түсінетін ата-анадан басталады.
Бүгін біз Жүсіпбектің еңбектерін қайта оқи отырып, өткенге ғана көз салмаймыз. Біз сол мұра арқылы бүгінгі балаға, бүгінгі ата-анаға және ертеңгі қоғамға жауап іздейміз.
«Психология» мен «Тәрбиеге жетекші» кітаптарының қайта басылып, оқырманға ұсынылуы – ұлттық педагогикалық және психологиялық мұраны қазіргі ұрпақпен қайта табыстырудың маңызды қадамы.
Жүсіпбек айтқан тәрбие тағылымы – уақыт өткен сайын ескіретін емес, керісінше, қоғам өзгерген сайын қайта зерделеуді қажет ететін құндылық.
Сондықтан «Жүсіпбек айлығы» – кітап оқу айлығы ғана емес, ойлану, түсіну және тәрбиенің мәніне қайта үңілу айлығы.
Ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесінде.
Ұрпақ тәрбиесі – әрқайсымыздың жауапкершілігімізде.
Сенімен Болашақ РҚБ
Қызылорда облыстық филиалы