Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №68 мекемесінде сотталған азаматтардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың бойындағы жағымды қасиеттерді қалыптастыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту және қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ету мақсатында тәрбиелік мәні зор спорттық және шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Аталған шара «Асыл мұра – Орда» қоғамдық қорының директоры Айтмамбетова Айжанмен бірлесе отырып, мекеменің тәрбие бөлімінің бастығы Батырбеков Азаттың ұйымдастыруымен өткізілді.
Іс-шараға оқшауланған аймақта қалдырылған сотталған азаматтар белсенді түрде қатысып, өздерінің спорттық шеберліктері мен шығармашылық қабілеттерін ортаға салды. Бағдарлама аясында гір тасын көтеру, мәнерлеп оқу және сурет салу бағыттары бойынша сайыстар өткізілді.
Спорттық сайыста қатысушылар күш пен төзімділіктерін сынап, ширақтық пен жігер танытса, шығармашылық бағыттарда өздерінің ой-өрісін, өнерге деген қызығушылығын және эстетикалық талғамын көрсете білді. Әсіресе, мәнерлеп оқу мен сурет салу арқылы қатысушылардың ішкі жан дүниесін шығармашылық тұрғыда жеткізуіне мүмкіндік берілді
Сайыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар анықталып, жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаздарға спорттық үлгідегі кроссовки, трико, қалпақ және туфли табысталды.
Сыйлықтарды мекеменің тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, әділет майоры М. Тұрымбетов табыстады.
Іс-шара соңында қатысушыларға белсенділіктері үшін алғыс айтылып, осындай тәрбиелік, спорттық және шығармашылық бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатыны атап өтілді.
Осындай игі бастамалар сотталған азаматтардың қоғамға қайта оралуына қажетті дағдыларын қалыптастырып, олардың тәртіпке, еңбекке, спортқа және шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді. Ең бастысы – әр адамның өз өмірін өзгертуге және жаңа бастама жасауға мүмкіндігі бар екенін көрсету.