Заң мен тәртіп қағидаты аясында Қызылорда облысының Полиция департаменті жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтті.

«Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері білім беру ұйымдарының маңындағы жол инфрақұрылымының жай-күйіне тексеру жүргізді. Тексеру барысында бағдаршамдар, жол белгілері мен жол таңбалары, жаяу жүргіншілер өткелдері және жасанды жол кедергілерінің талапқа сәйкестігі қаралды.

Нәтижесінде облыс орталығындағы бірқатар білім беру ұйымдарының маңында жол белгілерінің жеткіліксіздігі және жол таңбаларының өшіп, көрінбей қалғаны анықталды.

Қазіргі таңда облыста 999 білім беру ұйымы бар. Оның ішінде 320 мектеп, 28 колледж және 651 балабақша орналасқан. Олардың 962-сі көше-жол желісіне жақын орналасқан.

Қызылорда қаласындағы 96 мектептің маңында 102 жаяу жүргіншілер өткелі бар. Жаңа оқу жылы қарсаңында 61 мектептің айналасындағы жол белгілері мен жол таңбаларын, сондай-ақ жасанды жол кедергілерін қалпына келтіру мақсатында атқарушы органдарға 10 ұсыныс пен 45 нұсқама жолданды.

Сонымен қатар тәуліктің қараңғы уақытында жаяу жүргіншілер өткелдерінің көріну деңгейін арттыру үшін заманауи лазерлік және жарықдиодты құрылғылар орнату қажеттілігі анықталды.

Көлік ағынының артуына байланысты жекелеген учаскелердің өткізу қабілетін арттыру мақсатында қосымша бағдаршам қондырғыларын орнату қажеттілігі де белгіленді.

Анықталған кемшіліктерді жою бойынша Қызылорда қаласының әкімдігіне тиісті ұсыныстар жолданды.

Бұл бағыттағы жұмыстар облыстың барлық аудандарында жалғасуда.

Қызылорда облысының Полиция департаменті жүргізушілерді білім беру ұйымдары маңында белгіленген жылдамдық режимін қатаң сақтауға, жаяу жүргіншілер өткелдерінде балаларға жол беруге және жол қозғалысына барынша мұқият болуға шақырады.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған