2024 жылы Қызылорда қаласының тұрғынына «жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша есепте тұрғаны үшін мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер берілген.

Талап қоюшы жалғызбасты ана ретінде төрт кәмелетке толмаған баласымен бірге аталған тұрғын үйге қоныстанған. Алайда, берілген тұрғын үйдің нақты алаңы бес адамнан тұратын отбасы үшін Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңында белгіленген тұрғын үймен қамтамасыз ету нормаларына сәйкес келмейтіні анықталған.

Осыған байланысты, талап қоюшы уәкілетті органға белгіленген нормаларға басқа тұрғын үй беру туралы өтінішпен жүгінген, алайда оның өтініші қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшы Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына уәкілетті органдардың шешімдерін заңсыз деп тану туралы талап қоюмен жүгінген.

Сот талап қоюшыға және оның төрт кәмелетке толмаған баласына берілген тұрғын үйдің заңнамада белгіленген тұрғын үймен қамтамасыз ету нормаларына сәйкес келмейтінін анықтады.

Сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, уәкілетті органдардың талап қоюшыға қатысты шешімі мен қаулысының күші жойылды.

 Сонымен қатар, сот уәкілетті органдарды талап қоюшыны «жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша 2011 жылдан бастап тұрғын үйге мұқтаждар есебіне тұрғызу арқылы бұзылған құқығын қалпына келтіруге міндеттеді.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған