Өткенде, осыдан біршама күн бұрын Сырдария ауданында жүгері дақылын терең өңдеу зауытының іргетасы қаланды. Қуанып жатырмыз. Шынын айтқанда бұл зауытқа оңайлықпен қол жеткен жоқ. Айтуға оңай болғанымен жылдар бойғы зерделеу, инвесторлармен келіссөз жүргізу жұмыстарының жемісі.
Рәсімде сөйлеген облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының өз сөзімен айтар болсақ “Президентіміз айқындап берген экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттер аясында аймағымызда нақты істерді кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз.
Өткен жылы тамыз айында Жетісу өңіріне арнайы жұмыс сапарымен барып, еліміздегі ірі өндіріс орындарының бірі – «Жаркент крахмал-сірне зауытымен» жан-жақты таныстық. Келіссөздер нәтижесінде серіктестіктің қолдауымен облысымызда жүгері дақылын терең өңдейтін жаңа зауыт салу жөнінде маңызды келісімге қол жетті.
Бүгін аймағымыз, оның ішінде Сырдария ауданының тұрғындары үшін аса маңызды, тарихи сәттің куәсі болуға жиналдық. Жылына 150 мың тонна жүгері дақылын терең өңдейтін, 40 млрд.теңгенің жаңа өндіріс орнының іргетасы қалануда. Зауыт заманауи талаптарға сай жоғары сапалы технологиялармен жабдықталып, 550 адамдытұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді”.
Жаңа зауыт жаңалығы осындай.
Әкімнің сол рәсімде сөйлеген сөзіне қарағанда “биылдан бастап жүгері егісі 15 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып, өңіріміздің аграрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Терең өңдеуге бағытталған жүгері өндірісін қолға алған шаруаларға мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетіледі”.
Бүгінде қалбырдағы жүгерісіз салат жемейтін, жүгеріден даярланған поп корнсыз кино көрмейтін, жүгерінің шашағы да ем екен деп жүгерінің шипалы шайын ішіп жүрген көп жұртқа жүгері жақсы азық болып тұрғаны, оның нарықта өтімді екені белгілі. Тіпті оны тегінге де екпейсің, мемлекет қаржы береді. Жасыратын несі бар, су тапшылығына орай қысқарған күріш егісінің орнына суды көп қажет ете бермейтін, жерді бір саусағыңмен шұқып, сол шұқыған жеріңе дәнін салсаң, көп күтімді де қажет етпей-ақ қау ете қалатын жүгері көп судан көп үміт ете бермейтін біздер үшін тәуір дақыл болып тұр…

Ойлап отырсақ бұл зауыт сол дақыл егетін ауылды, аймақтың ауылшаруашылығын дамытады екен. Жүгері еккеннен бөлек, оны терең өңдеп, нарықта өткізетін ауылдағылардың да тұрмысы жақсаратыны сөзсіз. Жүгеріні терең өңдеу зауыты іске қосылғанда жеңіл өнеркәсіпті, оның ішінде тамақ өнеркәсібін дамытады. Сыр бойы өндірісшілерін қалыптастырады. Қызылорданың өндіріс ашуға деген тәбетін бұдан әрі аша түседі…
Соңғы жылдары Қызылордада жәймен-жәймен зауыттар ашылып келеді. Бұдан төрт жыл бұрын аймаққа әкім болып келген Нұрлыбек Машбекұлы жылдар бойы жыр болып келген шыны зауытын іске қосуды бірінші басымдық етіп қойды. Нәтижесінде көп ұзамай зауыт ашылып, өнім шығара бастады. Айта кетейік жылдық қуаттылығы 197,1 мың тонналық бұл зауыт – елдегі табақша шыны шығаратын бірден-бір инновациялық зауыт. Зауыт арзанға түскен жоқ. Оған 42 млрд. теңге шетел инвестициясы тартылғаны белгілі. Бір қызығы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия елдері біздің шыны табақшаларды пайдалануда. Мақтаныш.
Әкім бір мұнымен тоқтап қалмады. 2023-ші жылы Қытайға барған ресми іс-сапар нәтижесінде 2024-ші жылы жылына 5 млн. шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірілетін желі іске қосылды. Бұл жоба да арзан емес. Кемі 15 млн. доллар.
Жұмыс мұнымен де тоқтамайды. Осы зауыт айналасында айна, бөтелке, шыңдалған шыны шығады…
Дарияның сол жағалауынан жаңа қала салып жатқан қызылордалықтардың құрылыс қарқынына өзіміз де, өзгелер де аң-таң. Қалайша осыншама қысқа уақытта қаншама тұрғын үйлер, мәдениет, өнер, спорт және денсаулық нысандары салынды, салынып та жатыр. Осы құрылыстарға қажетті материалдарды жергілікті жерден қамтамасыз ету үшін асфальт, бетон, тағы басқа зауыттар ашылып жатыр. Былтыр тіпті құны 5 млрд. теңге тұратын “Қызылорда Саз-М” кірпіш зауытының ашылғаны бір Қызылорда ғана емес, бүкіл Қазақстанды қуантты. Жылына 90 млн. кірпіш шығаратын зауыт елдің біраз аймағын қамтамасыз ететіні анық. Әрі өндірісі автоматтандырылған, технологиясы жаңа, басқа кірпіш зауыттарындай көмір жағып, айналаны түтінмен тұншықтырмайды.
Айта берсек айтатын көп екен. Мәселен түйесі көп Аралда түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын зауыт та аймақтағы өнім өндіру мен оны өңдеуді қолға алудағы қарқынның бірі.
Аймақ айбатын асыратын 414 млрд. 700 млн. теңгенің “Шалқия” кен байыту фабрикасы, 161 млрд. 400 млн. теңгенің кальцийленген сода зауыты, “Seven Rivers technologies” компаниясының 60 млрд. теңгелік бөтелке шығаратын зауыты, Оңтүстік Кореяның “With you Qyzylorda” компаниясының 37 млрд. 800 млн. теңгелік қатты қалдықтарды өңдеу зауыты, 17 млрд. 300 млн. теңгенің “Табиғи тас Қызылорданың” жылына 1 млн. 100 мың тонна әк шығаратын зауыты, Испанияның “Roca Group” компаниясының 44 млрд. теңгелік санитарлық-техникалық өнім шығаратын зауыты, Швейцарияның “Harvest agro” компаниясының құны 51 млрд. теңгелік техникалық қарасора мен жүгері, соя өсіретін және оны өңдейтін зауыты, сөз басында айтқан Жаркенттің жүгері дақылын терең өңдейтін крахмал-сірне зауыттары – жаңа жұмыс, табыс көзі екені анық.
Ертеңгі күні осы зауыттар толықтай іске қосылып, жұмыс істей бастағанда аймағымыздың әлеуеті бұдан да артып, тұрмыс жағдайымыз бұдан да жақсара түседі. Зауыт, фабрикаларда жұмыс істейтін жұмысшы-инженерлер, техниктердің мәртебесі артады.
Мемлекет басшысы мақтап, жұрты жақтап жүрген облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы текке зауыт салып жүрген жоқ. Егін егіп, мал баққан шаруаға серік болар жұмысшыға жұмыс тауып беріп, өңірдің өркендеу өзегі болар өндірісті өркендетіп, туған өлкесін тың жердей бір түлетсем деп жүр.
Кезінде етігімен су кешкен, маңдай терімен ел игілігіне еткен еңбегімен, елім иманды болсын деп мешіт тұрғызған ниетімен есімін ел есінде қалдырған әкесі Машбек ақсақалдың, ел басқару қызметіндегі даралығымен, ұлағатымен халқына қызмет етер жастардың ұстазына айналған Бердібек Сапарбаев ағасының үлгісімен өзі де туған жерге әкім болған қызметінде халқына адал, жақсы ісімен жұртына жақсы атты болғысы келетін іскер әкімнің төрт жылында облыс бюджетін екі еседен астам көбейткенін, Қызылордаға млрд.-таған инвестицияны құйғанын, инфрақұрылымның жақсарғанын, әсіресе “Жезқазған” жолының жөнделіп болып, “Ақтөбе” жолының қолға алынғанын, жаңарған ЖЭО-н, қалада ғана емес, ауылдарда да тұрғын үйлер салынып жатқанын, аймақта тағы да басқа жасалған жақсы істерді кешелі-бүгінді жұрт жарыса жазуда. “Халық қалт айтпайды” дегендей…
Жаңалық, игі істер көп-ақ… Тіпті кейде жасалған жұмыстарға қарап отырып, осының бәрі “аз ғана уақытқа, бір әкімге қалай сыйып тұр” деп ойланасың…
Н.Нәлібаев әкім болып алғаш келген кезінде «Қорқыт» басына елді жинап, осы елдің бірлігіне, татулығына, жақсы тұрмысына қызмет етемін деген антқа бергісіз берген уәдесінде тұрып келеді.
Өзі айтпақшы кезінде елге еңбегі сіңген ардагерлерімізді ардақтап келеміз. Олардың мерейтойлары әкім құрметінсіз өтпейді. Бірде-бір жаңа нысан ақсақалдардың топтап лента қиюынсыз ашылмайды… Бірде-бір мерекелік іс-шара үлкендерсіз басталмайды.
Аймақ кәсіпкерлерінің жанашырлығымен ашылған алғашқы нысандардың бірегейі “Анаға тағзым” ақ жаулықты аналардың қыздарына, келіндеріне шеберлік мектебіне айналды. Қаладағы жаңа нысандардың ең жарқыны “Өнер” орталығы бір Қызылорданың ғана емес, еліміздің белгілі өнер адамдарының ордасына айналды.
Жастарды жігерлендіріп, мықтылыққа баулып жатқан алып “Қызылорда – Арена” стадионымыз тағы бар…
Осындай жақсы жаңалықтарды тізбелеп жазып отырып, іштей өз туған жеріңнің жетістіктері үшін мақтанасың, марқаясың.
Жазар жақсылықтарымыз көп болсыншы!
С.БИХОЖАЕВА