Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Анаға тағзым» орталығында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әйел-аналармен кездесті. «Сыйынар ем, Ана деген тәңірге» тақырыбындағы басқосуға еңбек ардагерлері, түрлі сала мамандары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы жиналған қауымды көктемнің шұғылалы мерекесімен құттықтап, қыз-келіншектердің еліміздің, Сыр өңірінің дамуына қосқан сүбелі үлесін атап өтті.

– «Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ананың аялы алақаны мен шексіз мейірімі әр үйге жылылық береді. Салт-дәстүріміз бен ана тіліміздің бүгінгі күнге жетуі де, ең алдымен, аналардың арқасы. Өмірдің мәні де, тіршіліктің сәні де – сіздер!» – деген болатын.

Өткен тарихымызға қарасақ, ел басына күн туғанда асыл аналарымыз бен аяулы аруларымыз қиындыққа мойымай, ұлт тағдырына араласты. Бала тәрбиесін ұлт тәрбиесі деп қараған дана халқымыз болашақ ұрпақты дүниеге әкеліп, бағып-қағып, қияға қанат қақтыратын аналарды ардақтай да, аялай да білген.

Бүгінде отбасы институтын, көпбалалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдығына айналды. Аймағымызда аналарды әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар нәтижелі іске асырылуда.

Сіздер тәуелсіз еліміздің дамуына зор үлес қосып, әрқашан парасаттың, мейірім пен ізгіліктің ұйытқысы болып келесіздер. Көктем мерекесі көңілдеріңізге шаттық сыйласын!» – деді Н.Нәлібаев.

Басқосуда облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова аймақта «Келешек мектептерінің», басқа да білім ордаларының салынуы, қосымша білім беретін мекемелердің ашылуы ана мен балаға жасалған қамқорлықтың нағыз үлгісі екенін атап өтті. Қармақшы аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжаухар Раева «Руханият орталықтарының» ұлттық құндылықтарды сақтап, ұрпақ сабақтастығын жалғастырудағы қызметіне тоқталды. Ал Жаңақорған ауданы «Қыркеңсе» дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Жазира Мәлікова өзі қызмет ететін саладағы, әсіресе ауылдағы медици­налық мекемелердің жабдық­талуындағы жетістіктерді айтты.

Жиынға қатысушылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

* * *

Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Ана мен бала» облыстық перинаталдық орталығындағы жас аналар мен медицина қызметкерлерін Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

– «Халқымызда «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» деген даналық сөз бар. Ананың ақ сүтімен дарыған мейірім мен мейман көңіл – ұлт рухының өзегі, елдіктің тірегі. Аяулы жанның жүрегінен бастау алған ізгілік қоғамды ізгілендіріп, адамзатты биік мұраттарға жетелейді.

Ана – тіршіліктің шуағы, өмірдің тұтқасы. Оның бір ауыз жылы сөзі – жанға дауа, жанары – балаға бағдар, алақаны тиген жерге береке қонады, батасы дарыған ұрпақтың бағы жанады.

Адамзат баласы үшін анадан құдіретті, анадан ардақты, анадан аяулы жан жоқ. Сондықтан да ананы ардақтау– адамдықтың асыл өлшемі, ананы құрметтеу – перзенттік парыз. Әлемдегі ең жоғары мадақ та, құрмет те ару-аналарға арналады. Еріне адал жар, баласына ардақты ана болуымен ұрпаққа өнеге, отбасына ұйытқы болған аналарымызға құрметіміз қашанда шексіз!

Сіздер – мейірім мен махаббаттың, сабыр мен төзімнің символысыздар. Дүниеге сәби әкелу – үлкен ерлік, ұлы жауапкершілік. Сәбидің шат күлкісі мен алаңсыз балалығы – ең алдымен ананың ақ жүрегі мен адал еңбегінің жемісі. Сіздердің әрқайсыларыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, сәбилеріңізге жарқын болашақ тілеймін»,– деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Басқосуда мереке қарсаңында сәбилі болған аналар мен медицина қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

* * *

Қызылорда облысы әкімі Нұрлы­бек Нәлібаевтың қатысуымен «Өнер орталығында» 8 наурыз – Халық­аралық әйелдер күніне арналған «Ана – әлемнің бесігі» атты салтанатты шара өтті. Аймақ басшысы аналар мен қыз-келіншектерді көктемнің көркем мерекесімен құттықтады.

– «Президентіміз «Әйелдер қауы­мы­ның отбасындағы, қоғам өмірін­дегі және мемлекетті жан-жақты дамыту ісіндегі рөлі орасан зор. Қыз-келін­шектер өндірісте, шығармашылық жолында, саясат, бизнес және басқа да көптеген салада биік белестерді бағындырып келеді», – деген болатын.

Тәуелсіз Қазақстанның толағай табыстары мен Сыр өңірінің бүгінгі жетістіктерінің барлығында әйелдер қауымының өз қолтаңбалары бар.

Аналарымыздың рухынан күш, ұлағатынан тәлім алған аруларымыз бүгінде экономикамыздың барлық саласында табысты еңбек етеді.

Облыс бойынша мемлекеттік қызметшілердің 45 пайызы, медицина қызметкерлерінің 88 пайызы, ұлағатты ұстаздардың 78 пайызы, жалпы бюджеттік саланың 62 пайызы, шағын және орта бизнесте еңбек ететіндердің 55 пайызы қыз-келіншектер.

Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне қосқан елеулі еңбектеріңіз үшін Сіздерге барша Сыр жұртшылығының атынан шынайы алғысымды, зор ризашылығымды білдіремін. Біз, ер-азаматтар Сіздерді жоғары бағалаймыз, құрметтеп, қадірлейміз. Нәзік жандарға деген біздің ықыласы­мыз, ниет-тілегіміз әрдайым ерекше.

Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеген ардақты аналарымыз ел ертеңіне нәр, тіршілікке әр беріп келеді. Алдағы уақытта да ұлтымыздың баянды болашағы жолында аянбай еңбек ете берулеріңізге тілектеспін!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Салтанатты шарада шуақты мереке қарсаңында Мемлекет басшы­сының Жарлығымен «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған қызылордалық әйел-аналарға марапаттары табысталды. Сонымен қатар «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаты мереке иелерінің мерейін асырды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған