Өткен жылы қала мәдениеті мен руханиятын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып, ауқымды мәдени-көпшілік және танымдық жобалар жүзеге асырылды. Қала аумағында 34 мәдени нысан бар. Оның 21 кітапхана, 12 клуб және мәдениет үйі, 1 музей, 1 театр халыққа тұрақты қызмет көрсетуде. 99 үйірмеде 1284 өнерпаз шығармашылықпен айналысты. Жыл көлемінде 1155 мәдени іс-шара ұйымдастырылып, 300 мыңға жуық көрермен қамтылды.
Мерейтойлық жыл аясында қаланың ел астанасы болғанының және тарихи атауының қайтарылғанының 100 жылдығына арналған республикалық және облыстық деңгейдегі маңызды жобалар өткізілді. Атап айтқанда «Көктем нұры» айтысы, «Жауһар жырдың Асқары» мүшәйрасы, «Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы – Қызылордам» өнер байқауы, «Қызылорда – жастар қаласы» концерті мен ұлттық қолөнер көрмелері қала тұрғындарының зор ықыласына ие болды.

Жастар театры 15 қойылымды көрермен назарына ұсынып, республикалық фестивальдерде жүлделі орындарға ие болды.21 кітапхана арқылы кітап оқуды насихаттау, мобильді кітапхана, «KitapTime», «Библиокеруен» секілді жобалар іске асырылды.
Музей қорында 1186 экспонат сақталып, тарихи-танымдық жұмыстар жалғасты.
Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында құжат айналымының 100% қазақ тілінде жүргізілуіне қол жеткізілді. Қаладағы көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың заң талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету бойынша 220 нысанда түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Қала көлемінде 84 тарихи-мәдени мұра нысаны мемлекет қорғауына алынып, оларды сақтау және күтіп-ұстау жұмыстары тұрақты бақылауда.
2026 жылы да мәдени-рухани жобаларды жалғастыру, жас таланттарды қолдау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және мәдени инфрақұрылымды дамыту негізгі міндеттердің бірі болып қала береді.