Қызылорда қаласында тіркелген кәсіпкерлер саны 35 881-ге жетіп, оның 95,9%-ы нақты жұмыс істеп тұр. Кәсіпкерлік секторында 63 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, өткен жылы 374,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 47,1%-дық өсім.
Сауда саласында да оң динамика қалыптасты. Бөлшек сауда көлемі 499,7 млрд. теңге (102,6%), көтерме сауда 314,6 млрд. теңге (115,9%), өнеркәсіп өндірісінің көлемі 549,2 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 108,2 млрд. теңгеге жетіп, тұрақты өсім көрсетуде. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар 369,4 млрд. теңгені құрап, жоспар 14,1%-ға артығымен орындалды. Нәтижесінде жалпы құны 236,3 млрд. теңге болатын 16 инвестициялық жоба іске қосылып, 900-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Өткен жылы құрылыс материалдары, тамақ өндірісі, шыны, жиһаз жасау, медициналық және сауда нысандары секілді бірқатар жаңа өндірістер іске қосылды.
Биыл қалада жалпы құны 31,2 млрд. теңгені құрайтын 8 жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Олардың қатарында вагон жөндеу кешені, өндірістік кәсіпорындар, қызмет көрсету нысандары, спорт-сауықтыру кешені мен қонақ үйлер бар. Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бағытындағы үш ірі жоба басталады.
Сауда базарларын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұл бағытқа шамамен 6 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланған. Қазіргі таңда бірқатар базарларда қайта жаңарту және құрылыс жұмыстары жалғасуда.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 359,5 млн. теңгеге 46 жоба қаржыландырылды. Биыл 702,8 млн. теңгеге 65 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Өңірлік инвестициялық орталық арқылы 627 млн. теңгеге 20 жоба, ал екінші деңгейлі банктер арқылы 3,6 млрд. теңгеге 64 жобаға қолдау көрсетілді. Жалпы, кәсіпкерлікті жүйелі қолдау мен инвестициялық белсенділіктің артуы қала экономикасының тұрақты өсуіне негіз болып, жаңа өндірістер ашу және жұмыс орындарын көбейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.