Алдымызда ауқымды, маңызды міндеттер тұр. Біз әрдайым бір қадам алда жүруіміз керек. Ойланып-толғанып отыратын уақыт жоқ. Батыл, тиімді шешім қабылдап, оны жедел жүзеге асыру қажет. шынын айтқанда, бүгінгі қаралып жатқан мәселелер – белгілі, олар Жолдауымда да, ұлттық құрылтайда да көтерілді. үкімет мүшелері, иә, айналамызда жүрген «сарапшылар» ел экономикасының алдында тұрған түйткілдерді шешу жолын тез арада ұсынады деп күтудің қажеті жоқ деген сияқты пайымдаулар бар екенін біз жақсы білеміз.
Біз бәсекеге қабілетті ел болуымыз керек. Бәсекеге қабілетті болсақ, болашағымыз да жарқын болады. Негізгі басымдықтарымыз өзгермейді. Азаматтардың табысын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту басты міндет болып қала береді.
Үкімет, орталық және жергілікті атқарушы органдар өз жауапкершілігін толық сезініп жұмыс істеуге тиіс. үкіметтің бірінші кезектегі міндеті – батыл, күмәнсіз шешімдер қабылдау үрдісін жаңғырту.
Ел игілігі және азаматтардың мүддесі үшін еңбек ету қажет. Әрбір тапсырма уақтылы әрі сапалы орындалуы керек. Ең бастысы, елге пайдасы тиетін нақты нәтиже болуға тиіс.
БІРІНШІ. Инфляцияны ойға қонымды, қалыпты деңгейге түсіру қажет. Оның шарықтап кетуіне жол бермеу керек.
Инфляцияның не себепті жоғары болып тұрғаны белгілі, кеселдің себебі анықталды. Енді осы мәселені шешу керек. Бірақ ұсынылатын шаралар елдің дамуына кері әсерін тигізбеуі қажет. Дәл осы тұста түрлі пікір айтылып жатыр.
Үкімет пен Ұлттық банкке бірлесіп нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді тапсырамын. Осы маңызды жұмысқа барлық мекеме өкілдері мен сарапшылар қатысуға тиіс. Тағы да қайталап айтамын: қолайсыз ахуалды шұғыл ретке келтіру қажет.
Биылдан бастап үш жыл қатарынан инфляцияны төмендету үшін нақты шаралар қабылдау керек. Бірлескен іс-қимыл бағдарламасын сапалы орындау айрықша маңызды. Мәселені шешудің орнына бос сөзді көбейтіп, қажетсіз «жол карталарын» әзірлеу – жауапкершіліктен қашу деген сөз. Алдын ала ескерту: ондай жағдайда қатаң шара қолданылады. Халықтың табысы артса ғана, нақты нәтижеге қол жеткіздік деп санауға болады.
ЕКІНШІ. Жаңа Салық кодексінің тиімді енгізілуін қамтамасыз ету керек.
Биыл күшіне енген Салық кодексі экономикадағы ашықтық пен тәртіпті күшейтуге ынталандырады. Қазірдің өзінде алғашқы оң нәтижелерін көріп отыр мыз. Экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа салық режимі іске қосылғалы бері 180 мыңнан астам жаңа салық төлеуші заң аясында әрекет ете бастады.
Үкіметтің бағалауынша, салық реформасының нәтижесінде биыл бюджетке қосымша 4,4 триллион теңге түседі.
Жоспар, әлбетте, көңілге сенім ұялатады. Бірақ қайталап айтамын: белгіленген көрсеткіштерге шамадан тыс салық салу, бизнесті заңсыз немесе негізсіз қыспаққа алу есебінен жетуге болмайды.
Бюджетті тиімді салықтық әкімшілендіру арқылы толықтыруға болады деп ойлаймын. Сондықтан салық жүйесін жаппай цифрландыруға шұғыл кіріскен жөн.
Жазалаушы менталитеттен арылатын кез келді. Салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуға тиіс. Мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын жолға қою керек. Мұндай серіктестік әділдікке, өзара тиімділікке, тіпті экономиканы дамытудың маңызын түсіну тұрғысынан алғанда жауапкершілікке құрылуға тиіс деп ойлаймын.
ҮШІНШІ. Цифрлық мемлекет құру мәселесіне айрықша көңіл бөлу керек. Бұл Қазақстанның болашағына тікелей әсер етеді.
Жаңа ғана бұл саланың еліміз үшін стратегиялық маңызы туралы айтып кеттім, баршаға түсінікті деп ойлаймын. Сондықтан жұмысқа селқос қарап, жай бара қат жүруге болмайды. Әйтпесе, қолдағы мүмкіндік тен айырылып қаламыз.
Цифрлық тәсілдер арқылы артық шығынды қысқар тып, әкімшілік кедергілерді еңсере аламыз. Басқару ісіндегі тиімсіз шешімдерді барынша азайтуға болады.
Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформа лар агенттігімен, сондай-ақ Ұлттық банкпен бірлесіп жыл соңына дейін мемлекеттік мәліметтерді басқарудың біртұтас жүйесін құруды тапсырамын.
Үкіметке бірыңғай цифрлық платформаға көшуге тура келеді. Бұл – маңызды міндет. Бұған дейін ведомстволардың бәрі цифрландырумен ешқандай бақылаусыз, өз бетінше айналысып келді. Бұл техникалық проблемаларды көбейтіп қоймай, қазына қаржысын оңды-солды шашуға әкеп соқты.
Цифрлық трансформация кезеңінде, ең алдымен, жеке адамның мүддесіне нұқсан келуі мүмкін. Сондықтан дербес деректердің сенімді қорғалуын қамтамасыз етуге айрықша назар аудару керек. Дербес деректердің тарап кетуі, онлайн-алаяқтық, жасанды интеллектіні қылмыс құралы ретінде пайдалану – мұның бәрі біздің елде де, шетелде де қалыпты жағдайға айналды.
Біз Қаржылық мониторинг агенттігі мен басқа да құқық қорғау органдарын жұмылдырып, киберқылмыспен және алаяқтықпен күресу үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Ұлттық антифрод орталығы 90 мың азаматты алаяқтардың арбауынан сақтап қалды.
Үкіметке тиісті мекемелермен бірге киберқауіп сіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың деректерін қорғау мәселесін кешенді түрде мұқият саралап, қарауды тапсырамын. Бұдан бөлек, жақында Ұлттық құрылтайда атап өткенімдей, цифрлық дербес деректерді қорғау мәселесі конституциялық деңгейде бекітіліп, айқындалуы керек.
Әлеуметтік саланы цифрландыру мәселесі де өте маңызды. Былтыр республикалық бюджеттің 40 пайызға жуығы осы салаға бөлінді. Бірақ бұл қаражат қаншалықты тиімді жұмсалды деген орын ды сұрақ туын дайды. Сондық тан Үкімет үй шаруашылықтарының әлеуметтік цифрлық про филін қалыптастыруға тиіс. Сонда әлеуметтік көмек те шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға беріледі.
Қаржылай төлемақыдан бастап, азық-түлік, дәрі-дәрмек, баспана немесе білім алуға берілетін ваучерлерге дейінгі қолдаудың барлық түрі банк және төлем инфрақұрылымымен тығыз байланысқан «Әлеуметтік әмиян» арқылы берілуге тиіс.
Үкімет әкімдіктермен бірге осы тәжірибені барлық жерде кеңінен қолдануы керек. Сондай-ақ бұл тәсілді жыл соңына дейін тездетіп іске қосуы қажет.
Менің байқауымша, Үкімет отандық Aitu мессенджеріне тиісті деңгейде көңіл бөлмей отыр. Тіпті оны мемлекеттік қызметкерлер де пайдаланбайды.
EGov AI деп аталатын әмбебап жасанды интеллект көмекшісін (ассистентін) әзірлеу керек. Барлық аза матқа қолжетімді болатын осы жүйе біртіндеп Халыққа қызмет көрсету орталықтарының орнын басады.
Әлеуметтік қолдау шараларын басқаратын инфрақұрылымды, яғни Бірыңғай цифрлық әлеуметтік қорғау платформасын нақты айқындап алу қажет.
Білім саласында бірқатар жүйелік проблемалар бар екенін Ұлттық құрылтай отырысында айттым. Олар жекеменшік білім беру ұйымдарын қолдауға да, мемлекеттің мектептер мен жоғары оқу орындарын қаржыландыру тетіктеріне де қатысты.
Білім саласындағы «экономизация», қаржыны текке шашпай, жүйелі жұмсау үдерісін жалғастырған жөн. Бұл ретте балабақшадан бастап университеттерге дейінгі барлық деңгейде мемлекеттік қаржыландырудың тиімділігін түбегейлі арттыруға баса мән беру қажет. Жаңа деректер анықталғаннан кейін бұл маңызды міндетке айналды.
Елімізге жасанды интеллектіні кез келген салада қолдана білетін кәсіби мамандар қажет. Олар нақты жұмыс орындарындағы еңбек өнімділігін арттырады.
Осыған орай Үкіметке жетекші компаниялармен бірлесіп, мемлекет пен жеке серіктестік негізінде Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығын құруды тапсырамын. Ол орталықты мемлекеттік емес компаниялардың консорциумы басқарғаны дұрыс. Өйткені бизнес тезірек бейімделеді әрі нарық талаптарын жақсы біледі.
Өз кезегінде, Үкімет ережелерді айқындап, ашықтық пен сұранысты қамтамасыз етуге, тиімді шешімдерді жаппай таратуға көмектесе алады.
ТӨРТІГШІ мәселе. Біз толыққанды жаңа инвес тициялық кезеңді бастауымыз керек. Бұл – страте гиялық маңызы бар міндет.
Жалпы, қазір елдегі инвестициялық ахуал жақсы деп айтуға болады. 2022 жылдан бері жинақталған тікелей инвестиция көлемі 84 миллиард доллардан асты. Негізгі капиталға салынған инвестиция шамамен 50 пайызға артты.
Бірақ былтыр елімізге тартылған тікелей инвести ция ның көлемі өссе де, оның қарқыны әлі де баяу болып тұр.
Мемлекет жеке капитал рөлін өзіне алудан бас тартуы қажет. Жеке капитал тартуға қолайлы жағдай жасау үшін біраз еңбектену қажет. Ал қаржыны қазынадан алып, оны инвестиция деп көрсете салу әлдеқайда оңай. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмей, нарықтық экономика қағидаттарына бағыну қажет.
Бізге жаңа әрі сапалы инвестиция тартуға арналған біртұтас стратегия қажет. Бұл стратегияда, ең алдымен, жоғары технологиясы бар заманауи өндірістер ашуға басымдық берілуге тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, жеке бизнес айрықша рөл атқарады. Кәсіпкерлер экономикамызға сапалы инвестиция салу арқылы жұмыс орындарын ашады, жұрттың табысын арттыруға үлес қосады.
Біз «Бәйтеректі» инвестициялық холдинг ретінде қайта құрдық. Мұндай қадамның нақты себебі болды. Холдинг нарықтық экономикаға серпін беруде, бірақ бұл қадам жеке бастамаларды шектемеуге тиіс.
Инфляция деңгейі тұрақталып, төмендегеннен кейін нарық қағидаттарын күшейту керек болады. Даму институттары бизнеспен және қаржы секторымен тиімді қарым-қатынас орнатуы қажет. Бұл қатынас бәсе ке лестікке емес, өзара серіктестікке негізделуі керек.
Елімізде инвесторлардың қызығушылығын арттыратын салалар көп. Осы салаларды дамыту үшін мемлекет пен бизнес арасында сындарлы ынтымақтастық болуға тиіс. Әсіресе, сирек кездесетін металдар, мұнай-газ химиясы, цифрлық инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздері, көлік және агроөңдеу салаларына баса мән берген жөн.
Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды тәсілдің бірі – ұзақ мерзімге арналған офтейк-келісімшарттар жасау. Бірақ қазір елімізде мұндай келісімшарт жасаудың бірыңғай әрі түсінікті ережесі жоқ. Оның үстіне, мемлекеттік органдар селқостық танытуда. Соның салдарынан стратегиялық маңызы бар бірқатар инвестициялық жоба іске аспай жатыр.
Үкімет пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне осы мәселені шешу үшін тиімді шаралар қабылдауды тапсырамын.
Менің шетелге сапарларым және инвесторлармен кездесулерім барысында қол жеткізілген келісімдердің орындалуына баса мән беру қажет. Коммерциялық келісімдердің жалпы құны былтырдың өзінде шамамен 75 миллиард доллар болды. Жұмысты созбалаңға салу және қол қойылған келісімдерді орындамау деген мәселе болмауға тиіс. Бұл жұмысты орындауға Президент Әкімшілігі де жауапты.
Ашығын айту керек, бізде мынадай жағымсыз үрдіс пайда болды: жоғары басшылық деңгейіндегі келіссөздердің алдында Өзімізде өте белсенді жұмыс жүргізіледі, ал кейін тым-тырыс болып қалады.
Мекемелер арасындағы бітпейтін өзара келісу әрекетін доғару керек. Үкімет мейлінше дербес болуды сұрады, дербестік берілді, енді іс жүзінде соны дұрыс қолдануы керек. Қол қойылған әрбір құжат алдын ала сапалы түрде дайындалып, орындалу мерзімдері нақты айқындалуы қажет. Жұмыстың нәтижесі үшін бірінші басшыларға жеке жауапкершілік жүктеледі.
Мемлекет инвесторлар алдындағы міндеттемелерін толық орындауы керек. Елге сенім, іскерлік бедел осылай қалыптасады.
Үкімет Қазақстанның инвестициялық әлеуетін көтеруге, бәсекелік артықшылықтарын дамытуға баса мән бергені жөн.
Мемлекет пен жеке серіктестік – экономикаға инвес тицияның келуін ынталандыратын маңызды құралдың бірі. Бұл тетікті оңтайлы пайдалана алсақ, инвестициялық тәуекелді мемлекет пен бизнес арасында тиімді бөлуге мүмкіндік туады.
БЕСІНШІ. Жаңа инвестициялар ең алдымен еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптас тыруға бағытталуы керек.
Бұл салада біраз жетістікке жеттік. Былтыр өңдеу өнеркәсібі тұрақты дамып, 6,4 пайызға өсті. Бірақ өңделген тауар экспорты 2,7 пайызға төмендеді. Бұған жалпы экспорттың 4,2 пайызға азайғаны да әсер етті. Өнеркәсіп саясатының басты кемшіліктері дәл осы тұста анық байқалды.
Бұл салада шикізат өндірушілердің үлесі әлі де басым. Бірақ бұл оларға кедергі жасауға болады деген сөз емес, керісінше, оларға көмегімізді әлдеқайда күшейтуіміз қажет. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібіне баса назар аудару керек.
Өңдеу өнеркәсібіндегі өнімнің 40 пайыздан астамы металлургияға тиесілі. Ал металлургия секторында экспортқа шығарылатын тауардың жартысынан көбі – төмен деңгейде өңделген өнімдер. Соның салдарынан, шикізатты сыртқа шығарамыз да, одан жасалған дайын өнімді басқа елдерден сатып аламыз. Парадокс. Мұндай тәжірибені доғару керек.
Шикізат экспорттағаннан гөрі, одан дайын өнім өндіріп, сыртқа шығару әлдеқайда пайдалы. Әрине, бұл оңай міндет емес. Бірақ үлгілі кәсіпорындар бар, мысалы, «Qarmet». Қанша қиындыққа тап болса да, ондағы өндірістік және әлеуметтік процестерде оң өзгерістер орын алып жатыр.
Бұл мәселеде «артық қылам деп, тыртық қылуға да» болмайды. Өңдеу саласын дамытамыз деп, шикізат өндіру ісіне зиян келтірмеу жағын ойлау керек. Үкі меттің саясаты ақылға қонымды, байыпты болуға тиіс.
Еліміздің импортқа тәуелділігі туралы айтқанда мұнай саласындағы күрделі ахуалға тоқталмай кетуге болмайды. Қазақстанда жылына шамамен 100 миллион тонна мұнай өндіріледі, бірақ елімізде соның тек 18 миллион тоннасы ғана қайта өңделеді. Соның салдарынан біз мұнай өндіруші ел болсақ та, жыл өткен сайын дизель отыны бойынша тапшылық пайда болып жатыр, авиациялық керосин бойынша да импортқа тәуелді болып отырмыз.
Сондықтан отынға деген сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, елімізде жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту керек. Бұл жұмыс ты жедел орындау қажет. Аталған қадам бір жылда өңделетін мұнай көлемін 9 миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік береді (18,4 миллион тоннадан 27,4 миллион тоннаға дейін). Бұл – министрліктің мәліметі.
Үкімет жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысына қатысты байыпты шешім қабылдауы қажет. Ең алдымен, мұнай өңдеу зауытына шикізат қайдан жеткізілетінін, қандай өнімді және қанша көлемде өндіретінін дұрыс есептеу керек. Бұл жобаны іске асыруға (егер жүзеге асса) жеке инвестор тарту керек болады. Бүгінде мұндай ірі жобаны тек мемлекет қаржысына салу өте тиімсіз. Жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысы жөнінде әлі де ойлану қажет. Меніңше, жобаның құнын мұқият есептеген абзал.
Қажетті жағдай болса да, осы кезге дейін елімізде мұнай-газ химиясы өз алдына жеке сала болып қалыптасқан жоқ.
Өзімізде өте белсенді жұмыс шығарылатын полимерді барыншаөңдеу ісі жолға қойылмаған. Бұл материалдан автобөлшектер, тамшылап суаруға қажетті құралдар,медициналық жабдықтар, ыдыс-аяқ және басқа да көптеген өнім шығаруға болады. Осы орайда шағын және орта бизнеске қолдау көрсету керек. Соның ішінде лизингпен құрал-жабдық, жеңілдікпен несие беру қажет. Бұл қадам азық-түліктен өзге өнімдердің бағасын төмендетуге зор мүмкіндік береді.
Биыл Мал шаруашылығын дамыту жоспары жасалды. Бұл құжат осы саладағы олқылықтарды жойып, оның дамуына жол ашуға тиіс. Енді ақыры не болатынын көреміз. Мен Жолдауымда және «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда шағын шаруашылықтарды кооперацияға біріктіру қажеттігін айттым. Бұл жерде шетелдік тәжірибені үлгі ретінде алуға болады. Мыса лы, Нидерландының жүйесін алсақ, онда шаруалар кооперациясының нақты әрі бірізді жүйесі бар. Соның арқасында олар құны 130 миллиард доллар болатын ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттап отыр.
Шаруаларды жаңа үлгідегі кооператив құруға ынталандыру керек. Ол үшін Үкімет батыл шара лар қабылдауға тиіс. 1 қыркүйекке дейін Ауыл шаруашы лығы кооперациясы туралы жаңа заң дайындауы қажет.
АЛТЫНШЫ. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану кәсіпкерлікті қарқынды дамытуға зор мүмкіндік береді.
Жалпы ішкі өнімінің 40 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестицияның 70 пайызға жуығы шағын және орта бизнес саласына тиесілі. Бұл – кейінгі жылдары жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі. Дегенмен қазір табысқа риза болып отыратын заман емес. Елімізде азаматтардың бизнеспен жаппай айналысуына мән беріліп, оған барынша жағдай жасалып жатыр. Бірақ мұндай шара бүгінгі таңда аздық етеді. Үкімет кәсіпкерлікті дамыту ісінде енді, ең алдымен, сапаға айрықша көңіл бөлуі керек.
Мемлекеттік көмекті бизнестің технологиялық деңгейіне және санатына қарай саралап беру қажет. Шағын бизнесті қолдау шаралары нақты әрі тиімді болуға тиіс. Кәсіпкерлерді «күнкөріс режимінен» шы ғып, тұрақты даму жолына түсуге ынталандыру маңызды.
Шикізаттық емес сектордағы даму әлеуеті жоғары орта бизнесті қолдау шаралары дайын өнім сататын нарық ауқымын кеңейтуге ықпал етуі қажет.
Үкімет «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, шағын және орта бизнесті қолдау саясатын түбегейлі өзгерту туралы ұсыныс әзірлеуі керек. Ұсыныстар 1 сәуірге дейін енгізілуге тиіс.
Реттеушілік реформаның жаңа кезеңіндегі басты міндет – блокчейн мен жасанды интеллектіні пайдалану арқылы цифрлық модельге толық өту.
Бұл ретте «Реттеуші сары парақтар» (Regulatory Yellow Pages) қағидаты басшылыққа алынуға тиіс. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі аталған жұмысты жыл соңына дейін аяқтауы қажет.
ЖЕТІНШІ. Жаңа экономикалық үлгіге көшу барысында көлік логистикасын дамытуға жете мән беру қажет. Бұл – аса маңызды стратегиялық міндет.
Қазақстанның Еуразия құрлығындағы бірегей орнын тиімді пайдаланбасақ, бұл халқымыз кешірмейтін стратегиялық олқылық болуы мүмкін. Сондықтан бұл міндеттің мән-мағынасы ерекше.
Көлік-тасымал саласы өнеркәсіп және инвестиция саясатымен бірге біртұтас жүйе ретінде қаралуы керек. Осы кезге дейін инфрақұрылымдық рөлі басым болған транзит саласы енді экономикалық сипатқа ие болады. Жаһандық бәсеке күшейіп тұрған қазіргі заманда, бұл – өте маңызды қадам.
Қазір еліміздегі тауардың 60 пайызы теміржолмен тасымалданады. Сондықтан теміржол желілерін барынша дамыту – айрықша маңызды міндет. Бүгінде бірқатар ірі инфрақұрылым жобасының құрылысы аяқталды. Теміржол арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігі едәуір жақсарып, теміржолдың жалпы жағдайы тұрақталды. Десек те, еліміздің теміржол транзиті саласындағы әлеуетін толығымен пайдалануымыз қажет. Алайда бұл маңызды мәселе бойынша анық, айқын стратегия әлі жоқ сияқты. Тозығы жеткен теміржол инфрақұрылымы әлі де көп. Кейбір жерлердегі ахуал тіпті күрделі деуге болады.
Биыл «Мойынты – Қызылжар», «Дарбаза – Мақтаарал» бағытындағы жаңа теміржол желілерін іске қосу керек. Сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» теміржолын жаңғырту жұмыстарын аяқтау қажет. «Бақты – Аягөз» желісін уақтылы пайдалануға беру керек. Аталған мәселелер туралы жиі айтатын болдық, енді нақты нәтижеге куә болайық. Жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайды
Үкімет биыл транзиттік тасымал көлемін шамамен 65 пайызға, яғни 55 миллион тоннаға дейін көбейтеміз деген ауқымды міндет қойып отыр. Ал «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы өз ақпаратында бұл жоспарға күмән келтіріп отыр.
Мәселе – бізде емес, іргелес мемлекеттердің жос парлары мен мүмкіндіктерінде. Бұл мәселені енді анықтау қажет. Осыған орай, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы қажет ті шараның бәрін қабылдауға тиіс. Соның ішінде цифрлық жаңғырту, яғни трансформация жұмыстарын аяқтау қажет.
Жүк тасымалдаушылардың бәріне ашық және бірдей қолдау көрсетілуге тиіс. Ол үшін ұлттық оператордың жүк вагондарын беру жұмысын толық цифрландырып, ретке келтіру керек.
Теміржол саласындағы тариф саясатын реформалау – кезек күттірмейтін міндет. 1 қыркүйекке дейін жаңа тариф саясатының тұжырымдамасына қатысты түпкілікті шешім қабылдануға тиіс. Тариф саясаты, бұл – аса маңызды тақырып, көлік стратегиямыздың өзегі саналатын мәселе.
Үкімет теміржолмен қатар автокөлік тасымалын дамытуға қатысты ірі жобаларды да жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алуы қажет. Мен «Қарағанды – Жезқазған», «Орталық – Батыс», «Ақтөбе – Ұлғайсын» бағытындағы жолдың және Қызылорда, Сарыағаш, Рудный қалаларының сыртындағы айналма жолдың құрылысы туралы айтып отырмын.
Автокөлік тасымалын дамыту туралы айтқанда, ең алдымен, жолдың сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелер шешімін табуға тиіс. Жаңа жылға дейін жасанды интеллектіні пайдалана отырып автокөлік қозғалысын реттейтін цифрлық платформаны іске қосу керек.
(Үкіметтің кеңейтілген жиынында сөйлеген сөзінен ықшамдалды)