Осы аптаның сейсенбісінде Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер шеңберінде туризмді дамыту мәселесі қаралыпты.

Жиын басында Үкімет басшысы О.Бектенов:

– «Былтыр Президент азаматтардың көптеген шағымдарынан соң Алакөлдің айналасындағы, сондай-ақ жалпы еліміздегі туристік дестинациялардағы инфрақұрылым мен сервистің нашарлығын, қарапайым қауіпсіздік ережелерінің сақталмауын қатаң сынға алды», — деп атап өтіп, осы сын нәтижесінде Үкіметтің атқарған жұмыстарына тоқталыпты.

Мәселен бірқатар өңірлерде, атап айтқанда Жетісу облысындағыдай, туризм саласында тұрақты жұмыс істейтін жедел штабтар құрылды; Алакөлге жақын маңдағы елді-мекендерде су бұру және жағалауды бекіту ісі қолға алынды; Шығыс Қазақстан облысында танымал туристік аймақтарда коммуналдық қызметтердің  жұмысы жолға қойылды.

Бәлкім осы жұмыстардың арқасында болар Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық индексінде бұрын 66-шы орында болған Қазақстан 119 елдің ішінен 52-ші орынға көтерілді. Мақсат – үздік 50 елдің қатарына кіру. 

Үкімет басшысының айтуынша туристік аймақтарда жүргізілген кешенді тексерулер бұл салада әлі де жүйелі мәселелердің барын анықтаған. “Атап айтқанда, көптеген нысандарда интернет сапасы нашар. Жұмыстар әлі жоспарланып жатыр немесе қарқыны өте баяу.

Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бұзу фактілері жиі көтеріледі. Көптеген кәсіпкерлер қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды құжаттарды керек қылмайды. Мәселен, Қарағанды облысында қазіргі таңда 149 көпшілік демалыс орнының ішінде 80 нысан ғана санитариялық-эпидемиологиялық қызметтердің қорытындысын алған. Ал, 28 жағажайдың тек 3-еуіне тиісті ұйғарым берілген.  

Бұдан басқа көпшілікке танымал және шалғайда орналасқан туристік дестинацияларға көлікпен жету мәселесі мен жол бойындағы сервиске қатысты үлкен сұрақтар бар.

Кей жерлерде энергия қуаты жетіспейді. Тәулік бойы жұмыс істейтін медициналық бекеттерді, құқық қорғау органдары мен құтқару қызметтерін ұйымдастыру ісі барлық жерде бірдей шешімін таппай келеді.

Туристік нысандарға жақын дәмханалар мен дүкендерде бағалар сол күйі қымбат.

Шашылып жатқан қоқыстарға, демалыс орындарына апаратын жолдар мен көлік тұрақтарының жоқтығына қатысты туристер тарапынан түсіп жатқан шағымдар көп”.

Енді не істеу керек? Мәселені шешу үшін жедел үйлестіру кеңесі құрылатын болды. О.Бектеновтің өз сөзімен айтар болсақ:

– «Осындай мәселелерді шешу үшін барлық әкімдіктің, “Атамекен” палатасының, әр өңірден туризм саласындағы ірі кәсіпкерлердің, сондай-ақ тиісті сарапшылардың қатысуымен Жедел үйлестіру кеңесін құру қажет. Оған Аида Ғалымқызы басшылық етеді».

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған