ҚР Конституциясының 7-бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып бекітілді. Тәуелсіздік алғалы қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мақсатында мемлекет тарапынан нормативтік-құқықтық актілер, оны кешенді іске асыруға бағытталған бағдарламалар қабылданып, түрлі іс-шаралар атқарылуда.
Ол мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, тіл мәдинетін одан әрі арттыру үшін жасалған қадамдар. Сот билігі – биліктің бір тармағы ретінде мемлекеттік тілді дамытуға мүдделі. Дегенмен, процестік заңнама талаптарына сәйкес сот ісін жүргізу тілі талап қою берілген тілде іске асырылады. Сот саласында сот ісін жүргізу тілін белгілеу тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 14-бабында нақты көрсетілген.
Сондай –ақ сот практикасынан азаматтық іс бойынша құқықтық көмек беретін адвокаттар мен заңгерлер талап арыздарды көбіне орыс тілінде әзірлейтіні байқалады. Сотқа келген азаматтардың сот процесі кезінде орыс тілінде ойын еркін жеткізе алмай жататыны кездері болады. АПК-нің 14-бабы 2-бөлігінде егер істі бірінші сатыдағы сотта қарауға дайындау барысында талап қоюшының өз өкілі талап қою арызы (арыз) берген тілді білмейтіні анықталса, онда сот талап қоюшының жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады деп көрсетілген. Заңның бұл талабы талап қоюшыға түсіндірілсе де, көп жағдайда азаматтар өздерінің бұл құқықтарын қолданбайды.
Сондықтан, кәсіби құқықтық көмек көрсетуші заңгерлер сотқа берілетін арызды талап қоюшының өзі жетік меңгерген тілде әзірлесе деген тілек бар. Себебі жоғарыда атап өткендей, арыз берілген тілде істі қарау соттың міндеті болып табылады. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да тіл мәртебесін биіктету туралы насихат жұмыстары үнемі жүргізіледі. Қазақ тілін білу – әр қазақстандықтың парызы, өйткені тілге деген құрмет – сол елдің халқына көрсетілген құрмет. Ол үшін алдымен өзіміздің ана тілімізге деген құрметіміз әрқашан жоғары болуы тиіс. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген ақын сөзінің өзектілігі күннен күнге артып келеді.
Табиғатова А.Т.
Шиелі аудандық сотының бас маманы