Тәуелсіздігіміз сынға түскен сәт

Қаңтар оқиғасы. Қаңтар қырғыны. Қаңтар трагедиясы. Қаңтар қасіреті. Қаңтар көтерілісі.

Бұдан төрт жылға жуық уақыт бұрын Қазақстанның ірі қалаларын түгел шырмап алып, он күн бойы дүниені дүр сілкіндірген дүрмекті дүлей дүрбелеңге қазір әркім өзінің қалауынша осылай баға беріп, ат қойып жатыр. Біздіңше, бұл анықтамалардың қайқайсы болмасын, сол дабылды да, дауылды тәуліктердің тінін еш бүкпесіз, айнақатесіз сипаттап бере алады. Тек соңғы дәлелдеме ғана қисынмен оншалықты қиыса қоймайды, себебі, көтеріліс деген сөз қашанда қарумен байланыста қолданылады, мұндай жағдайда шерушілер мен билік сақшылары арасында атыс орын алған болар еді. Ал қаңтардың сол түн қатып жүріп, түс қашпай өткен қатулы күндерінде, – әскери бөлімдер қоймаларынан қаншама қаружарақ ұрланып, қолды болғаны­на қарамастан, – Құдай сақтағанда, қарулы қақтығысқа жол берілмеді.

Бірақ, қалай дегенде де, сол, 2022 жылғы 2-11 қаңтар күндері еліміз тәуелсіздігінің таразы басында тербеліп те, теңселіп те тұрғандығы, енді сәл болмағанда, біздің отыз жылға созылған егемендігіміздің ернеуі шетінеп, шегі келіп жететіні айдан анық-тын. Егер сол жолы шерушілер топтары іштеріне емін-еркін еніп алған «көлденең көк атты» басбұзарлар дегендеріне жеткенде, біздің осы күні қай елде ғана емес, жалпы қандай халде отыратынымыз да беймағлұм еді. Шынында сол сұрапыл кезеңдері біздің мемлекетіміздің тағдыры, елдің ертеңі қыл көпірдің үстінде қалтылдап тұрды. Қазақстанның жаңа заманғы тарихында тап осы мезгілдегі шендес тәуелсіздігіміз сынға түскен шатқаяқ шытырман шақтар бұрын-соңды болмапты. Ал заманында «мың өліп, мың тірілген» бостандық сүйгіш, еркіндік көксегіш қазақ үшін ата-бабалары ғасырлар бойы армандап өткен тәуелсіздікке қол жеткізгеннен асқан биік тұғыр, оны сақтап қалғаннан артық абыройлы мүдде жоқ.

Иә, егемен елдің еңсесін көтеріп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізе беру – біздің борышымыз әрі мақсатымыз. «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемле­кеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз», – деп жазды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Егемен Қазақстан» газетінің 2021 жылдың 5 қаңтары күнгі нөмірінде жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында.

«Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы бұдан әрі. Осылай деп ой тарқатқан Президент содан бір жарым ай уақыт бұрын, 2020 жылдың 22 қазаны күні алдағы 2021 жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жариялаған болатын. Сондықтан аталмыш жыл толық осындай мазмұнмен өрнектелді. Жыл ішінде тәуелсіздікті ұлықтауға арналған мыңнан аса шарапатты шара өткізілді, олардың барлығы да той тойлауға емес, елдің еңсесін көтеретін көрнекті істерді жүзеге асыруға арналды. Соның аясында елордада қазақтың Дина Нұрпейісова, Қаныш Сәтбаев, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды толымды тұлғаларының ескерткіштері бой көтерді.

Жыл осылай өтті. Былайынша айтқанда, жұрт алабөтен қауіптенетіндей, күдік кеулететіндей ешбір оқыс жайт болған жоқ. Алайда ел тәуелсіз­дігінің 30 жылдығы ресми түрде атап өтілген 2021 жылғы 16 желтоқсаннан небәрі 17 күн өткенде, яғни 2022 жылдың 2 қаңтарында күтпеген жерден Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында жергілікті тұрғындардың аса бір қуатты наразылық шеруі бұрқ ете қалды. Оның «күтпеген жерден» екендігі онсыз да баяғыдан, тіпті сонау кеңес заманынан шерменделер шерулері жиі орын алып тұратын қалада тағы да халықтың үйреншікті ереуілдеріне шыққанынан емес, сондай қозғалыстарының бірі артынша еліміздің көпте­ген аймақтарында өте тез әрі ұйымдасқан түрде іліп әкетіліп, жапатармағай қайталанып жатқанынан көрінді. Сондықтан шынында мұның артында әлеуетті біреулердің тұрғанына еш шүбә келтіруге болмайтын еді.

Наразылықтың дүмпуі сұйытылған газдың бағасы күрт өсіп кетуінен от алды. Енді мұның қаншалықты жойдасыз болғанына көз жеткізу үшін ептеген шолу жасап өтейік. Айталық, 2011 жылы Маңғыстау өңірінде автомобильге арналған газдың литрінің құны 30-35 теңге тұрса, ол содан бері қарай бірнеше мәрте өсімшілікке ұшырап, 2020 жылдың қаңтарында 55-тен 65 теңгеге дейін бір-ақ ырғыпты. Ал арада бар-жоғы тура екі жыл ғана өткенде, бұл мөлшер 120 теңгеге секіріп шыға келген. Демек, бірден екі есеге жуық өскен. Ендеше, осының өзі онсыз да азын-аулақ табысын біріне тартса, біріне жеткізе алмай, ыңыршағы айналып жүрген қарапайым халықты қасақана ашындырып, ашуға ұрындырудың ойлап табылған айла-амалы емес екеніне кім кепіл?

Сондықтан Жаңаөзен тұрғындары қаңтардың 2-сі, жексенбі күні оны 60 теңгеге дейін түсіруді талап еткен бейнеүндеу жариялады. Өңірдегілердің басым бөлігі көліктерін газбен жүргізеді, алайда Қазақстанда 2022 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі жалақы 60 мың теңге болып тұрғанда, жаңа бағаны олардың көпшілігінің қалталары көтере алмайтындары шүбәсіз-тін. Осыған қапа болған әлденеше жүздеген адам билік саясатына көңілдері толмайтынын білдіріп, бағаны бұрынғы қалпына апаруды талап ету үшін Жаңаөзеннің орталық алаңына таң азаннан жиналды. Соған қарағанда, олар газ бағасының осылайша қауырт өсіп кететінін де күні бұрын білген сияқты.

Алайда елдің ішін ала тайдай бүлдіріп, халық­тың қалың қарасын билікті күшпен тартып алуға пайдаланбақ болған тоғышар топ діттеген арам ой­лары мен пасық пиғылдарын бәрібір жүзеге асыра алмады. Енді бүгінгі күннің биігі белдеуінен бажайлап көз салып қарап отырсақ, бұған нақты екі нәрсенің кедергі келтіргенін айқын аңғарамыз. Әлбетте, әуелі Жаратқан иеміз осыны қалаған шығар, содан кейін аяқ астынан төпелеп тап келген барлық тауқымет пен қысымға қайсарлықпен төтеп беріп, алған беті мен алға қойған мақсаты мұра­тынан бір мысқалдай да қайтпаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шын мәнінде өз өмірін тәуе­келге тіге жүріп, біздің тәуелсіздігімізді сақтап қалды. Бұл тұжырым, бәлки, біреудің ойы оябынан табы­лар, біреуге ұнай да қоймас, бірақ кім қалай деп топшыласа да, ақиқаттың ақтарылған астары тап осындай. Егер сол жолы Мемлекет басшысы сәл осалдық танытып, әлсіздік аңдатып, босаңдық көрсете қалса, жар астында жарбиып отырған жасан­ған жау заматында Ақорданың төріне басып кіріп, оңды-солды оңдырмай ойран салған болар еді.

Осы дүрбелең жүріп жатқан күндері Парламент Сенатының комитетін басқарған адам ретінде біз айтылып жатқан жайттың барлығын көзбен көріп, көңілге түйіп жүрдік, біраз нәрсеге куә болдық, біраз жайтқа қанықтық, осыған байланысты Президент жүргізген бірқатар жиындарға да қатыстық. Сол себепті төніп тұрған қатердің қаупін бір кісідей жетік сезіне білдік.

Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газе­тінің 2024 жылғы 3 қаңтар күнгі нөмірінде жария­ланған басылым жетекшісі Дихан Қамзабекұлы­мен сұхбатында сөздің кезегі осы қасіретті Қаң­тар оқиғасы турасына келгенде, «Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Менің­ше, қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қорда­ланған әлеуметтік-экономикалық пробле­малар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды», – деген екен. Әрине, ойлайды, әлбетте, ойланады. Тек қарақан басы, отбасы мен әулеті ғана емес, өзінің соңына ерген, дәргейіне жығылған бүкіл елінің болашағына балта шабылғалы тұрған аса бір соқтықпалы да соқталы сынақтың сорабында табаны күректей он күн мерзім болуы салауатты адам баласының санасынан ешқашан шықпақ емес. Жасыратыны жоқ, сол күндерді мен де әрдайым ойыма алып, еске түсіріп тұрамын. Сөйтіп, өз-өзімнен тәубама келіп, шүкіршілік қыламын.

Бүгінде уақыт ұзаған сайын сол бір күндері Пре­зидентіміздің жүрегі мен жүйкесіне қаншалық­ты салдауыр салмақ түскенін, қандай қиын таңдауға тап болғанын, әрбірден соң жаны қалай шырқырағанын жақын сезінгендей күй кешемін. Сондайда ұлы Абайдың «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деп келетін өлеңі жадымда жаңғырып, Қасым-Жомарт Тоқаевты жан-жақтан лап қойған, айналасында анталап жүрген дұшпандарымен жападан жалғыз қалып, арыстандай алысып жүрген біздің эпостық жырлардағы батырларға ұқсатам. Бұлай деуге толық негізім бар. Біздің Мемлекет басшысы ел басына күн туған тұста ақиқатында жалғыз еді. Ол сол мәурітте кімге сеніп, кімге сенбесін де білмеген шығар. Мұның үстіне, құқық қорғау органдарының бәрінің дерлік басшылары сатқын болып шықты. Олар бұларын топалаң басталғанда жұмыс орындарын тастап кетулері арқылы толық айғақтап берді. Сол себепті Тоқаев үшін оларды шұғыл орындарынан алып, жаңа кадрлармен алмастырудан басқа амал қалмады. Осы сын сағаты соққан серіппелі күндерде Президент жанынан ең сенімді деген ат төбеліндей санаулы азаматтар ғана табылды.

«Мен 2019 жылы Президент болып сайлан­ғаннан кейін мемлекетіміз саяси жүйені демок­ратияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды. Реформаларды әзірлеуге және оны жүзеге асыруға қоғам өкілдері, белсенді азамат­тар, сарапшылар қатысты. Түрлі диалог алаң­да­рында, соның ішінде, менің ұсынысыммен арнайы құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында көптеген бастама көтеріліп, жан-жақты пысықталды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев жоғарыда атап өтілген сұхбатында. – Ашығын айтсам, осы жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады».

Президенттің айтуынша, тасада тұрып тас атқан сол жоғары лауазымдылар тобының күштік құры­лымдар мен қылмыс әлеміне ықпалы орасан зор болған. Осыған сенген олар сосын қаңтар күндерінің бас жағында өздері дүмпу берген бұла­ғайды өздері үшін тиімді пайдаланып қалып, билікті күшпен тартып алуға тәуекел еткен. Соңыра тергеу мәліметтері олардың 2021 жылдың орта­сына қарай дайындықты бастап кеткенін көрсетті. Осыдан кейін Асқар Мамин басқарған Үкімет еш ойланбастан сұйытылған газдың бағасын күрт өсіру жөнінде құқықтық негізі жоқ шешім қабылдайды. Ал Маңғыстау облысының тұр­ғындарының басым көпшілігі қапелімде аран­дату­шылардың жел берген айтағына еріп, шер­мен­денің шеруіне шыққан.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейінірек, 2022 жылғы 15 маусым күні «Россия 24» телеарнасының тілшісі Андрей Кондрашовқа берген сұхбатында қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде елордадағы резиденциясында тұрғанын және республикадан кетуге ешбір ниеті болмағанын әңгімелеп берді. «Маған әуел бастан-ақ, әсіре­се тырнақша ішіндегі кейбір жолдастар тік­ұшаққа, не ұшаққа мініп, Қазақстаннан ұшып шығуды ұсынғанда, өзімнің Астанадан ешқайда кетпейтінімді айтқам. Менің, әлбетте, ондай жоспарым болған жоқ, өзімді осында болуға тиіспін деп есептедім», – деді ол. Бұған төңкерістердің түпкі мақсаты қашанда билікке «мүлдем басқа адамдарды әкелуден тұратынын» қосты.

Ал ресейлік тарихшы-публицист Леонид Мле­чин 2022 жылдың соңында жарық көрген «Трагический январь. Президент Токаев и извле­че­ние уроков» деген кітабында дүрбелеңнің дәсәуілгі күндері арнайы келіп жолыққан екі белгілі азамат­тың Мемлекет басшысына «өз өмірін сақтап қалу үшін елден кетуді» ұсынғанын, оған сонымен бірге «алғашқы уақыттарда қажет» болатын аса ірі көлемде ақша берілетінін айтқандарын жазды. Бірақ, бәрімізге мәлім болғанындай, Тоқаев мұндай бопсалау мен қоқан-лоққыдан қорықпайтынын кесіп айтып, ешқайда қарыс қадам ұзап шыққан жоқ. Міне, оның осы батылдығы мен табандылығы арқасында ғана Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін сақтап қала алды.

Президент, әлбетте, жай қалып қоя салған жоқ, сол бойда қорғаныстың батыл шараларын жеделдете қолға алды. Ең алдымен Үкіметке нақты тапсырма бере отырып, оқиғаның барысын бақылап, мәмілегерлік саясатына бас болатын арнаулы комиссия құрғызды. Оның мүшелері қоғам өкілдерімен кездесіп, ортақ келісімге келу үшін бірден аймақтарға аттанды. Артынша көре көзге қысастық жасаған күштік құрылымдар басшыларын орындарынан алып, кейбіреулерінің үстерінен қылмыстық іс қозғатты.

Алайда көп ұзамай облыстардағы бейбіт жиындар соңы экстремистік сипат ала бастады. Мұны әдейі ұйымдастырып жүрген бұқпадағы қаскөйлер шерушілерді билікке қарсы одан бетер айдап салып, ортақ ымыраға келу үшін жүр­гізіліп жатқан келіссөздердің нәтижесіз аяқ­тала берулеріне күш салды. Осы текетірес ақыры екі жақты қақтығыстардың орын алуына алып барды. Сол тұста алдын ала дайындалған қылмыстық топтар іске қосылды. Олар әртүрлі құрал-жабдықтарды қолдана отырып, бейбіт шерулерді жаппай орын алған тәртіпсіздіктерге ұластырды. Бұдан әрі тәртіп сақшыларын ұрып-соғу, ғимараттарды қирату, өртеу, өзгенің мүлкін бүлдіру белең алды. Дүрбелең кезінде қарулы радикалдар мен лаңкестер бір жерден берілген бұйрықпен бір мезгілде мемлекеттік органдар мен күштік құрылымдар ғимараттарына, сол сияқты қару-жарақ дүкендеріне, әскери бөлімдердің қойма­ларына шабуыл жасады, мородёрлік әрекет­тер кеңінен өрістеді. Сөйтіп, қанқұйлы қарақ­шылар топтары мемлекеттік төңкеріс жасау жөнін­дегі жоспарларын жылдам жүзеге асыруға ұмтылды, ал экстремистер, қылмыстық топтар және әсіредіншілдер олармен бірге қимылдады.

Шынында сол кезде жалпы ахуал өте күрделі болатын, еліміз құрдымға кетуге шақ қалды. Президент мұның алдын алу үшін қолдан келетін әрекеттің бәрін істеді, ол қарсы қойылып жатқан шаралардың барлығын күндіз-түні өз бақылауында ұстады. Ал былайғы халықты басу және үрейге бой алдыртпау мақсатында теледидар арқылы ұдайы мәлімдемелер жасап, оларды атқарылып жатқан нақты тірліктер жөнінде құлақтандырып отырды. Осылайша екі апта бойы тапжылмай, елді Ақордада отырып басқаруының нәтижесінде біртіндеп қауіптің бетін қайтарып, тыныштық салтын қалпына келтірді.

Айтатыны жоқ, Қаңтар оқиғасы бір жағынан жұрттың жанын жүдеткен дүрбелең ретінде таныл­са, бір жағынан елдің есін де жиғызған дүрлігіс болды. Әуелгіде «Газ-50» ұранымен көтеріліп, соңы әлеуметтік-саяси мәселелерді алға тар­тып, жаппай бүлікке жалғасқан қозғалыстың тек­тен тек кең өріс алып кетпегені анық. Егер сол оқиғалардың сұлбасынан кейін келіп, бір бүйір­ден қосылған бүлікшілер мен олардың аран­дату­шылық әрекеттерін түгел сылып алып тастасақ, арғы жағынан қарапайым халықтың ашынғаннан шыққан ащы даусы арқылы айтылған шынайы талап-тілектері көлбеңдеп көрінер еді. Көптің бұлай ызаға булығып, ашуға бой алдырып, бас көтерулерінде де себептер бар. Осы кезге дейін өлмешінің күнін кешіп келген тұрғындардың әйтеуір бір күні дәл осылай өре түрегелері күмәнсіз-тін.

Осы орайда қазақстандық сарапшылар мұн­дай жарылысқа қарапайым халықтың жылдар бойы тартқан тұрмыстық тапшылықтары, өте төменгі деңгейдегі әлеуметтік жағдайлары басты түрткі болды деп есептейді. Олардың бірқатары бұл ретте бұрынғы президенттің өзі билік тізгінін ұстағаннан бастап мемлекеттің басты ұраны етіп алған «әуелі – экономика, сосын – саясат» деген ұстанымының түбірінен дұрыс болмағанын қадап айтты. Мәселен, «Банк ЦентрКредит» акцио­нер­лік қоғамының басқарма төрағасы Ғалым Құсайы­нов Қазақстанның проблемасы жеке­леген олигополияға тіреліп тұрмағанына тоқ­тала келіп, мәселенің одан әлдеқайда тереңде жат­қанына назар аударды. «Бізде әрдайым «алды­мен – экономика, сосын – саясат» деген қағидат үстемдік құрып келді. Ал әлемдегі дамыған ел­дерде керісінше алдымен саясат, сосын барып экономика тұрады. Бізде де ең әуелі саяси рефор­малар жасалуы керек. Әдетте саяси институттар жұмыс істемеген жерде ештеңе өнбейді. Осы ретте қарапайым қателіктің өзін жібермейтін жапон жүйесін мысалға алсақ болады. Тап сондай құрылым бізде де құрылуы керек. Ол үшін дұрыс жұмыс істейтін сот, парламент, ішкі істер органдары, прокуратура секілді дамыған институттар керек болады. Екінші мәселе – статистика. Бизнесте «егер компанияңыздың есептік көрсеткіштері дұрыс болмаса, басқарушылық шешім қабылдауға болмайды» деген ұғым бар. Өз басым біздің ста­тистикада шынайы мәліметтер барына сенбеймін. Біз осы қателіктер түзетілгенде ғана оңды қадамдар жасай аламыз. Қаңтар қырғыны орын алғалы бері бірнеше күн өтті, бірақ билік тарапынан ешқандай салиқалы экономикалық мәлімдеме болған жоқ. Сонда оның алдағы жоспары қандай? Олар бұл күйзелістерді реттеу мәселесін бизнесмендермен, салалармен және көпшілікпен қалай талқылауды көздеп отыр?» – деді ол бұдан әрі.

Ал экономист Рахым Ошақбаевтың пайымын­ша, Қаңтар оқиғасының ең басты бір себебі – халықтың несие жүктемесінің тым ауырлап кетуінде. Бірақ қаржыгерлер мен банкирлер мұны­мен келісе қоймайды. Алайда дәл қазір 1,5 миллионға жуық адам банк алдындағы 90 күн­нен асқан берешектерін өтей алмай отыр. Олардың бәрі сот орындаушылар палатасының ста­тистикасына кірген. Соңғы үш жылда атқару өндірісінің саны 1 миллионға жеткенін көр­дік. Әбден қаржылық дағдарыс тереңіне батқан адам­дар саны 2-ден 3 миллионға дейін жетуі мүмкін. Базалық және сақтандыру секторы өскеніне қара­мастан, Қазақстан халқы кедей­ленуде. Себебі, мемлекеттің байлығы әділ бөлінбеген. Мем­ле­кеттік басқару билігі белгілі бір топтың қолы­на шоғырланып қалған. «Нәтижесінде барлық қада­ғалау олигополияның еншісінде. Көп жылдар бойы біз адамдардың төлем қабілеттілігі жоқтығына құқықтық мәртебе бере алатын жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдау керек деп айтып келдік. Өкінішке қарай, заң жобасы үміт сыйлап отырған жоқ. Біз өткеннен мүлде сабақ алмаймыз. Қаңтар оқиғасынан кейін де әдеттегі өмір салтымызға оралып алдық. Сондықтан ерте ме, кеш пе, Қаңтар оқиғасы секілді дүрбелеңге қайта кез боламыз», – деді экономист соңында. Біз бұл айтылып жатқан пікірлердің денімен келісеміз. Соның ішінде «сабақ алмау» хақындағы тұжырымды жоққа шығара алмасақ керек.

Шынтуайтында басы бейбіт басталып, ақыр соңында 238 адамның өмірін жұлып кететін, соның ішінде 19 күштік құрылым өкілдері жан тәсілім ететін Қаңтар қырғыны кез келген мемлекеттің талайлы тарих тауанында жиі кездесе беретін кезекті келеңсіз оқиғаның бірі емес еді. Елді еңсеріп әкеткен жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан жалпы саны 4 656 адам әртүрлі дене жарақатын алса, олардың 3 393-ін күштік құрылымдар сарбаздары құрады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, осы оқиға күндері біздің мемлекеттігіміздің тағдыры шешілді, келешегіміздің үкімі кесілді, бұдан кейін қандай жолға түсіп, қалай күй кешетініміз айқындалды. Өкінішке қарай, қазір оның оябынан оншалықты ор­нықты ой қорытып, салиқалы сабақ алған қоғам­ға ұқсай қоймаймыз. Бұлай дейтініміз, содан бергі арада өткен үш жыл ішінде оқиғаның табиғаты мен тынысына терең үңіліп, оларға жан-жақты тал­дау жасалған еңселі еңбектерді көп көріп жат­қан жоқпыз. Біз бұлардың қатарында жоғары аталып өткен Леонид Млечиннің «Трагический ян­варь. Президент Токаев и извлечение уроков», мемлекет және қоғам қайраткері Жақсыбек Құле­кеевтің «Қаңтар оқиғасы: Ақорда үшін күрес» деп аталатын кітаптарын ғана атай аламыз. Деген­мен, қазір мәскеулік публицистің фолианты өз еліндегі оппоненттері тарапынан негізінен бір жақты позициямен жазылған тенденциялы туын­ды ретінде сыналып жатыр. Бұған оның тек басы мен аяғы, – анығы, бірінші және төртінші тарау­лары, – ғана Қаңтардың қаһарлы күндерінен хикая тартатыны, қалған екі тарауы Президент Тоқаев­тың балалық шақтан күні бүгінге дейінгі жүріп өткен өмір жолдарын бейнелеуге арналғаны себеп болғанға ұқсайды. Бұған қарағанда, өз отан­дасымыздың кітабында сол күндерде орын алған жайттарға тереңірек шолу жасау мен байыпты баға берудің біршама талпыныстары бар.

Бұлардан бөлек, бізде қасіретті қырғынның өне бойын суреттейтін тағы бірнеше деректі фильм оқырман назарына ұсынылды. Бірақ бұлардың да тең жартысын ресейлік документалистер түсірген сыңайлы. Сосын сол күндердің шежіресі сынды, көп жағдайда бірін бірі әр қырынан қайталай беретін біраз хроникалы материалдар жазылды. Алайда мұның бәрі жиылып келгенде де, біз сөзге арқау етіп отырған орасан зор ордалы оқиғаның жай-жапсары мен жағдаятына қарағанда, өте аз, тіпті мардымсыз кем. Бұған қоса, оған байыпты баға беру, сыры мен қырын ашу жоқтың қасы.

Сондықтан біз сол олқылықтың орнын сәл де болса толықтыра түсейік деген ниетпен қолға қалам алдық.

(Жалғасы бар)

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған