10

7 көкек

Таңертең әлденеге елегiзiп, үлкен бiр шаруадан кеш қалғандай, немесе пойыздан, ия ұшақтан қалып қойған жолаушыдай абыржыған күйде ояндым.

Басымды көтергенде бiрiншi көр­генiм — тумбочка үстiнде жатқан хат болды. Жүрегiм зырқ ете қалды. Үрей оты тамыр-тамырымды қуалап, лез­де жан дүниемдi шарпыды. Апыл-ғұпыл бүктеулi жатқан қағазды аштым — со­ның өзi. Хатты оқи бастағанда үрей­дiң сыртында «не жазды екен» деген әлде­бiр қызығушылық сезiмiнен де құр­алақан емес екенiмдi байқап тұр­мын.

«Бейтаныс құрбым! Жауап жазға­ныңызға рақмет. Бәрi де мен күткен­дей болды. Сiз қалыптасқан тұрақты көзқарастың адамы екенсiз.

Болмыс ұшы-қиыры жоқ базар секiлдi. Әркiм сол базардан өзiне кере­гiн ғана алады. Қалыптасқан көзқарас бойынша, керек емес заттың керегi жоқ. Бiрақ сiз керек емес затты да бiр алып көрiңiзшi. Барлық қызық содан басталады. Бұл — қалыптасқан дағ­дыны бұзу, жаңалыққа құштарлық. Тiр­шiлiк жаңашыл танымның арқасында ғана дамитынына дауыңыз жоқ шығар.

Арғы-бергi тарихқа көз жiберген кiсi адамзатты бақытты болды деп айта алмас. Жер бетiндегi қырғын соғыстар, аштық, апат, iндет, адам баласының бойынан арылмаған қия­нат, қайыршылық, ол аз болса, бүгiнгi табиғат дертi: бұзылған ауа, уланған су мен топырақ — соның дәлелi.

Мұның бәрiн былай қойғанда, жеке адамның тағдырын — тiптi мына екеумiздiң тағдырымызды — алайық­шы. Бақыттымыз ба? Өз басым бақыт­тымын деп айта алмай­мын. Өмiрдегi осынша қиянат пен әдiлет­сiздiктi көре тұрып, және одан құтыла алмасыңды бiле тұрып, қайтып бақыт­ты боласың ? Сан ғасыр бойына iзгiлiк пен адалдыққа үмiтiңдi артсаң да, сол үмiт өмiр шын­дығымен бетпе-бет келгенде бала­ның ойыншығындай быт-шыт болатынын тарих қанша рет дәлел­десе де, ештеңе ұқпайтын нақұрыс­­тай алған бетiмiзден қайт­пай­мыз. Соқыр ұстағанынан жазбайды дейдi. Бәлкiм, бұл — рухани соқырлық болар.

Бәрiне сенумен келемiз. Отқа да сендiк, суға да сендiк, табынбаған заты­мыз қалмады. Құдайға да, пайғам­барға да сендiк. Көсемге де, шешенге де сендiк. Бiрақ адамзаттың қасiретi содан жеңiлдедi ме? Адамзат қанша ғасыр өмiр сүрсе, сонша ғасыр алданып келедi. «Iзгiлiктiң жеңiсiне сенiңдер», — дейдi ақын-жазушылар. Ол жеңiс қашан болады? Iзгiлiк қай ғасырда же­ңiс­ке жетпек? Анық дәлел бар ма? Жоқ. Тек солай болса екен деген тiлек қана.

Сонда осынша бақытсыздықтың себебi не деген заңды сұрақ туады. Негiзгi себебi — ақыл-ой кеңiстiгiнде адамзаттың осы уақытқа дейiн ада­сып келгенi; оның рухани әлемiндегi жақсылық пен жамандық немесе iзгiлiк пен қиянат деп аталатын ұлы ғибадатханалардың қате салынуы.

Олай болса, ар-ұят, адамгершiлiк, әдiлет туралы түсiнiктерiмiздi қайта жасауымыз керек.

«Жаман деп жүргенiмiздi жақсы деуге батылымыз жеткен күнi бiздiң өмiрiмiзде ұлы кезеңдер басталады», — дейдi Ф.Ницше.

Ескi ұғым, ескi қағида, ескi дағды бiздiң ақыл-ойымызды буып, шын­дық пен ақиқаттың жүзiн дұрыс көрсет­пейдi.

Қаншама тарихи тұлғалар кезiнде әйкәпiр атанып, отқа өртелiп, дарға асылып, елден аласталды — кейiн пай­ғам­барлар қатарына қосылды. Әде­биет пен өнер саласында қаншама көркем туындылар ең өркениеттi ел­дер­дiң өзiнде қоғамдық моральға үйлеспейтiн «ұятсыз» шығармалар деп танылып, оларға тиым салынып, жаңа заман, жаңа ұрпақ келгенде ең озық туындылар қатарынан орын алды. Осының бәрi ескi ұғымның сал­дары. Одан босанған сәтте-ақ сана­мызға нұр бiтiп, алдымыздан анық та, айқын басқа өмiр басталады. Ен­деше бiздiң санамызға бостандық керек. Ақыл-ойдың азаттығы керек. Оны тоқтатар ешқандай кедергi болуға тиiстi емес. Тек рухани шексiз бостандық қана адамзатты бақытты ете алады.

Сәлеммен, Бейтаныс құрбыңыз».

Жақсылық та, жамандық та алды­мен дүниеге идея күйiнде келедi. Сосын iске асады, сенiмге айналады. Ал мына хаттағы идеяларды рухани әлемге тасталған атом бомбасы деп қана қарауға болады. Оның зардабын болжау мүмкiн емес…

Бұдан әрi ойлауға шамам жетпедi. Жүйке тамырымның тартылған сымдай сiресiп, үзiлудiң аз-ақ алдында тұрғанын сезiп, соны босату үшiн айқайлап коридорға шықтым:

— Бұл не деген сұрқиялық?! Не қылған адам өзi? Неге менiң бөлмеме сұраусыз кiредi?

Жүгiрiп медбике келдi. Жұмысқа жақында тұрған әйел едi.

— Сiз не бiтiрiп жүрсiз? – деп бажыл­даймын оған өзiмдi-өзiм тоқтата алмай. — Бөтен адамды неге кiргiзесiз менiң бөлмеме?

Медбике менi әрең дегенде сабырға шақырып, не болғанын сұрады. Мен оған жөппелдемеде ештеңе түсiндiрiп бере алмадым. Тек хатты көрсетiп: «Мiнеки, мiнеки, бұдан артық қандай дәлел керек?» — дегендi қайталай беремiн.

Ақыры медбике не болғанына түсiндi.

— Мен барда сiздiң бөлмеңiзге ешкiм де кiрген жоқ,- дедi маған таңырқай қарап.

— Қалайша кiрген жоқ? Мiне, мiне, — деймiн тағы да хатты көрсетiп.

— Жақсы, — дедi ол әлден соң бiр құпияның бар екенiн сезгендей болып. — Сiз қазiр жатып демалыңыз, сабырға келiңiз. Сосын көремiз.

Медбике менi бөлмеге кiргiзiп, тыныштандыратын дәрi бердi де:

— Бүгiн далаға шықпай-ақ қойыңыз. Егер кешке қарай мазаңыз болмаса, кезекшi дәрiгерден жатарға укол сұраңыз, — деп ақыл қосты.

— Сiз ғафу етiңiз, – дедiм мен бейбiт үнмен медбикенiң қолынан ұстап. — Ыза болған соң, даусым шығып кеттi. Мен сандырақтап отырған жоқпын. Сенесiз бе? Мен бiр тығырыққа тiрелгендей жағдайда жүрмiн. Осында келгелi бiр адамнан хат аламын. Соң­ғысы — мынау. Бiрақ кiм екенiн бiлмеймiн. Мазақ қылғандай кейде бөлме­ме тастап кетедi. — Қолымдағы хатты тағы көрсеттiм. — Аңдығаныма бiраз болды. Жүйкеме тиiп жүрген нәрсе — осы.

Медбике шын ойланып:

— Хатты қашан көрдiңiз? — дедi.

— Осы жаңа ғана.

— Жаңа ғана? — деп қайталады ол шошығандай бiр үнмен. — Жарайды,-дедi сосын шығуға бет алып. — Мен жақында келген адаммын, көбiн әлi тани қоймаймын… Бiрақ, байқап жүрейiн. Ал сiз дем алып жата тұрыңыз, — деп есiктi сыртынан жапты.

Мен байыз тауып жата алмадым. Сағат 11-де аутотренингке бардым. Бiрақ iшiмдегi жайсыз ойлардың мазамды алғаны сонша дәрiгер қыздың әдемi ерiнi мен маржандай тiстерi, жұмсақ үнi, жан рахатына шақырған сиқырлы сөздерi, қиял тербеген музыка — бәрi де әсер етпедi.

Ақыры кешке хат жазуға отырдым.

«Құрметтi бейтаныс! Сiз бен бiздiң тығылмақ ойнап, айтысқанымызға бiраз болды. Олай болатын себебi — екеу­мiз де бiрдi айтып, бiрге кетемiз. Әрқай­сымыз өзiмiздiкiн дәлелдеу үшiн, бүкiл жиған-тергенiмiздi ортаға салып, өзiмiзге тиiмдi дәлелдер мен қисын­дарға ғана жүгiнемiз. Егер айтар ойы­мыз бен жүгiнер шындығымызды нақты алғышарттарға негiздемесек, сiз екеумiз өмiр бойы айтысып өтуiмiз мүмкiн.

Сонымен, сiздiң айтуыңызша, адам­заттың осы кезге дейiнгi жүрiп өткен рухани жолы — жалған, өйткенi адам баласының әу бастағы бетке алған темiрқазығы — адамгершiлiк мұраты дұрыс емес. Iзгiлiк, қиянат, махаббат, адалдық, арамдық деген ұғымдар қате қалыптасқан. Сондықтан ең алдымен мұраттың өзiнен бас тарту керек. Бәлкiм, «бас тарту» деген сөз жоқ та шығар, бiрақ түптеп келгенде айтар ойдың тоқ етерi — осы.

Ал, менiңше, адамдар осы кезге дейiн қалыптасқан адамгершiлiк қағи­даттарын орындағаннан емес, керi­сiнше, орындамағаннан рухани тоқы­рауға ұшырап отыр. Рухани ғибадат­ханаларды қате салғаннан емес, керiсiнше, қасиеттi орындарды қадiрле­мегеннен, құндамағаннан, ласта­ғаннан бақытсыз болып отыр.

Рас, дүниеге келген жан иесiнiң бәрi де бостандыққа ұмтылады. Бос­тандық, сiздiң ойыңызша, қолбай­лаудан босану. Шынында да бостандық «босану»(құтылу) деген сөзден пайда болған. Бiрақ, қолды тек жамандық қана байлай ма екен? Парыз, обал,сауап, ар-ұят деген ұғымдар бар емес пе? Сонда ар-ұяттың қолбайлауынан босанған кездi де бостандық деймiз бе? Олай қарасақ, бүкiл тежеусiз iстiң бәрi — имансыздық, қылмыс, алдау-арбау, жезөкшелiк — қысқасы, ойға не келсе, соның бәрiн iстеу (ал ойға не келмейдi) — бостандық болып шықпай ма? Ойларына не келсе, соны iстеген Рим цезарлары — Нерон, Калигула және басқалар шын мәнiнде, нағыз бостан жандар болар едi. Өйткенi олар белгiлi бiр қалыптасқан қағидаға бағынған жоқ, бәрiн бұзды; өз шешелерiмен ашына болды, мiнiп жүрген аттарын сенатқа мүше қылды т.с.с. Бiрақ, ит­тiң иесi болса, бөрiнiң тәңiрiсi бар. Олар­ға тарихтың бағасы да, үкiмi де берiлдi.

Бәлкiм, адамзатты осынау жын-ойнақтан сақтап қалған дiн болар. Соның арқасында есiрген iбiлiс ауыз­дықталмаса да, жазғырылатын болды. Адам санасына бiр құдайдың келуi ендi оның ешқашанда хайуан бола алмай­тынын, сол себептi хайуани бостан­дықпен өмiр сүруге хақысы жоқ екенiн бiлдiрдi. Соның арқасында өз қыздарына өздерi үйленiп жүрген «бос­тан» жандар ойларына келгендi iстей алмай, шариғатпен шектелiп қалды.

Бiрақ сiз ойлағандай, бостандықты өзге өмiрден бөлiп алып, оған пұтқа табынғандай табынатын болсақ, әлгi жын-ойнаққа қайтып келуiмiз әбден мүмкiн.

Адам адам болғаннан бастап, оның жан дүниесiнiң түкпiрiндегi зын­данға салынған: қатерлi нәпсi, хай­уани түйсiктер, ұятсыздық пен ынсапсыздық, қатыгездiк пен қарау­лық, рақымсыздық пен тоңмойын­дық сенiң бiр сәттiк шарасыздығыңды пай­даланып, бiздi босат, сыртқа шығамыз деп зiркiлдейдi. Ал сен оны бостандық деп ойлайсың. Оны босату түрмедегi қауiптi қылмыскердi босатқанмен бiрдей екенiн түсiнгiң келмейдi.

Көшеде кетiп бара жатқан әдемi келiншектi көрсең , пенделiк жеңiлтек сезiмге берiлiп, оған қызығасың. Бiрақ, сәл сабырға жүгiн. Ол келiншек өзiң секiлдi бiреудiң жары, қарындасы… Сенiң сәбиiң секiлдi бiр сәбидiң анасы. Мiне, осы жерде сен үлкен қатыгездiк пен табандылық көрсетiп, өзiңе «Тоқта!» — дей бiлуге тиiстiсiң. Өйт­кенi бостандық бiреуге залалың ти­мей­тiн жерге дейiн ғана бостандық, одан әрi — қиянат. Егер тоқтай алма­саң, хайуани сезiмнiң құлына айналасың.

«Сенiң патшалардан айырмашы­лығың не?» деген сұраққа данышпан Сократ: «Олар өз бойларындағы құмарлықтың құлдары, ал мен сол сезiмдердiң патшасымын,» деп жауап берген. Сократ сол құл-патшалардан жүз есе бостан.

Өмiрдiң мәнi мен мағынасы қара­пайым ақиқаттан тұрады. Бiздiң сорымыз — сол оп-оңай ақиқатты түсi­нуге және оны орындауға құлқымыздың жоқтығы. Бiз өз еркiмiзбен ең қиын, ең бұралаң жолды таңдап алып, өзiмiз қолдан жасаған қиындықпен жан аямай күресiп, ешкiмге керегi жоқ ерлiктер жасаймыз. Мәселен, темекiнiң адам ағзасына тигiзер зиянын жұрттың бәрi бiледi. Осы бiр жұрттың бәрi бiлетiн ақиқатқа мойынсұнып, одан өзiңдi сақтау үшiн үлкен қайраткерлiктiң , жанпида ерлiктiң , тiптi ештеңенiң де керегi жоқ секiлдi, тек темекiнi тарт­пасаң болғаны. Бiрақ жер бетiн­де қанша миллион адам осыған шама­лары жетпей, қасiретке душар болып жүр. Мыңдаған адам темекiден өкпе рагiне т.б. ауруларға ұшырайды. Олар­ды емдеу үшiн қымбат дәрiлер жасалып, мемлекет қазыналарынан қыруар қаржылар бөлiнедi. Алайда қол­дан жасалған осы дертпен күрес­те адамзат бiрыңғай жеңiлiске ұшы­раумен келедi. Статистикаға жүгiн­сек, жер бетiндегi жер сiлкiну, өрт, тасқын тағы басқа табиғат, жол апаттарынан, iндеттен, қылмысты әрекеттерден — бүкiл көлденең ажал­дан мерт болғандардың 41,4%-i темекi құрбандары. Яғни жер шарындағы бүкiл қасiреттiң тең жартысына жуығы темекi зардабынан болып отыр.

Бiр қарағанда оп-оңай көрiнген зат­тың миллион есе қиындап, осын­дай әлемдiк проблемаға айналуы кiп-кiш­кентай бейкүна жәндiктiң аяқ астынан аждаһаға айналғаны секiлдi, шынында да, сұмдық емес пе? («Адамдар ең көп азапты қарапайым ақиқатты елеме­геннен шегедi» — дейдi сiздiң сүйiктi философыңыз Ф.Ницше). Ал сiз осы бәледен құтылудың жолы — темекiнiң бойынан бiр жақсы қасиет тауып, темекi шегудi заңдастыру деп ойлайсыз. Бұл өз бойыңдағы кеселдi дағдыға қол көтерiп берiлу, ештеңеге қарсы тұра алмайтын, күресе алмайтын, табансыз, әлсiз жанға — құлға айналу деген сөз.

Бостандық адамның өзiнiң iшiнде, санасында. Тумысында қорқақ, жағым­паз жанға қанша құқықтық бостандық бергенмен, ол бостан бола алмайды. Шектен тыс өзiмшiл, шенқұмар, нәпсiқұмар, ашқарақ адамдар ешқашан да бостан бола алмайды. Өйткенi олар өздерiнiң әлгi ниеттерi мен пиғылдарының құлақкестi құлдары.

«Бостандық деген не? — Ар-ұят­тың тазалығы», — деген бiздiң дәуiрi­мiзден жетi ғасырдай бұрын жер бетiндегi жетi дананың бiрi — Периандр Коринфский.

Ғажап емес пе! Яғни шын бос­тандыққа рухани кемелдену арқылы ғана жетуге болады. Мiнеки, мұндай бостандықтың алдында бас киiмiңдi алып, басың жерге жеткенше иiлу керек.

«Iзгiлiк қай ғасырда жеңiске жетедi? Анық дәлел бар ма?» — депсiз. Iзгiлiктiң жеңiсiн жер бетiнен зұлымдықтың түп-тамырымен жойылып кетуi деп түсiнсек, тым қарабайырлық болар едi, әрине. Iзгiлiктiң жеңiсi — iзгiлiк туралы идеяның адамзат санасына берiк орнауы.

Дегенмен, бұл мәселенiң бiр-ақ жағы. Жеңіс пен жеңiлiстiң ара-қаты­насын сiз бен бiз әлi анықтаған жоқпыз. Қазiргi ұғымда жеңiс бiзге рингте қарсылысын ұрып жыққан боксердiң немесе арзанқол кино­фильмдерде өз жауын атып құлатқан боевиктiң еншi­сiндей ғана елестейдi. Яғни қаза тапқанның бәрi — жеңiлгендер. Алайда, адам төзгiсiз қаталдықпен жау қолынан қаза тапқан Иса пайғамбардың жеңiлiсi ақыры адамзат үшiн нағыз ұлы жеңiс болып шыққан жоқ па?! Өмiрде осындай жеңiске бергiсiз жеңiлiстер бар. Немесе ұядағы балапанын қорғап, жыланның аузына өзi құлап өлген торғайдың ерлiгiнен артық қандай ерлiк болуы мүмкiн?! Бұл да жеңiске бергiсiз жеңiлiс емес пе? Таң қалсақ, осыған неге таң қалмаймыз?

Жалпы ерлiк дегеннiң өзi не нәрсе? «Кеселдi кiсiнiң ер келетұғыны несi?» — дейдi Абай. Қарап отырсаңыз, бiздiң көбiне ер дейтiнiмiз кеселдi iске жүрек жұтқандар. Қаннан қорықпау, кiсi өлтiруден, тонаудан, қанаудан қорықпау. Қысқасы, қарақшылар мен жендеттер ер деген атқа ең лайық жандар болып шығады. Ал руха­ни ерлiктi қайтемiз? Мәселен, өз мiнiң­мен қателiгiңдi мойындаудан қорық­­пау, өзгеге қаталдық емес (одан оңай не бар), өзiңе қаталдық көр­сете бiлу, өзiңдi жазалай бiлу, қысқасы, ең алдымен өзiңдi өзiң жеңе бiлу — мұның бәрi ерлiкке жатпай ма? Өзiнен әлеқайда күштi жаудың аузына өз еркiмен түсуге жүрегiн дауалата бiлген жаңағы торғайдың ерлiгiн арыстанның қайталай алмауы әбден мүмкiн. Бәлкiм, осы тұрғыдан кейбiр ұғымдарды қайта қарауға тура келетiн шығар.

Сiздiң бүкiл идеяңыз «iзгiлiк мұрат­тары жер бетiндегi адамдардың кемел­денбеген өмiрiне сәйкес кел­мейдi» деген тұжырымға негiзделген. Рас, анық өмiрде кемелiне келген мүлтiксiз ештеңе жоқ. Бар болса, ол әрi қарай дамымас та едi. Жер бетiн­дегi тiршiлiктiң мәңгiлiгiнiң өзi мәңгi дамуға негiзделген. Сондықтан кемелiне жеткен мүлтiксiз ештеңе болуға тиiстi емес. Бiрақ суретшi иә мүсiншi өз туындысын жасағанда мiндеттi түрде жаңағы өмiрде жоқ кемелдiкке ұмытылады. Оған ешқа­шанда жете алмасын өзi де бiледi. Алайда соның арқасында талай тама­ша өнер туындыларының дүниеге келетiнi белгiлi.

Емделмейтiн ауруларды емдеу ар­қылы, алынбайтын қамалдарға жасал­ған шабуылдар арқылы, сол жолдағы жеңiске бергiсiз жеңiлiстер арқылы адамдар ғажайып рухани биiктерге көте­рiледi, адами мүмкiндiктiң көкжие­гiн кеңейтедi.

Ендеше мұраттың қарабайыр тiр­шiлiкке сәйкес келмеуi оның кемшiлiгi емес, керiсiнше, артықшылығы болмақ.

Өмiрдi жақсартуға болатын iзгi сезiмдер мен iзгi шарттарды құ­дай бәрiмiздiң бойымызға берген. Ендi сол шарттар мен ойға ал­ған ниет­тердiң iске аспағанын өзiмiз­дiң табансыздығымыз бен жiгерсiз­дiгi­мiзден көрудiң орынына, ар-ұят­тың құдiретiмен жасалған қасиет­тi ұғымдарды тәрк етiп, бүкiл адамзат­тың парасатын жоққа шығарғымыз келедi.

Адами өмiрдiң заңын адам жасай­ды. Ол заңның iске асуы өзiмiздiң құл­қымызға байланысты. Рас, таби­ғаттың iрге тасында бiздiң қасиеттi сезiмдерiмiздi қорлайтын қатал заңдар көп. Бiрақ,табиғаттың ол заңдарымен өмiр сүретiндей, оны өзiмiзге тiршiлiк шарты етiп алатындай — бiз хайуан емеспiз ғой.

Айталық, тәңiрi үшiн, махаббат үшiн, ұлы мақсат-мұрат үшiн өзiн-өзi құрбандыққа шалу немесе өмiрдiң рахат-қызығынан өз еркiмен бас тар­ту, қасiретпен тазару тағы сол сияқ­ты әулие қасиеттер табиғат заңында (дәлiрек айтсақ, хайуанат заңында) бар ма? Жоқ. Әулиелiкке адамнан басқа жан иесi түсiнбейдi. Олай болса, хайуандар әлемiнiң заңдарын таби­ғат заңы деп желеу етiп, өз күнәмізді ақтау үшiн санамызды сарсаңға салып, небiр қисынды қиыннан қиыстырып, құдай берген қабiлетiмiздi босқа сарыққанша, кiсiлiк парасатқа лайық­ты шарттармен өмiр сүргенiмiз дұрыс емес пе? Ал оған шамамыз жет­песе — мейлi жетпесiн, бiрақ алған бетiмiзден неге қайтамыз? Алған беттен қайттық екен, онда бойымыздағы парасат сезiмдерi желге ұшып, оның орынына хайуани сезiмдер бас көтередi. Өзiмiздiң хайуан екенi­мiздi сезген сәтте-ақ бүкiл адами мiндеттердi жеңiлдетiп, күнә мен қылмыстарымызды ақтап, өзiмiздi емес, ар мен ұяттың қағидаларын «жөндеуге» кiрiсемiз. Бұрыстың бәрiн дұрыс қылып заңдастыру әрекетiн бастаймыз. Яғни кiсi өлтiрсек те, «бұл табиғатта бар нәрсе, солай болған, болып келедi, бола бермек».

Осыдан кейiн бостандық. Не iс­теймiн десең де, өз еркiң. Күнәға бат, арыңды сат, жарыңды сат, алда-арба — өйткенi адам мақсатты түрде күнәһар болып жаратылған. Табиғат заңы осындай. Қандай рахат! Бостандыққа шыққан баскесердей ойыңа не келсе, соны iстейсiң. (Сiздiң «қол созым жерде тұрған бақыт құсыңыз« осы болар).

Жоқ, бейтаныс замандас! Өмiр деген ұлы Ойынның ережесi баяғыда жасалған. Әдетте ереженi төменгi дәрежедегi ойыншылардың жиi бұза­ты­нын және олар үшiн ереже қашан да ауыр жүк екенiн есiңiзге салғым келедi.

Қош болыңыз!

Бейтаныс.

Айтпақшы! Кезiнде әйкәпiр атанып, отқа өртелген, дарға асылған, ел­ден аласталған пайғамбарлар, тиым салынған әйгiлi шығармалар қиянат­ты қарапайым халықтан емес, билiк жүйесiнен көрдi. Ал халық өзiнiң есте сақтау қабiлетi арқылы оларды тарих ажалынан аман алып қалды.»

Мен хатты каридордағы келiсiлген жерге апарып тықтым да, бөлмеге келiп, өзiм жазған хаттың әсерiмен ойланып ұзақ жаттым.

Менiң мазамды алған ең алғаш­қы хатта келтiрiлген қытай философия­сындағы «Ян» мен «Инь»-нiң арақа­тынасы. Бiр заттың мезгiл-мезгiл кереғар екi күшке айналып тұратынын мойындайын. Бiрақ осы кереғар екi күш қалайша өздерiнiң мән-мағы­наларынан айрылуға тиiстi? Неге ақ пен қара, адал мен арам, iзгiлiк пен қиянат iштей былығып, бiр-бiрiмен ми­дай араласуы керек? Толып жатқан шырғалаң ойлармен көз байламай, анық ақылмен, сезiммен пайымдасақ, тамақ пiсiрiп жатқан қазан түбiндегi от пен адамдардың жиған-тергенiн күлге айналдырып жатқан сұрапыл өрттi түбi бiр деп бiр құбылысқа айналдыруға бола ма? Жоқ. Екеуi бiр табаққа сыймайтын құбылыс. Алайда екеуiнiң бiр табақта жатқаны кiмге керек болуы мүмкiн?

Осының бәрi, менiңше, адалға да, арамға да, iзгiлiкке де, қиянатқа да жататын рухани қосмекендiлердiң көбеюi­нен. Рухани гермофродиттердiң көбеюiнен. Кембағалдар қашан да өмiрге өшпендiлiкпен қарайды.

Мен бейтаныс құрбымның бойынан террористiк бiр қасиет байқаймын. Ол адам баласының ғасырлар бойы ақыл-парасаты мен жiгерiн жұмсап тұрғызған рухани ғимаратын тас-талқан етiп жарғысы келедi де тұрады. Егер ол пиғыл орындалса, адамзаттың сан мың жылдық еңбегiнiң зая кеткенi. Бұдан кейiн қаласаң да, қаламасаң да — хайуанаттар әлемiне қайтып баруға тура келедi.

Рухани терроризмге қарсы күрес керек.

11

8 көкек

Жалғыздық жайында көп ойландым. Қиындыққа да, қиянатқа да, зорлық-зомбылыққа да, жала мен бәлеге де төзуге болатын секiлдi. Төзуге қиын жалғыз нәрсе — жалғыздық.

Адам өмiрi құнсызданған кедей елдерден гөрi төрт құбыласы түгел дәулеттi елдерде адамдардың өзiне-өзi қол салу әрекеттерi көп дейдi. Себептерi әртүрлi: айықпас дерт, ал­данған махаббат, адасқан арман, түзел­мес тұрмыс т.с.с. Бұлардың бәрiн де бiр ғана жалғыздық деген ұғым­ға сыйдыруға болады. Дауасыз дертке шалдыққандардың бәрi өздерiн өздерi өлтiре бермейтiндерi белгiлi. Төңi­регiңде қасiретiңдi бөлiсетiн, тiршi­лiк­тегi әр сәтiңе қуанатын қалың қауым қаумалап тұрғанда ешқашанда өзiңе-өзiң қол жұмсай алмас едiң. Тағ­дырдың толып жатқан басқа да соққылары, бөлiсетiн жан болса, сенi есеңгiрете алмайды. Адамның жұлын-жүйкесiнiң қайғы-қасiретке төтеп бере алмауы жан азабын бөлiсетiн жақын жанның жоқтығынан. Ондай кезде жалғыз әмiршiң — Жалғыздық. Ғашығыңдай жабысқан, түнде түсiңде, күндiз iсiңде серiк болған, жатырлас сыңарың Жалғыздық — ендi сенiң тағдырың. Етегiнен ұста да, о дүниенiң ызғарлы да тұманды кеңiстiгiне сүңги бер.

Жалғасы бар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған