Мұнайшы. Жалпы Сыр бойы жұмысшы мамандықтары арасындағы мәртебелісі. Сондай-ақ бағзы заманнан келе жатқан малшы, егінші дегенге қарағанда жаңасы. Құмкөл кеніші игеріле бастаған 1990-шы жылдардың басында мұнайшы мамандығы жұрт арасында соншалықты танымал да емес еді. Үйден шығып, үйге кіріп жұмыс істеуге қалыптасқан сол кезеңдерде вахталық әдіспен айдаладағы кеніш басында айлап қона жатып, жұмыс істеу көп жұрт үшін таңсық болатын. Бірақ жалындаған жастар ауа райының ыстық-суығына қарамастан, қолайлы жағдайдың бар-жоғына қарамастан Құмкөл кенішіне жұмысқа тұрып, жаңа мамандық иесі мұнайшы бола бастады. Сондай жастың бірі – бүгінде тәжірибелі маманға айналған Рүстембеков Қайрат.

Біз мұнай игеріп жүргендердің барлығын жалпылай мұнайшы дегенімізбен олардың өздері атқаратын жұмытарына орай бірнеше түрге бөлінеді. Біздің кейіпкеріміз Қайрат Қуанышбекұлы мұнай игерудегі ең жауапты тұс – мұнай дайындау және айдау цехының сусыздандыру және тұзсыздандыру қондырғысының операторы.

Сыр бойы экономикасының дамуында, қара алтынды игеруде өзіндік орны бар “ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз” компаниясының мақтанышы, 5-разрядты оператор Қайрат Рүстембековтің жылдар бойғы еңбек жолы – жетістікке жетудің жарқын үлгісі, жастарға үлгі-өнеге. Мемлекет басшысы айтып жүргендей “Адал еңбек пен адал табыстың” көрінісі. Біз осы ретте онымен аз-кем сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Адамның қайсыбір өмір жолында мамандық таңдауына белгілі бір себептер әсер ететіні белгілі. Өзіңізге осы мамандықты таңдауға ненің ықпалы болды? Өйткені ол кезеңдерде мұнайшы болу әрбір жастың арманы болды десек артық айтқан болар едік.

– Мен 1988 жылы әскерден оралдым. Ол кезеңдер қиын уақыттар болатын. Қалай болғанда да жұмысқа орналасу керек болды. Ол кезде Құмкөл жаңа жұмыс орны болатын, біздің өңірдегі іске қосылғанына енді ғана бір-екі жыл болған алғашқы кен орны еді. Жаңа жұмыс орны болғаннан кейін қызығушылық та болды. Әрине әрбір жұмыстың өз қиындығы бар. Елдегі жұмыссыздықтың алғашқы лебі басталған кез. Қалай болғанда да осы кен орнына жұмысқа тұруды көздеп, №1 КТУ-ға құжат тапсырдым, онда «ұңғымаларды жерасты жөндеу операторы» мамандығы бойынша оқыдым. Училищені бітіргеннен кейін бірден, 1989 жылдың қарашасында, «Маңғышлақмұнай» ӨБ «Құмкөлмұнай» МГӨБ-не ұңғымаларды жерасты жөндеу операторы болып жұмысқа қабылдандым. Бұл Құмкөл кен орнында мұнай жаңадан өндіріле бастаған кез еді. Тәжірибе жинау үшін бізді 3 айға Жаңаөзенге жіберді.

Ал 1990 жылдың 9 мамырында Омбы – Шымкент мұнай құбыры арқылы Шымкент мұнай өңдеу зауытына алғашқы тонна мұнай жөнелтілді.  Бұл өңір аңызына айналды. Біз үшін, Құмкөлді игерудің бастауында тұрған біздер үшін, ерекше қуанышты сәт еді! Өзімнің еңбек жолымды таразылай отырып, осы жолды таңдағаныма, яғни Мұнай дайындау цехы операторы болғаныма ризамын. Адал еңбек етіп, өңір экономикасының жақсаруына үлес қосумен қатар өз отбасымның табысының молаюына да еңбек еттім. Еңбектің арқасында табысқа жеттім. Менің еңбегім босқа кеткен жоқ. Еңбекті компания бағалай білді. Осы жылдар ішіндегі еңбегімнің жоғары бағаланғаны үшін ризамын. Сондай-ақ әрі қарай да жұмыс істеп, компания игілігіне, өңірдің экономикалық дамуына қызмет ете беремін. Өйткені әрбір жанға бар игілік, бар табыс, бар жақсылық еңбек арқылы келеді.

 – Бір орында 30 жылдан астам тұрақты еңбек ету, әрине үлкен мүмкіндік. Осы жылдар өсу, тәжірибе жинау жылдары болған шығар. Компанияда жұмыс істеу өз деңгейіңізді қаншалықты көтерді? Қандай маңызды дағдыларды меңгердіңіз?

– Біздің цехтың негізгі міндеті – кен орындарынан келіп түсетін сұйықтықты дайындау, оны тауарлық сапаға дейін жеткізу және коммерциялық есепке алу торабына тапсыру. Әрине алғашқы жылдары өте қиын болды. Жұмыс процесі негізінен қол еңбегіне бағытталғаны белгілі. Алайда жылдар өте келе мұнай игеруге жаңа технологиялар, ғылыми жаңалықтар ене бастады. Нәтижесінде қол еңбегінен құтылып, автоматты жүйеге көше бастадық. Өзім жұмыс істеген жылдар ішінде барлық технологиялық үдерістерді терең зерттедім, өлшеу аспаптарымен жұмыс істеуді үйрендім және жылдам шешім қабылдау, командада жұмыс істеу қабілетін меңгердім. Әрине, кен орнында жұмыс істейтін әрбір жұмысшы үшін негізгі дағдылардың бірі – қауіпсіздік ережелерін мүлтіксіз білу. Өзімді еңбек жолында бағы жанған жандар қатарына қосамын. Өйткені Әбдірей Қалымбетов, Үлсерік Сарибаева сияқты тамаша тәлімгерлерден тәлім алдым, олар өз білгендерін бізге үйретуден жалыққан жоқ, солардың арқасында өз мамандығымның барлық қыр-сырын меңгердім.

 – Жаңа технологиялар жайында айтып қалдық. Жалпы өз салаңызда технологиялар мен жабдықтар қаншалықты қатты өзгерді?

– Осы мұнай саласында еңбек еткен 36 жыл ішінде жұмыс жағдайлары қатты өзгерді. Әуелде қол еңбегі, кейіннен механикаландырылған еңбек болса, кейіннен бәрі автоматтандырылған. Бірақ бұл бізден, операторлардан жауапкершілікті алып тастамайды: өйткені әрқайсымыз мұнайды дайындау мен айдаудың үздіксіз технологиялық үдерісіне де жауаптымыз. Біз үшін бұрынғыдай технологиялық үдерістерді жетік білу маңызды – мысалы, мұнай сұйықтығында судың, немесе тұздың мөлшері артық болып жатады, біз сұйықтықты қайта өңдеуге жіберу үшін оны уақтылы анықтауымыз керек. Біз әрқашан кез келген жағдайға дайын болып, мәселелерді өз тәжірибемізбен және ақылымызбен шеше білуіміз керек. Автоматты негізі жұмысшы басқарады.

 – Мұнай саласында жұмыс істеудің қиындықтары да бары белгілі. Мәселен отбасынан ұзақ уақытқа тыс болуға тура келеді, вахта барысында әртүрлі жағдайлар, апаттар орын алуы мүмкін. Жұмыс барысында қанша дегенменен жауапкершілік бары да рас. Осы ретте ұзақ ауысымнан кейін демалу мүмкіндігі қандай? Жұмысқа кеткен энергияңызды қалпына келтірудің жолы қандай?

– Вахтамен жұмыс істеудің де өзіндік қызықшылығы бар. Жұмыс барысында жауапкершілікпен қатар сағыныш сезімі болады. Отбасынан тыс вахтада болғанмен отбасы тәрбиесі, бала тәрбиесі, отбасы мүшелерінің қажеттіліктері біздің назарымыздан тыс қалмайды. Сондай-ақ отбасының қолдауы да бізге үлкен күш. Немерелерім вахтадан келуімді ерекше қуанышпен күтеді. Нұрислам, Асылым және Әли үшеуімен бірге өткізген қуанышты сәттер барлық қиыншылықтарды ұмыттырады. Бір-бірімен жарысып, мектептегі оқулары, ауладағы достары туралы айтып, барлық қызықтарымен бөліседі. Олармен болғанда бар шаршағаныңды ұмытасың. Отбасының, туған-туыстың, дос-жаранның ортасында болып, бойыңа күш-қуат жинайсың. Олардың өзіңе деген сенімінен, үмітінен қосымша күш аласың. Мен осылар үшін жақсы жұмыс істеуім керек, адал табыс табуым керек деп өзіңе серт бергендей боласың. Бұл бір жағы болса, екінші жағынан “ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз”компаниямыз да әрдайым қолдау көрсетіп, көмектесіп отырады. Компания ұйымдастыратын әралуан мәдени, спорттық іс-шаралар бізді жігерлендіреді. Сондай-ақ барлық мерекелерде мерекелік концерттер ұйымдастырып, сый-сияпаттар беріп көңілімізді де көтеріп отырады.

Компания республикалық демалыс базаларында біліктілікті арттыру бойынша үнемі оқу ұйымдастырып отырады. Онда біз былайынша айтқанда пайдалы істі жағымды іспен ұштастырамыз. Тек біліктілігімізді арттырып қана қоймай, санаториялық емдеуден де өтеміз. Жұмысшы маман үшін ең бастысы еңбегінің бағаланғаны. Біздердің бұл жағынан да мәртебеміз биік.

– Сұхбатыңызға рахмет.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған