Қазақстан өңірдегі ең мықты іргелі өзгерістерді көрсетіп, 2026 жылы кредиттік рейтингтің көтерілуіне дайын екендігін дәлелдеді. Бұл жағдай жаһандық портфельдік инвесторлар үшін бірегей мүмкіндік ашып отыр.

Frontier Markets көшбасшысы

Bank of America (BofA) жаңа шолуын жариялап, Қазақстанды 2026 жылға арналған “фронтирлік экономикалар” арасындағы ең тартымды инвестициялық бағыттардың бірі деп атады.

Алдымен “фронтирлік нарықтар” (Frontier Markets) дегеннің мәнін түсіндіріп өтсек. Бұл – экономикалық дамудың ертерек кезеңіндегі елдер. Олар ірі дамушы нарықтарға (Қытай, Бразилия, Үндістан сияқты Emerging Markets) қарағанда төмен капитализациямен, төмен өтімділікпен және жоғары тәуекелмен сипатталады. Алайда тез өсім есебінен жоғары табыс ұсына алады. Мұндай нарықтар қатарына Кувейт, Аргентина, Вьетнам, Нигерия, Пәкістан және Қазақстан кіреді.

BofA сарапшыларының пікірінше, Қазақстанда қазір инвесторлардың қызығушылығын арттыратын сирек кездесетін қолайлы факторлар жиынтығы қалыптасқан. Бұған дейін инвесторларды жұмсақ бюджет саясаты алаңдататын, алайда бүгінгі жағдайда бұл бағытта түбегейлі өзгерістер байқалады.

Үш негізгі табыс факторы

Экономист Елдар Шамсутдиновтың айтуынша, Bank of America аналитиктері Қазақстанды суверенді қарызға инвестициялау мен carry trade стратегиясы үшін ең үздік идеялардың қатарына шығаратын үш басты себепті атап көрсетеді:

  1. Фискалдық консолидация (бюджетті тәртіпке келтіру). 2026–2028 жылдары үкімет “фискалдық қайта құруды” жүзеге асырады деп күтіледі. Бұл бюджет саясатының қатаюы мен жаңа салықтық шешімдерді қамтиды. Осы өзгерістер елдің кредиттік рейтингін көтеруге негіз қалайды.
  2. Инфляцияның құрылымдық баяулауы. Экономиканың “суынуына” байланысты баға өсімі одан әрі төмендейді деген болжам бар.
  3. Теңгедегі мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының өсуі. KZT-құралдардың көлемі мен белсенділігі артып келеді.

Бұл инвесторлар үшін нені білдіреді?

BofA сарапшылары нарық бұл оң өзгерістерді әлі толық ескермегенін атап өтеді. Соның нәтижесінде:

  • Қазақстанның суверенді облигациялары (KAZAK EXD) нарықтық құнынан төмен бағалануда.
  • Теңге және қысқа мерзімді мемлекеттік облигациялар фронтирлік нарықтар арасындағы ең үздік инвестициялық идея деп аталды.
  • 2026 жылдың екінші тоқсанында базалық мөлшерлеменің елеулі төмендеуі және инфляцияның баяулауы carry trade үшін қолайлы жағдай жасайды.

Анықтама: Carry Trade – инвестор төмен мөлшерлемелі валютамен (мысалы, иена немесе еуро) қарыз алып, жоғары пайыздық мөлшерлемелі елдің активтеріне (бұл жағдайда Қазақстан облигациялары немесе депозиттері) инвестициялайтын стратегия. Пайда мөлшерлемелердің айырмасынан қалыптасады және жоғары мөлшерлемелі ел валютасы (теңге) нығайса, табыс одан әрі артады. Тәуекелі жоғары, бірақ табысы да жоғары болуы мүмкін стратегия.

Қазақстан мен Өзбекстан: айырмашылық неде?

Аналитиктер Өзбекстанның да әлеуетін атап өтеді: елдегі жекешелендіру және алтын қорының артуы қаржылық көрсеткіштерді жақсартып отыр. Алайда Елдар Шамсутдиновтың айтуынша, Қазақстанның артықшылығы – “үй тапсырмасын” орындап, кредиттік рейтингті жақсартуға формалды түрде толық дайын болуы.

“Сонымен қатар, BofA 2026 жылы 3 млрд доллар көлемінде жаңа қарыз алу болжамын келтіреді, бірақ фискалдық көрсеткіштердің жақсаруын ескере отырып, бұл тәуекелді басқарылатын деңгейде деп бағалайды”, – дейді ол.

Осылайша, әлемдік ірі инвесторлар үшін қорытынды айқын: Қазақстан 2026 жылға недооцененный ел ретінде кіріп, өңірдегі ең күшті фундаменталды өзгерісті көрсетіп отыр және кредиттік профилін жақсарту ықтималдығы жоғары. Bank of America стратегтері Қазақстанды реформалар мен жоғары табыстылықтың сирек үйлескен нүктесі ретінде бағалайды.

Айта кетейік, Қазақстан экономикасы әлемдегі ең сенімді өсім қарқынының бірін көрсетуде. 2025 жылдың он айының қорытындысы бойынша елдің ЖІӨ-сі 6,4%-ға артты. Ал ЭЫДҰ болжамы бойынша, биылғы жылы жаһандық ЖІӨ өсімі бар болғаны 3,2%-ды құрайды.

Ranking.kz мамандарының пайымынша, мұндай нәтиже ішкі сұраныстың кеңеюі, инвестициялық белсенділіктің артуы және негізгі салалардың қалпына келуі есебінен қалыптасуда. Қызмет көрсету, сауда, өнеркәсіп және агроөнеркәсіп кешені секілді экономиканың барлық дерлік секторында оң динамика байқалып отыр.

ЖІӨ өсіміне ең үлкен үлесті өнеркәсіп (7,3%) қосты, ол жалпы өсімнің 30%-дан астамын қамтамасыз етті. Сауда және көлік салаларымен бірге бұл сектор ЖІӨ өсімінің 70%-дан астамын қалыптастырды.

Бұған дейін Қазақстанның Орталық Азиядағы басты логистикалық хабқа айналғанын хабарлаған едік.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған