БІРІНШІ. Білім сапасын жақсарта түсу қажет. Қазір ғылым мен білім, технология өте жылдам өзгеріп жатыр. Кеше алған білімің ертең өзекті болмай қалуы мүмкін. Сондықтан мұғалімнің білікті болуы өте маңызды мәселе. Жоғары оқу орнында алған біліммен шектеліп қалуға болмайтыны түсінікті. Озық ойлы шәкірт тәрбиелеу үшін ұстаздар ұдайы ізденіп, білімін жетілдіріп отыруы керек. Балалардың оқуға зейінін ашатын әдіс-тәсілдерді жетік меңгерген абзал.
Дамыған мемлекеттерде білім беру саласы ұлттық экономиканың тірегі, қозғаушы күші екені белгілі. Сондай елдердің тәжірибесін зерттеген жөн. Бірақ басқалардың бала оқыту үлгісін құр көшіріп әкеле салуға да болмайды. Озық тәжірибені үйреніп, оны еліміздің болмысына бейімдеу керек.
Жалпы, білім беру стандарттарына, оқыту әдістемесіне, оқулыққа енгізілетін кез келген өзгерісті өте мұқият саралау қажет. Себебі, білім саласында ешқандай қателікке жол беруге болмайды. Бір ғана қателіктің салдары өте ауыр болуы мүмкін
Тағы бір маңызды міндет – қала және ауыл мектебіндегі білім беру деңгейін теңестіру.
Соңғы төрт жылда 4 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңғыртылды. Оның басым көпшілігі – ауыл мектептері. Ауылдағы білім ошақтарына күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңадан кітапханалар, асханалар мен спорт залдары салынып жатыр. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.
Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек. «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты да – осы.
ЕКІНШІ. Білім тәрбиемен ұштасқанда ғана берекелі, сапалы болады. Білім мен тәрбие – кез келген қоғамның қос тұғыры. Бұл екеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды.
Биылдан бастап елімізде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырыла бастайды. Бұл бағдарламаны барлық мектеп, соның ішінде жекеменшік мектептер де қолданады. Сондай-ақ мен осы жобаны педагог мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарына да енгізуді ұсынамын.
Ұлттық білім саласындағы тәрбие жұмысында біртұтас жүйе болуы керек. Жас ұрпақтың бойына жалпыұлттық құндылықтарды сіңіру қажет. Әрбір жас отаншыл, жасампаз, жаңашыл, білімпаз, еңбекқор, ұқыпты, үнемшіл болып өсуі керек. Сондай азаматтар ғана мәдениетті, қауіпсіз әрі «Заң мен тәртіп» үстемдік құратын қоғамның іргесін қаламақ.
«Отбасы – мектеп – мемлекет» үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болады. Ал бұл үштіктің өзегінде еңбекқорлық идеясы болуға тиіс. Жас ұрпаққа еңбексіз ешқандай игілік болмайтынын үнемі түсіндіріп айту керек. Қоғамда масылдыққа жол бермеу қажет. Себебі, бұл жол тек тығырыққа тірейді.
ҮШІНШІ. Өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселдерден сақтау маңызды.
Балалар өмірлік дағдының көбін мектепте меңгереді. Олар мұнда тәртіпке бағынып, жүріп-тұру ережелері мен әдеп нормаларын сақтауды үйренеді. Сондықтан мектеп өзара құрмет пен жанашырлыққа толы үйлесімді қоғамның үлгісі болуға тиіс.
Бұл іске директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, сынып жетекшілері мен мектеп психологтерінен бөлек, барша ұстаздар қауымы атсалысуға тиіс. Өйткені, бұл – мемлекеттік маңызы бар міндет.
Мектеп әр бала үшін қауіпсіз жер болуға тиіс. Зорлық-зомбылыққа, әлімжеттікке, яғни, буллингке, қатігездік пен озбырлыққа мүлде жол берілмеуі керек.
Соңғы екі жылда өскелең ұрпақтың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылданды. Атап айтқанда, кәмелет жасына толмағандарға қатысты жасалған кез келген зорлық-зомбылық үшін берілетін жаза қатайды, Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыреті кеңейді.
Сондай-ақ тағы бір өзекті мәселе. Балалардың өз-өзіне қол жұмсау жағдайларының, яғни, суицидтің алдын алу бойынша жүйелі жұмыс істеліп жатыр. Еліміздегі барлық мектепте «111» психологиялық қолдау қызметінің QR-коды орнатылды.
Жаңа оқу жылынан бастап мектептер мен колледждерде әлімжеттікке, буллингке қарсы «ДосболLIKE» атты бағдарлама іске қосылады. Негізгі мақсат – балалар мен жеткіншектер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу. Бұл бағыттағы маңызды жұмыс тоқтамайды, жасөспірімдердің құқығы мен мүддесін қорғау мәселесі әрдайым мемлекет назарында болады.
ТӨРТІНШІ. Білім беру үдерісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жедел енгізу қажет. Әлем жаңа технологиялық дәуірге қадам басты. Оның басты нышанын инновацияның қарқынды дамуы мен жасанды интеллектінің өмірімізге дендеп енуінен байқауға болады. Сондықтан бүгінде «озық ойлы ұлт» пен «технологиялық ұлт» ұғымдары егіз.
Білім беру мекемелерін тиісті интерактивті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету керек. Оқытуға арналған цифрлық платформалар мен электрондық оқулықтар барлық оқушыға қолжетімді болуға тиіс. Бұл ретте оқыту материалдары түгел мұқият сарапталуы керек.
Келесі маңызды міндет. Балаларға жастайынан жасанды интеллект технологиясын оқытқан жөн. Бұл – болашақта жастарымыздың бәсекеге қабілетті озық маман болуына қажетті бірден-бір дағды.
Бұл педагогтерге де қатысты. Мұғалім өз пәнін жетік меңгеріп қана қоймай, педагогикалық тәжірибеде жаңа технологияларды да қолдана білуі керек.
Жалпы, білім беру саласын мүлдем жаңа сапалы деңгейге шығару үшін цифрландыру мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдаланған жөн. Сіздер тұтас елімізді технологиялық тұрғыдан жаңғырту ісінде алдыңғы шептен табылып, біздің қоғамды нағыз прогрессивті әрі дамыған ұлтқа айналдыруға ерен үлес қосасыздар деп сенемін.
БЕСІНШІ. Мұғалімнің құқығын қорғау мәселесі әрдайым басты назарда болуға тиіс. Мен сөз басында ұстаздардың өз міндетінен тыс жұмыстардан босатылғанын айттым. Бірақ кейде жергілікті билік өкілдері заң талаптарын өрескел бұзып жатады. Прокуратура органдары мұндай заң бұзушылықтарға тосқауыл қоюы керек.
Сондай-ақ балаларға қатысты кез келген жазатайым жағдай үшін де мұғалімді жазалау орынсыз деп санаймын. Мектептен тыс жерде, ата-аналардың жауапсыздығынан оқыс оқиға болса, оған ұстаз жауапты емес. Алматы облысында түлектер арасында болған қайғылы жағдай үшін директор мен мұғалімдер жауапқа тартылып, жұмыстан шығарылды. Министрлік олардың мүддесін қорғап қалды. Дұрыс. Біз мұндай келеңсіздікке жол бермеуіміз керек. «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізу қажет деп санаймын. Мемлекеттің міндеті – мұғалімнің қоғамдағы беделін және мәртебесін мейлінше арттыру.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы тамыз конференциясының пленаралық отырысында сөйлеген сөзінен ықшамдалды