Бүгін Қызылорда облыстық сотында «Әкімшілік құқық және процесс» секциясы бойынша семинар сабағы өткізілді.
Семинарға Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы К.Қаниева, мамандандырылған әкімшілік сотының судьялары және аудандық соттың судьялары бейнебайланыс арқылы қатысты.
Әкімшілік істер бойынша сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы К.Қаниева семинар сабағын ашып, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып, сот практикасында жиі кездесетін негізгі мәселелерді атап өтіп, сот төрелігін тиімді жүзеге асыру мақсатында әкімшілік процестің әрбір сатысында заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы А.Сәрсенбаев талап қоюлардың кері қайтарылу себептері және сот практикасына тоқталып, істерді қарау барысында жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау қағидаттарының сақталуы маңызды екендігін тілге тиек етті. Сонымен бірге, судьяның белсенді рөлі қағидасын үнемі назарда ұстау керектігін атап өтті.
Семинар соңында қатысушылар өзара пікір алмасты.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі