«Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты Рақымшылық жасау туралы» 2025 жылғы 23 маусымдағы №195-VIII Заңының қолданылуын түсіндіру мақсатында Қызылорда қаласының №2 соты, мамандандырылған тергеу соты, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты, Байқоңыр қалалық соты, сондай-ақ Қармақшы, Шиелі, Жалағаш, Арал, Қазалы және Сырдария аудандық соттарында дөңгелек үстелдер өткізілді.

Оған аудандық және оларға теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары, прокуратура, пробация қызметі, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында Рақымшылық Заңы ізгілік қағидаттарына сүйене отырып қабылданғаны, оның белгілі бір санаттағы азаматтарды қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босату, сондай-ақ жаза мерзімдерін қысқарту мүмкіндігін беретіндігі атап өтілді.

Заңда әлеуметтік осал топтарға бірқатар жеңілдіктер көзделген. Атап айтқанда, «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының күші қолданылатын ардагерлер мен басқа да адамдарға, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезінде он сегіз жасқа толмаған адамдарға, Заң қолданысқа енгізілетін күнге елу жасқа толған және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс жасқа толған және ол жастан асқан ер адамдарға, жүкті әйелдерге, кәмелетке толмаған немесе мүгедектігі бар балалары бар аналар мен әкелерге, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға қарастырылған.

Бұдан бөлек, заң қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар жасаған, келтірілген залалды толық өтеген немесе азаматтық талап қойылмаған адамдарға да қолданылады.

Сондай-ақ, Заңды тәжірибеде дұрыс қолдану үшін пробация және басқа да жауапты органдар тарапынан заңда көзделген және әлеуметтік мәртебені дәлелдейтін құжаттардың толық ұсынылуы қажеттігі атап өтілді.

Қатысушылар рақымшылық актісін нақты әрі біркелкі қолдану қажеттігін және оның қоғамға оң әсер ететін әлеуметтік-құқықтық тетік ретіндегі маңызын ерекше атап өтті.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған