Судья мен сот қызметкері күніне орай, бүгін Қызылорда облыстық сотында салтанатты шара өткізілді.
Шараны Қызылорда облыстық соты төрағасының міндетін атқарушы, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ж.Бекжанов ашып, сот жүйесі мемлекеттік биліктің маңызды тармағы болып табылатынын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі екенін айта келіп, сот жүйесінің жетістіктеріне тоқталып, сот ұжымын мерекемен құттықтады.
Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің басшысы С.Сүлеймен өз сөзінде бұл күн сот жүйесі өкілдерінің табанды қызметіне көрсетілген құрметтің белгісі екенін атап өтті.
Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы Б.Елшібеков судьялар мен сот қызметкерлерінің қоғамдағы заң үстемдігін, тұрақтылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды.
Шара барысында Қызылорда облыстық сотының төрағасы Ә.Шығамбаев «Судьялар Одағының Құрметті мүшесі» төсбелгісімен, Қызылорда облыстық сотының судьясы А.Есдаулетов «Үш би» төсбелгісімен, Қызылорда облысының мамандандырылған экономикалық сотының судьясы С.Өмірсерікова «Жеті жарғы» төсбелгісімен марапатталды.
Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы С.Жаппасбаев Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы А.Изтелеуова Жоғарғы Сот төрағасының Құрмет Грамотасымен марапатталды.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалі Сот Әкімшілігінің Қызылорда облыс бойынша Департаменті басшысының орынбасары Е.Бөрібаевқа, «Сот жүйесінің белсенді қызметкері» төсбелгісі Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің қаржы бөлімінің бас маманы Л.Төлебаеваға, «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгісі Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің мемлекеттік құпияларды қорғау және жұмылдыру жұмысы жөніндегі тобының бас маманы Т.Райымбековке, Қызылорда қалалық сотының бас маманы Л.Бахтияроваға, Арал аудандық сотының аға сот приставы Қ.Баймағанбетовке табысталды.
Бірқатар судьялар мен мамандар ҚР Судьялар Одағының, Сот Әкімшілігі басшысының, Қызылорда облыстық соты төрағасының, Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаменті басшысының, Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалы төрағасының Құрмет Грамотасы мен Алғыс хаттарына ие болды.
Сонымен қатар, Батыс аймағы бойынша Ақтөбе қаласында өткен Судьялар Одағының XI спартакиадасында Қызылорда облысы командасының құрамында нәтижелі өнер көрсетіп, команданың үздік үштіктің қатарынан көрінуіне елеулі үлес қосқан судьялар мен мамандар Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалы төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Салтанатты шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі