Жалағаш аудандық сотының ұйымдастыруымен әкімшілік сот ісін жүргізудің ерекшеліктерін талқылау және түсіндіру мақсатында дөңгелек үстел өткізді.
Оған аудан әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстары бөлімінің бас инспекторы Б.Сығайбаев, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы М.Өзденбаев, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Е.Кенжеғара, аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің бас маманы Д.Ыдырысов, аудандық құрылыс сәулет және қала құрылыс бөлімінің әдіскері А.Алдабергенов, аудандық дене тәрбиесі спорт және туризм бөлімінің әдіскері Б.Шаухаров, аудандық экономика және қаржы бөлімінің әдіскерлері А.Қындыбай мен А.Қабылбек және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы С.Дәулетбек қатысты.
Жалағаш аудандық сотының төраға міндетін атқарушы А.Мизанбаев әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеттері мен қағидаттарына тоқталып өтті. Сондай-ақ өткізіліп отырған дөңгелек үстелдің маңыздылығы мен қарастырылып отырған мәселелердің өзектілігін тілге тиек етті.
Кездесу барысында жария-құқықтық дауларда азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау, олардың құқықтарын іске асыру тетігі, құқық қолдану практикасының ерекшеліктері және Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодексі шеңберінде істерді қарау бөлігіндегі проблемалық мәселелер сөз етілді.Атап айтқанда, ҚР ӘРПК-тің кейбір нормаларына егжей-тегжей тоқталып, әкімшілік істерді қараудың ерекшеліктері, әкімшілік акт, оған шағым келтіру және шағымды қарау негіздері мен кодекстің ерекшеліктері туралы ақпараттар айтылды.
Сондай-ақ, кездесуде сотқа дейінгі әкімшілік тәртіпте шағым жасау, шағым беру мерзімі, шағымды қарау мерзімі, шағымды қараусыз қалдыру туралы қатысушыларға жан-жақты мәліметтер беріліп , жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдарға туындаған дауларды өз алаңдарында шешулері тиіс екендігі жайлы айта келе, дауларды сотқа дейінгі реттеу мүмкіндіктері түсіндірілді.
Кездесудің соңында әкімшілік сот ісін жүргізу шеңберінде ұсынымдар айтылып, жан-жақты талқыланды.
Жалағаш аудандық соты