Қазіргі таңда қала тұрғындары арасында электросамокаттарға деген қызығушылық артуда. Бұл заманауи көлік құралы экологияға зиян келтірмей, жылдам әрі ыңғайлы жүруге мүмкіндік береді. Алайда, соңғы уақытта республика көлемінде электросамокаттардың өртке орану жағдайлары жиілеп барады. Осыған байланысты Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуде.
Өрттің басты себептері – сапасыз батареялар мен дұрыс емес зарядтау
Электросамокаттағы аккумулятор – аса қауіпті бөлік. Қауіпсіздік техникасын сақтамай, самокатты ұзақ уақыт бойы тоққа қосып қою немесе сапасыз қуаттағыштарды пайдалану техника қызып кетіп, өртке әкелуі мүмкін. Көлік тұрған жерге оттың жайылу қаупі жоғары.
ТЖД мамандарының ескертуі
Қызылорда облысының ТЖ департаменті тұрғындарды мынадай қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады:
• Электросамокатты тек арнайы, сертификатталған қуаттағышпен зарядтау;
• Зарядтау кезінде құрылғыны қараусыз қалдырмау;
• Электросамокатты тұрғын үйлердің кіреберісінде, баспалдақ алаңдарында және эвакуациялық шығу жолдарына қоюға тыйым салынады;
• Батареяның қызып кетуі немесе иіс сезілген жағдайда дереу қуат көзінен ажыратып, қауіпсіз орынға шығару керек.
Тұрғын үйлерде өрттің алдын алу – әр азаматтың міндеті
Эвакуациялық жолдардың жабылуы, жанып жатқан самокаттан шыққан түтін – адам өміріне үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан ТЖД қызметкерлері пәтер иелері кооперативтерімен, тұрғын үй басқармаларымен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жадынамалар таратып, профилактикалық рейдтер өткізуде.
Қауіпсіздік – өз қолымызда!
Электросамокатты пайдаланған кезде тек ыңғайлылыққа емес, қауіпсіздікке баса мән берген жөн. Қызылорда облысының ТЖ департаменті тұрғындарды жауапкершілікке шақырып, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.
Өрт – алдын алуға болатын апат.