Елімізге Словакия Премьер-министрі Роберт Фицо бастаған Словакия елінен ресми делегация келді. Ақордада словакиялық ресми делегацияны салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Екі ел арасындағы экономикалық әріптестікке назар аударар болсақ, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 140 миллион долларды құраған. Сондай-ақ елімізде Словакияның 30-дан астам компаниясы бар екен. Одан бөлек 20-дан астам бірлескен кәсіпорындар, еліміздің еңбек, сауда нарығында қызмет көрсетіп жатыр.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев екі ел арасында энергетика, өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы, логистика, цифрландыру, аса маңызды шикізат материалдары, білім және туризм салаларында әріптестік орнатуға мол мүмкіндік бар деді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстанның Еуропадағы маңызды әрі сенімді серіктесі деп атап көрсеткен Словакия елінің Үкімет басшысы осы жолғы ресми сапарда өзімен бірге елінің бірқатар іскер, бизнес әлемінде де орны бар тұлғаларын ерте келіпті.
– Екі ел арасында ешқандай түсініспеушілік жоқ, кең ауқымды ынтымақтастыққа – жол ашық. Себебі, Қазақстан мен Словакияның сан қырлы байланысын күшейту қос халықтың мүддесіне сай келеді. Словакия – экономика тұрғысынан алып қарасақ, қарқынды дамып келе жатқан ел. Сондықтан Қазақстан Словакиямен қарым қатынасты одан әрі нығайтуға баса мән бермек. Біз сауда-саттық көлемін одан әрі арттыру мәселесіне тоқталдық. Инвестициялық ықпалдастықты тереңдетуге назар аудардық. Бұл тұрғыдан алғанда Үкіметаралық комиссия маңызды рөл атқарып келеді. Мен Комиссияның тең төрағаларының деңгейін министр дәрежесіне көтеруді ұсындым. Қазақстан Словакияға мұнай-газ, уран, азық-түлік өнімдерін және басқа да тауарларын экспорттауға дайын. Сондай ақ энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, туризм саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Әскери-техникалық байланыстың әлеуеті зор. Бұған қоса, біз келіссөздер барысында Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін бірге пайдалану жайын талқыладық. Бұл – стратегиялық маңызы бар сауда жолының бірі. Мен словакиялық серіктестерімізді осы дәлізді дамыту жобасына қатысуға шақырдым. Бұл саладағы ықпалдастық өзара сауда-саттыққа тың серпін беруге тиіс.
Біз мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтудың маңызды екеніне тоқталдық. Словакияда еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтарының әлеуметтік жағдайына және құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аудардық. Сондай-ақ білім саласындағы байланыстарды тереңдету жайын талқыладық. Жастарымыз екі елдің жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Олар біздің халықтарымызды одан әрі жақындастыра түседі деп ойлаймын. Біздің қарым-қатынасымыздың тарихы терең. Қазақ жауынгерлері Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Словакияны азат етуге белсене атсалысты. Осыған орай Роберт Фицо мырза Отан қорғаушылар монументіне барып, батырлардың рухына тағзым етті. Осылайша, адамзат үшін қиын кезеңде бастау алған қазақ-словак достығы бүгінге дейін жалғасып, нығайып келеді.
Әлемдегі геосаяси ахуал, жаһандық текетірестер мен сауда соғысы бәрімізді алаңдатып отыр. Екі тарап та бұл түйткілдер бейбіт жолмен шешілуі керек деп санайды. Елдеріміздің халықаралық ұйымдар аясындағы байланысы нығайып келеді. Атап айтқанда достығымыз Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты құрылымдар аясында дамып жатыр. Көптеген жаһандық үрдістер мен сын қатерлерге қатысты ұстанымдарымыз ұқсас. Біз көпжақты дипломатиялық байланыстарды тереңдетуге ерекше мән береміз. Бүгінгі келіссөз қарым-қатынасымыздың өзара тиімді сипатын тағы да нақтылай түсті. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-словак ықпалдастығы жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін, – деп, қонақтарға ізгі тілегін арнады.