Алдымен, «апостиль» дегеніміздің өзі қай уақыттан бастап қолданысқа енген ресми құжат екенін анықтап алайық. Ол үшін 1961 жылы Нидерландия Корольдігінің Гаага қаласында қабылданған Конвенцияны еске түсірейік. Онда әлемнің 62 мемлекетінің өкілдері пікір тоқайластырып, шетелдік ресми құжаттарды жария ету талаптарын жолға қою туралы ортақ ұйғарымға келген болатын. Міне, осы Конвенцияға қатысушы елдердің ұйымдары мен мекемелерінен шығатын ресми құжаттарға арнаулы штамп соғылуы тиіс, ол «апостиль» деп аталады.

Ал апостиль қондыру (қою) құқығына ие болған өкілдік етуші тұлға ресми құжаттағы қолдың, тұлғаның өкілеттігінің, сондай-ақ, осы құжат бекітуші мөрдің растығын куәландырады. Бүл мәліметтердің барлығы апостиль штампында көрініс табады. Бұл құжат бұдан кейін Гаага Конвенциясына қатысушы мемлекеттің құзырлы органының елтаңбалы мөрімен бекітіледі. Құзырлы органның апостильге қондырған қолы, мөрі немесе штампы одан әрі куәландыру мен ресмилендіруді қажет етпейді. Апостиль қойылған құжат Конвенцияға қатысты елдердің қай-қайсысында да қағажусыз пайдаланыла береді.

Апостильдендіру – уақыт талабы десек, оның да өзіндік мәні мен мәнісі бар. Гаага Конвенциясының құрамына АҚШ, Франция, Германия, Түркия, Жапония, Швейцария сияқты қиыр шетелдік алпауыт мемлекеттер енген. Ал ТМД елдерінің ішінен Ресей, Армения, Беларуссия мәмілелес болып саналады. Ал, Қазақстанның Гаага Конвенциясына қосылуы 1999 жылдың 30 желтоқсаннан, яғни ҚР «Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талаптарын жоятын конвенцияға қосылуы туралы» заңның жарық көруінен басталмақ. Конвенциялық құжат біздің мемлекетіміз үшін 2001 жылдың 30 қаңтарынан күшіне еніп, іске асырыла бастады. Осыған сәйкес сол жылдың 24 сәуірінде Қазақстан Үкіметі арнайы қаулы қабылдаған еді.

Д.Сағынбай
Қызылорда қаласының №2 сотының жетекші маманы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған