Қаладағы жол құрылысына пайдаланылатын құрылыс материалдарының сапасы – тұрғындар өмірінің жайлылығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Осы орайда қалалық инфрақұрылым саласында ашықтықты қамтамасыз ету және сапа стандарттарын сақтау мақсатында БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур ұйымдастырылды. Пресс-тур аясында қатысушылар Қыран және УАД компанияларына қарасты асфальт-бетон зауыттарының жұмысымен танысты.

Шара барысында Жол активтері сапасының ұлттық орталығының инженерлік тобы зауыт аумағында тексеру жұмыстарын жүргізді. Ұлттық орталық мамандары асфальт-бетон қоспасын дайындау процесін, пайдаланылатын материалдардың сапасын, техникалық регламенттерге сәйкестігін мұқият қарап шықты. Олар дайын өнімнен сынамалар алып, зертханалық талдауға жіберді.

Ұлттық сапа орталығының бірінші санатты инженері Қаппазов Асылбек тексеру жұмыстарының барысы туралы БАҚ өкілдеріне мәлімет берді:

– Асфальт зауыттарын тексеру жұмыстары өңір бойынша жоспарлы түрде жүргізілуде. Жалпы облыс бойынша 23 асфальт-бетон зауыты тіркелген. Солардың барлығын қамту үшін бізге 1 сәуір мен 26 сәуір аралығында жұмыс мерзімі берілген. Министрліктің қолдауымен барлық зауыттарға алдын ала хабарламалар жіберілді. Қазіргі уақытта 15 зауытта тексеріс жүргізіп үлгердік. Қазір Қыран зауытындамыз. Көріп тұрғандарыңыздай, мұндағы өндіріс толықтай соңғы модельдегі заманауи құралдармен жабдықталған, – деді ол.

Инженердің айтуынша, тексеріс барысында битумның тұтқырлығы, қиыршық тастың фракциялары, қоспаның ылғалдылығы мен құрылымы, шаң-тозаң мөлшері және басқа да техникалық көрсеткіштер ескеріледі. Бұл – болашақта жолдың сапалы әрі ұзақ мерзім қызмет етуіне негіз болатын факторлар.

Зауыт өкілдері өз кезегінде өндірістің ашықтығына дайын екендіктерін білдіріп, сапа стандарттарын сақтау жолындағы жұмыстарымен таныстырды. Қыран және УАД компанияларының өндірістік желілері автоматтандырылған жүйемен жабдықталған, бұл адам факторын азайтуға және өнім сапасын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.

Пресс-турға қатысқан журналистер асфальт-бетон өндіру процесінің барлық кезеңін көзбен көріп, мамандармен сұхбаттасу арқылы маңызды мәліметтер алды. Мұндай ашық шаралар қоғам мен мемлекеттік бақылаушы органдар арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындар тарапынан туындайтын сұрақтарға нақты жауап беруге септігін тигізеді.

Айта кету керек, соңғы жылдары елімізде жол құрылысы саласына қойылатын талаптар қатты күшейіп келеді. Сапасыз жол төсемдерін болдырмау үшін әрбір материал, әрбір технология қатаң бақылаудан өтеді. Бұл ретте Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мен жергілікті өндіріс орындарының бірлескен жұмысы ерекше маңызды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған