Қызылорда қаласындағы тұрғын үй құрылысының қазіргі ахуалы
Қызылорда қаласында тұрғын үй құрылысы жүйелі түрде дамып келеді. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарды, апатты үйлердің тұрғындарын және «Отбасы банк» арқылы несиеге үй алатын отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету – қалалық құрылыс бөлімінің басты бағыттарының бірі. Қарқынды жүзеге асырылып жатқан жобалар жайында Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Файзуллаев Жеңісбек Исламұлы мәлімет берді.
2024 жылы Қызылорда қаласында әлеуметтік жағынан осал топтағы тұрғындарға арнап 936 пәтер пайдалануға берілді. Сонымен қатар, апатты жағдайда деп танылған тұрғын үйлердің иелері үшін Титов мөлтек ауданында салынған 135 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, толықтай қолданысқа енгізілді.
Бұдан бөлек, «Отбасы банк» арқылы несиеге берілетін 974 пәтердің құрылысы 2024 жылы толығымен аяқталып, қазіргі таңда тұрғындар игілігіне тапсырылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар 2025 жылы да өз жалғасын табуда. Аталған жылы әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамту мақсатында республикалық бюджеттен 14 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініп, соның аясында 1401 пәтердің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда бұл үйлердің негізгі құрылысы толық аяқталған. Қазір абаттандыру жұмыстары, соның ішінде тротуарлар, ойын алаңдарын орнату және көгалдандыру шаралары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, алдағы күндері бұл пәтерлердің кілттері өз иелеріне табысталмақ.
Сырдария өзенінің сол жағалауындағы №2 кварталда да тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізілуде. Мұнда әрқайсысы 40 пәтерден тұратын 10 тұрғын үй (жалпы саны – 400 пәтер) салынуда. Бұл нысандардың құрылысы 2025 жылдың жаз мезгілінде толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Айта кету керек, 2024 жылдың наурыз айында Титов мөлтек ауданындағы 135 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Сол аумақтан тағы 135 пәтерлі жаңа тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұл құрылыс қыркүйек-қазан айларында аяқталып, апатты үйде тұрған азаматтарға табысталмақ.
Жалпы, 2025 жылға арналған жоспар аясында:
• 400 пәтер – ипотекалық тұрғын үйлер арқылы,
• 1401 пәтер – әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға,
• 135 пәтер – апатты тұрғын үйлердің тұрғындарына
беріледі деп күтілуде. Барлық қажетті қаржы республикалық және облыстық бюджет есебінен толықтай шешілген. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп келеді.
Салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешендеріне келсек, қазіргі уақытта 7 қабатты, 5 қабатты (жалпы 280 пәтер) және екі 9 қабатты үй (әрқайсысы 64 пәтерден, жалпы 128 пәтер) бой көтерді. Бұл үйлердің құрылысы аяқталып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. 9 қабатты үйлердің құрылысын жаз айларында толық аяқтап, оларды әлеуметтік осал топтағы азаматтарға тапсыру көзделіп отыр.
Құрылыс жұмыстарын «Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Бұл компания 2024 жылы құрылысқа кіріскен, ал 2025 жылдың мамыр айында көпқабатты тұрғын үйлердің кілттерін тапсыру жоспарда бар.
Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Файзуллаев Жеңісбек Исламұлының айтуынша, басты назар сапа мен қолайлы өмір сүру жағдайларын жасауға бағытталған. Барлық тұрғын үйлер соңғы үлгідегі құрылыс материалдарымен салынған. Су, жылу және газ жүйелері толық тартылған. Сонымен қатар, тұрғын үйлер жанынан тротуарлар, автотұрақтар, ойын және демалыс алаңдары қарастырылған. Ішкі әрлеу және инженерлік жүйелер қатаң бақылауда.
Қала билігі алдағы уақытта да тұрғын үй құрылысы бағытында жоспарлы жұмыстарды жалғастырып, қала тұрғындарының баспанаға қолжетімділігін арттыруға күш салмақ.
Фарида Ертуғанқызы