Қала әкімі Нұржан Ахатовтың өкімімен қала әкімінің орынбасары лауазымына Омаров Бақытжан Бауыржанұлы тағайындалды.

Шаһар басшысы жаңа орынбасарын кадрлық өзгерістерге байланысты өткен актив отырысында таныстырды.

– «Бақытжан Бауыржанұлы – журналистика, қоғаммен байланыс салаларында және мемлекеттік қызметте жемісті еңбек еткен тәжірибелі маман. Сондықтан әлеуеті жоғары кадр ретінде өз жұмысын кәсіби деңгейде атқарады деп сенемін», – деді қала әкімі.

Бақытжан Бауыржанұлы 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімді.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «халықаралық қатынастар» (2008 жыл), «журналистика» (2010 жыл) мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2008 жылы республикалық «Қазақстан» телерадио корпорациясында редакторлықтан бастап, 2009-2012 жылдары аралығында осы корпорацияда түрлі қызметтер атқарған.

2012-2025 жылдары Түркия мемлекетінің Анкара қаласындағы телерадиокорпорациясында жаңалықтар жүргізушісі, «Хабар-24» телеарнасының бас редакторы, Қызылорда облысы әкімінің баспасөз хатшысы, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Түрксой ұйымындағы өкілі болып қызмет еткен.

2025 жылдың ақпан айынан бастап бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымын атқарып келді.

Бақытжан Бауыржанұлы қоғамдық даму, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, дене тәрбиесі, спорт және туризм, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдеріне жетекшілік жасайтын болады.

Осы кезге дейін қала әкімінің орынбасары болған Еркебай Ғалымжан Бақтығалиұлы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы лауазымына ауысуына байланысты қала әкімі орынбасарлығынан босатылған болатын. Шаһар басшысы актив отырысында Ғалымжан Бақтығалиұлының өзіне жүктелген міндеттерді жоғары деңгейде атқарып, қаланың құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық салаларының дамуына қосқан зор үлесі үшін алғысын білдіріп, Қызылорда қаласының ең жоғары марапаты «Құрмет грамотасын» табыстады.

Актив отырысына қатысқан облыстық ардагерлер кеңесінің және қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шәкизат Төребаев, «Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясының» құрылтайшысы Шаһизада Әбдікәрімов тағайындалған азаматтардың жаңа қызметтеріне сәттілік тіледі.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған