2025 жылдың 29 қаңтарында Қызылорда қалалық мәслихатының экономика, кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік сала және құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының ұйымдастыруымен депутаттық аралау өтті. Бұл шара қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің 2024 жылғы атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттерін талқылауға арналды.
Аралау барысында депутаттар Жастар театрының жағдайымен танысты. Театр бұрынғы Теміржолшылар клубының тарихи ғимаратында орналасқан. 2024 жылдың қаңтар айынан бастап мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын ретінде қызмет көрсетіп келеді. Өткен жылы театрда 10 шақты қойылым сахналанып, оның ішінде 5 жаңа премьера ұсынылды. Жалпы көрермен саны 10 220 адамды құрады. Алайда театрда бірқатар өзекті мәселелер бар. Депутаттарға ғимараттың күрделі жөндеуді қажет ететіні, электр жүйелерінің ескіруі салдарынан спектакльдер кезінде жиі ақаулар болатыны айтылды. Сондай-ақ қыс мезгілінде жылыту жүйесінің жеткіліксіздігі көрермендер мен қызметкерлер үшін үлкен қиындық тудыратынына назар аударылды.
Бұдан бөлек театрда көрермендерге арналған дәретхана жүйесінің қарастырылмағаны, заманауи дыбыстық және музыкалық аппаратураның жетіспеушілігі, сондай-ақ театр аумағындағы парктер мен спорт алаңдарын күтіп-ұстауға қаражат бөлінбейтіні белгілі болды.
Депутаттар бұл мәселелердің шешілуі үшін тиісті шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы мен Жастар театрының директоры жауапты тұлғалар ретінде ұсыныстар берді.
Екінші нысан №12 қалалық кітапхана филиалы, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 21 кітапхана қала тұрғындарына кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсетуде. Жалпы кітап қоры 647 051. Оның ішінде қазақ тіліндегі кітаптар саны 264 487. Биылғы жылы алынған жаңа әдебиеттер саны 3 039, оның ішінде қазақ тіліндегісі 2 226. Жыл көлемінде мазмұны ескірген 2 245 кітап және мерзімді басылымдар есептен шығарылды. Тұрақты оқырмандар саны 37 725. Кітап берілімі 603 968. Жалпы келушілер саны 302 403. Қазіргі таңда бірнеше кітапханаға күрделі жөндеу қажеттілігі туындап отыр. Атап айтқанда Чайковский көшесіндегі Пушкин атындағы орталық кітапхана; Иманов көшесіндегі №2 балалар кітапханасы; “Шұғыла” мөлтек ауданындағы №6 кітапхана; Қазантаев көшесіндегі №12 кітапхана; Тасбөгет кентіндегі №10 балалар кітапханасы.
Бұл кітапханаларға соңғы 20 жылда ешқандай күрделі жөндеу жүргізілмеген. Әсіресе, Тасбөгет кентіндегі балалар кітапханасының жағдайы аса ауыр. Оны толықтай жөндеуден өткізу немесе басқа орынға көшіру мәселесін шешу қажет.
Кітапханалар заманауи талаптарға сай жұмыс істеуі үшін жаңа кітаптармен толықтыру, оқу залдарын қажетті жиһазбен жабдықтау, қосымша құрал жабдықтармен қамтамасыз ету маңызды. Сондай ақ, Пушкин атындағы орталық кітапханаға да жедел жөндеу қажет. Өйткені ол көпқабатты тұрғын үйдің астында орналасқан, сол себепті су кетіп, кітаптардың бүліну қаупі жоғары.
Қалалық мәдениет және демалыс паркі 1996 жылы жекешелендірілген, бірақ 2008 жылы қайтадан мемлекет меншігіне қайтарылған. 2020-2023 жылдары бұл нысан сенімгерлік басқаруға беріліп, оны жеке кәсіпкер “Ес-Хан и К” басқарды. 2023 жылдың сәуір айында саябақтың басқару құқығы қайтадан мемлекетке өтті.
Парктің жалпы аумағы – 5,6 гектар. Қазіргі уақытта мұнда 93 аттракцион бар, оның 9-ы паркке тиесілі. Алайда олардың кейбірі, соның ішінде бұралатын аттракцион 2015 жылдан бері жұмыс істемейді. Қалған 84 аттракцион жеке кәсіпкерлердің иелігінде.
2024 жылдың қараша айында паркті жаңарту жұмыстары басталды. Қызылорда қаласындағы аттракциондар паркіне тиесілі жердің жалпы ауданы 6,046 гектар.
Жоба жетекшісі Абдраимов Бейсенбай Абдрахманұлы. Аяқталу мерзімі 2025 жылдың 1 мамыры. Жобаның жалпы құны 7 424 682 теңге
Қаралған қаржы 6 328 247 теңге.
Аралаудан кейін арнайы комиссияның талқылау отырысы өтті.
Қалалық комиссияның кезекті отырысында мәдениет және жастар саясатына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Тәжмаханов пен қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы А.Қайруллаев баяндама жасап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Отырыс барысында қалалық мәслихат төрағасы И. Құттықожаев мәдениет саласын дамытуға мәслихат тарапынан қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар қаржыландыруды кезең-кезеңімен жүзеге асыруды ұсынып, күрделі мәселелерді жүйелі түрде шешу қажеттігін атап өтті.
Депутат Т. Мақаш Қызылорда қаласының Қазақ АКСР-ның астанасы атанғанына 100 жыл толуына орай, мәдениет саласының материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесін көтерді. А.Төлегенова Тасбөгет кентінде орналасқан балалар кітапханасының қазіргі жағдайын сынға алып, оны жаңа ғимаратқа көшіру қажеттігін айтты. А. Мусабаева жастар саясатына қатысты маңызды мәселелерді көтеріп, олардың шешу жолдарын қарастыруды ұсынды.
Отырысқа қалалық мәслихат депутаттары, тиісті бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты. Сонымен қатар, мәдениет және жастар саясаты саласының өкілдері де қатысып, өз пікірлерін білдірді.
Қазына Құлмышова