Әсілінде, адам баласы тағдыр көкжиегінде екі нәрседен шалыс баспау керек деседі. Алғашқысы мамандық болса, екіншісі жар таңдауда. Иә, құлаққа да үйреншікті тәмсіл сөзді көпшілік білгенімен түбіне тереңірек үңіле бермейтіндері де, немесе қателікке кезігетіндер де жоқ емес. Алайда, екі таңдауда да сәттілік серік болып, өмірінің басым бөлігін бір салаға арнап, жұмыста да тұрақтылықты ұстанып, еңбегінің нанын тәтті күйінде жеген бақытты жандар да аз емес…

Солардың бірі – таңдауы да, қалауы да мұнай саласына бағытталып, аталған салаға 40 жылға жуық уақытын арнаған Мамбетов Рахмет Тұрсынбайұлы.Өзбекстанның Мойнақ қаласында дүниеге келген. Ол 1979[1]1981 жылдары Совет армиясында әскер алдындағы борышын өтеді. Еңбек жолы 1982 жылдан басталып, «Өзенмұнай» мұнай және газ өндіру цехының 3-ші разряд оператор қызметінен6-шы разряд оператор сатысына дейін жоғарылады. Сондай[1]ақ, 1992-1996 жылдары «Өзенмұнай» мұнай және газ өндіру цехында шебер қызметін атқарып, 1996-1998 жылдары Оңтүстік мұнай-газ акционерлік қоғамының Ұңғымадағы күрделі жерасты жұмыстарының ұңғымаларды химиялық өңдеу жөніндегі операторы қызметін атқарды.Төменнен төбеге бағытталған баспалдақ секілді қызметтің сатысы еленген еңбектің нәтижесінде бір бағытпен шектелмеді. Мәселен, ол 1998-1999 жылдары Оңтүстік мұнай-газ акционерлік қоғамыныңҰңғымаларды химиялық өңдеу бағыты негізінде және 1999-2001 жылдары «Петро ҚазақстанҚұмкөл ресурс» акционерлік қоғамында ұңғымадағы күрделі жерасты цехында да саладағы күрделі әрі жауапкершілігі мол жұмыстарды абыроймен атқара білді. 2001-2003 жылдары ҚР «Поиск нефть газ» мекемесінде ұңғымадағы күрделі жерасты жұмыстарының учаскісінде де жауапты маман ретінде өз міндетін орындады. Одан бөлек 2005-2008 жылдары «Ащысай» кең орнында мұнай және газ өндіру цехы мен 2008-2010 жылдары «ВИС» Жауапкершілік шектеулі серіктестігіндеөз ісінің білгірі атанды. Жұмысқа деген жауапкершілік пен сауаттылықтан болар, 2010 жылдан бастап «ҚОР» Мұнай Компаниясы» акционерлік қоғамында ұңғымадағы күрделі жерасты жұмыстарына тікелей жауапты қызметкер ретінде белгілі.

Қара алтынды өндіруге бағытталған жұмыстар мамандар үшін жауапкершіліктен тыс, ізденімпаздық пен сауаттылықты, тиянақтылық пен білгірлікті талап ететіні ақиқат. Себебі, бұл білдей бір мекеменің ғана емес, кең орнында ел байлығын сапалы түрде өндіруге тікелей атсалысу болып табылады. Рахмет Тұрсынбайұлы жұмыс бабындағы өзіне жүктелген міндетті мезгілге қарамай орындап, қызметтің сынға толы әр сағатын абыроймен атқара білген кәсіби маман бола білді.

Айта кетерлігі, есімі елдің алғысқа бағытталған сөзімен тікелей байланысты болғандай, оның «атына заты сай» деген теңеуге лайық екенін жақындары жоққа шығармайды. Үнемі елдің алғысына бөленіп, ел оған Рақмет сөзін қаратпа мағынада емес, алғысын білдіру мақсатында көбірек қолданылатыны да жасырын емес. Алайда, өзі еткен еңбегін ешкімге міндет етпей, жүктелген жұмысты сапасы былай тұрсын, өз қалпынан асыра орындайтынын да айтпай кетуге болмас. Содан да болар, ол туған-туыстың ғана емес, өзі қызмет атқарған әр мекеме не министрлік, өзге де лауазым иелері тарапынан да үнемі Алғыс алып келеді.

Мәселен ҚР энергетика министрі Н.Ноғаевтың «Қазақстан Республикасының Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің мерекесіне орай кәсіби қызметте жеткен жоғары нәтижелері үшін Алғыс хатпен және Қызылорда облысының әкімі Г.Әбдіқалықованың Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, оған «Қазақстан мұнайына-120 жыл» төс[1]белгісімен және «ҚОР» мұнай компа[1]ниясының «Үздік қызметкер» төсбелгісі табыс етілген. Бұл сөзге арқау етілген жетістіктің бір бөлігі болып табылады. Әйткенмен, оның ойынша өмірдегі басты жетістігі – отбасы.

Жоғарыда атап өткендей, ол қызметтен тыс қателеспеген екінші таңдау – жар. Болашақ ұрпағының бойынан жақсылық атаулыға бағытталған ізгі қасиеттерді көргісі келіп, өмірлік серігін таңдарда қателікке бой алдырмауды да басты қағида еткен тұлға. Жары Бибіхатша екеуі еліміздің батысында қол ұстасып, жұбайлық өмірге бірге қадам басуға серттескен. Олардың шаңырағына биылғы қарашада 35 жыл толуда. Тәубе, екі ұл мен қызды өсіріп, әрбірін қатарға қосып, ата-аналық міндеттерін орындап, бүгінде немерелердің тәтті қылықтарына куә болуда.

Міне, біз сөз еткен тұлғаның өміріне тиесілі таразы басы тең. Жалындаған жастықта таңдау түскен екі құндылық оны өмірдегі бақытты да қуанышты сәттеріне куә болуға негіз болып келеді. Бүгінде бейнеттің зейнетін көретін жасқа да жетті. Ол үшін берекелі ғұмырдың басы енді ғана басталуда деп айтуға негіз бар. Неге десеңіз, еңбек жылдарын артқа тастап, ендігіде жұбайымен бірге ел аралап, ұрпақтың қуанышы мен қызығына куә болатын толыққанды бақытқа ие болуда.

Абырой биігінен көрініп, есепсіз әрі себепсіз жұмыстан қалмайтын қатаң тәртіп иесіне алдағы уақытта бейнетінің зейнетін, еңбегінің жемісін көруді бұйыртсын! Бастысы, оған тиесілі бақ пен бақыт баянды болып, отбасы құндылығы қуанышқа кенелте берсін!

Айдана Калымжанқызы ӘЛИАРЫСТАН

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған