Бүгінгі күннің басты тақырыбы төрткүл дүние жанкүйерлері көз тіккен олимпиада ойындары болып тұр. Әрине, ел намысы сынға түсіп жатқанда кім тақымын қыспайды. Бәріміздің ойымызда спортшыларымыз жүлде алып, жарқырап абыройымызды асқақтатса екен деген бір арман бар. Алайда сайыпқырандар сарапқа салатын Париж олимпінің 329 медалінен қазақстандықтарға әзірге төрт медаль бұйырып тұр. Франция астанасы Парижде өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындары Қазақстан үшін сәтті басталғандай еді. Бірінші жарыс күнінің өзінде қоржынға екі медаль түсті. Мергендер Ислам Сәтбаев пен Александра Ле қола жүлдегер атанса, дзюдошы Елдос Сметов Олимп шыңын бағындырды. Дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев қола жүлде иеленсе, спорттық гимнастикадан қазақ тарихында тұңғыш рет Нариман Құрбанов күміс жүлде еншіледі. Назым Қызайбайдың бокстан қоласын қосқанда Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 3 қоламен 30 орында тұр.

Жалпы медальдар саны бойынша АҚШ құрамасы көш басында тұр. Олардың еншісінде Париж олимпиадасының 24 алтын медалі бар. Одан бөлек АҚШ спортшылары 31 күміс, 31 қоланы иеленді. Ал екінші сатыда Қытай құрамасының 22 алтын, 21 күміс, 16 қоласы бар. Үздік үштікті Аустралия құрамасы түйіндеп тұр. Олардың еншілерінде 14 алтын, 12 күміс, 9 қола бар.

ТАРИХИ ЖЕҢІС

2021 жылы Токиода бірде-бір алтын бұйырмай, көңілі түсіп жүрген спорт жанкүйерлері Сметовтің жеңісіне қатты қуанды. Тіпті бірден бас жүлде бұйырғанын жақсылыққа жорып, Александр Винокуров бастап, зілтеміршілер қостап, алтын медальді күреп алған (кейін көбінен айырылсақ та) 2012 жылғы жазды еске алып жатты.

Осы қуаныштың аптығы басылмай жатып, 28 шілдеде тағы бір дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев қолаға қол созды. Енді көпшілік Париж Олимпиадасы біз үшін сәтті болатынына шындап сене бастаған. Тіпті туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев «екі күнде үш медаль алу – өте жақсы көрсеткіш» деп балапанды күзде санайтын қағиданы естен шығарып алды.

Олимпиада жүлдегерлері қанша сыйақы алады?

Бүгінде төрт медальден кейін құрама қоржыны бос тұр. Бірер спортшымыз өзі қатысқан жарыстың финалына шыққаны болмаса, медальдің қарасы да көрінген жоқ. Қазақстан – Олимпиада жүлдегерлеріне ең көп сыйақы беретін елдердің бірі. Алтын медаль үшін – 250 мың, күміске – 150 мың, қолаға – 75 мың АҚШ доллары төленеді. Бірақ осындай мол сыйақының өзі спортшыларымыздың көсіле өнер көрсетуіне көмектесе алмай отыр.

Жұртты өзге елдер жүлдегер спортшысына қанша сыйақы төлейді деген сұрақ қызықтыратыны анық. Forbes журналы жарысқа қатысатын мемлекеттердің ұлттық олимпиада комитеттеріне сауал жолдаған екен, оның 33-і жүлдегерге сыйақы беретінін ресми растапты. 15 ел Олимпиада чемпионына 100 мың доллардан көп сыйақы төлейді екен.

Рейтингте бірінші орында Гонконг тұр. Олар бас бәйге алған шеберге – 768 мың доллар, екінші орын алғанға – 380 мың доллар, ал қола жүлдегерге 190 мың доллар береді. Сондай-ақ бұл тізімде Сингапур, Малайзия, Сербия, Түркия, Израиль сияқты елдер Қазақстаннан көбірек сыйақы төлейді. Тіпті Норвегия сияқты жүлдегерді «жарайсың» деген жалғыз ауыз сөзбен марапаттайтын мемлекеттер де бар.

КІМДЕР ЖАРЫС ЖОЛЫНАН ШЫҚТЫ?

Париж Олимпиадасына Қазақстан атынан 80 спортшы аттанды. Олар спорттың 25 түрінен бақ сынауда. Бірақ жарыс басталмай жатып құрама қатарынан шашау шықты. Ресейден келген теннисшілер Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева жарысқа қатысудан бас тартты. Ал Александр Бублик (Ресей), Александр Шевченко (Ресей) және Александр Недовесов (Украина) сияқты «жаңа қазақтар» бірінші айналымда-ақ жарыс жолынан шықты. Жанкүйерлер әлемдік рейтингте 4-орында тұрған Рыбакинадан жүлде күткен еді, оның жарысқа қатыспағаны біраз адамның шамына тигені рас.

ХХХІІІ жазғы ойындардың 13 күні артта қалды. Парижді бетке алған 80 спортшымыздың біршамасы жарыс жолынан шығып қалды. Ол қатарда «соғыс» басталмай жатып ақ ту көтерген теннисшілерден бөлек, дзюдошылар, мергендер, жүзгіштер мен семсершілер бар. Биыл Қазақстан бадминтоннан тұңғыш рет Олимпиада жолдамасына ие болған еді, еліміз атынан барған жалғыз бадминтоншы Дмитрий Панарин де алғашқы айналымда сүрінді.

Ең өкініштісі, үш боксшымыз алғашқы жекпе-жегінде жеңіліп қалды. Оның үстіне үшеуі де алтын медальден үмітті үздіктер еді. Алдымен команда капитаны, әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов (71 келі) иорданиялық Зеяд Ишаишке есе жіберді. Бокс жанкүйерлері бұл соққыдан ес жиып үлгергенше Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) қатардан шықты, оның жолын испаниялық Аюб Гафда Дрисси кесті. Қазақ боксының тағы бір үміті, әлем чемпионы Махмұд Сабырхан (57 келі) испаниялық Хосе Кулес Бротостан жеңілді. Бұларға Рыбакинаны қоссаңыз, Қазақстан құрамасы алуы тиіс 4 медалінен қағылды деген сөз.

Бүгінгі таңда Парижге барған 10 боксшымыздың екеуі ғана қалды. Ширек финалда Сәкен Бибосынов (51 кг) өзбекстандық боксшы Хасанбой Дусматовқа есе жіберді. 91 келіде сынға түскен боксшымыз Айбек Оралбай да ширек финалда әзірбайжандық Лорен Альфонсо Домингестен ұтылды. Ал қыздар командасынан 75 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Валентина Хальзова да алғашқы сында Панамалық Атейна Байлонға есе жіберді.

1 тамыз күні ел сенген қос боксшы Айбек Оралбай мен Мұхамедсабыр Базарбай жартылай финалға өте алмады. Ширек финалдағы сайыста төрешілердің шешімі бойынша Айбек Оралбай әзірбайжандық боксшыдан, ал Мұхамедсабыр Базарбай грузиндік спортшыдан жеңілді.

КІМДЕР ҚАЛДЫ?

Ерлер құрамынан шаршы алаңдағы текетіреске өкінішке қарай, бір боксшымыз ғана бақ сынайды. Финалға шыққан жартылай ауыр салмақта (81 кг) жұдырықтасатын Нұрбек Оралбай алтын үшін украиналық Александр Хижнякпен таласатын болады. Әйелдер құрамынан Назым Қызайбай жартылай финалда қытайлық У Юмен жұдырықтасып өкінішке орай финалға өте алмай қола медалді иеленді.

Қазақ боксы құрдымға құлады ма?

Ел сенген боксшылардың жеңілісі жанкүйерлерге ауыр тиді деп бекер айтып отырған жоқпыз. Өйткені бокс Қазақстанға жүлде сыйлайтын басты спорт. Еліміз бұған дейінгі 7 Олимпиадада 14 алтын медальге қол жеткізсе, соның жетеуін былғары қолғап шеберлері жеңіп алған. Боксшыларымыздың еншісінде бұдан бөлек, 7 күміс пен 10 қола медаль бар.

Атап айтқанда, 1996 жылы Василий Жиров (81 келі), 2000 жылы Ермахан Ибрагимов (71 келі) пен Бекзат Саттарханов (57 келі), 2004 жылы Бақтияр Артаев (69 келі), 2008 жылы Бақыт Сәрсекбаев (69 келі), 2012 жылы Серік Сәпиев (69 келі) және 2016 жылы Данияр Елеусінов (69 келі) чемпион атанған. Ал 2021 жылы Токиода біздің боксшыларға «алтын» түгіл «күміс» те бұйырған жоқ.

Қазақ боксында құлдырау бар екенін көпшілік Токио Олимпиадасынан ертерек, 2018 жылы Джакартада өткен XVIII Азия ойындарынан кейін мойындай бастады. Индонезия астанасында қазақстандық былғары қолғап шеберлері 2 күмісті қанағат тұтты. Ал оған дейін 2017 жылғы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жалғыз «алтын» алғанда мамандар мұны бір реттік сәтсіздік деп бағалаған.

Бірақ содан бастап біздің боксшылар «алтынсыз» қайтуға үйреніп алды. 2021 жылғы Азия чемпионатында, 2021 жылғы Олимпиада ойындарында, 2022 жылғы Азия ойындарында бас жүлде бұйырған жоқ. Азияда ғана емес, әлемдік деңгейде бокс державасы саналатын Қазақстан құрамасы тығырыққа тірелгендей болды.

Джакартадағы сәтсіздіктен кейін құрамада өзгеріс болып, бас бапкер қызметіне команданы тоғыз жыл жаттықтырған Мырзағали Айтжановтың орнына Ғалымбек Кенжебаев тағайындалды. Кенжебаев ұзақ уақыт Қазақстан жастар құрамасын жаттықтырып, тәуір нәтиже көрсеткен. Бірақ ол бас команданы бұрынғы биігіне көтере алмады. Токиодағы «масқарадан» кейін оның орнын Қайрат Сатжанов басты. Бұл мамандар құраманы оң бағытқа бұра алған жоқ, 2023 жылдың басында құрама тізгінін Мырзағали Айтжанов қайта қолға алды.

Айтжанов қайта оралған соң Ташкентте өткен әлем чемпионатында 4 боксшымыз алтын медаль алып, көш түзелгендей көрінген. Бірақ 2023 жылы күзде өткен Азия ойындарында күрзі жұдырықты жігіттеріміз тағы жерге қарады. Қытайдан 1 күміс, 2 қола медальмен оралдық.

Құрама Олимпиада «алтынына» емес, жолдамасына таласады

Париж Олимпиадасына бокстан Қазақстан құрамасы мың машақатпен барды. Азия ойындарында 1 лицензия ғана бұйырды, оған Қоңқабаев қол жеткізді. Қытайда финалға шыққан шеберлерге ғана жолдама берілді.

Ал биыл наурызда Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен іріктеу турнирінде ерлер құрамасы 5 жолдама жеңіп алды. Соңғы іріктеу мамырда Тайландтың Бангкок қаласында өтіп, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі) «соңғы автобусқа» әрең ілінді.

Бұдан бөлек, қыздар құрамасына 3 жолдама бұйырды. Яғни Париж төрінде 10 боксшымыз бақ сынауға мүмкіндік алған. Бірақ оның сегізі елге ерте қайтқанын жоғарыда жаздық. Төртеуі ширек финалда сүрінді. Демек, жүлденің ауылы әлі алыс, тіпті Токиодағы сәтсіздік қайталануы да әбден мүмкін. Өйткені мамандар өз салмағының басты фавориттері санаған 3 көшбасшымыз жарыс жолынан шығып қалды.

Парижді бағындыра аламыз ба?

Қоңқабаев, Шымбергенов және Сабырханның жеңілісіне не себеп болды? Сөз жоқ, үздік боксшылар, шын шеберлер. Өздерін дәлелдеген, соңғы екеуі білдей әлем чемпионы. Қамшыбек те сан бәйгеде жүлде алған. Бұл жолы бәрі білгенінен жаңылды.

Жеңіліске төрешілерді айыптап жатқандар бар. Әсіресе әлеуметтік желідегі ағайын Мұхаммедсабыр мен Махмұдтың жеңілісіне сенбейді. Біз де бұл күдікті жоққа шығара алмаймыз. Өйткені кейінгі кездері бокстың басынан дау арылмай жүр. Төрешілердің бұра тартуы мен «бармақ басты, көз қыстылық» әлемдік аренада бұл спорттың беделін тым төмендетіп жіберді. Тіпті халықаралық Олимпиада комитеті боксты Олимпиада бағдарламасынан алып тастау мәселесін де көтерген.

ХОК боксты Олимпиада тізімінен сызбаса да, халықаралық әуесқой бокс ассоциациясын (IBA) шетке сырып тастады. Қазір Олимпиадаға іріктеу турнирлерін ХОК өзі ұйымдастырады, әр елдің бокс федерациясын IBA қатарынан шығуға үгіттеп жүр. Жақында Қазақстан ҰОК-нің президенті Геннадий Головкин де осы мәселені көтеріп, ҚБФ-ны IBA-дан шығып, жаңадан құрылған World Boxing ұйымына өтуге шақырған.

Даңқты боксшы Головкин Олимпиада комитетіне басшы болып тағайындалған соң қауырт жұмыс істеп жатқандай көрінген. Қазақ боксын IBA-дан шығуға үгіттеді, Олимпиада алдында АҚШ-қа барып, бокс шенділерімен жолығып қайтты. Қазір Парижде жүр. Осыған қарап, көпшілік Головкин беделін ортаға салып, қазақ спортшыларын әділетсіздіктен қорғайды деп үміттенген.

Бірақ Олимпиада аяқталмай жатып, төрешілерге наразылық туындап үлгерді. Жұрт Франция астанасында боксшыларымыздан бөлек, мергендеріміз, садақшыларымыз қиянатқа ұшырағанын айтып жүр. Бірақ төрешіліктің әділ болған-болмағанын алдағы уақытта мамандар айтады деп сенеміз.

Біздің құрамадағы екінші мәселе боксшыларымыз табанды емес. Әуесқойда жүріп бір турнирде жеңілсе, кәсіпқойға өтіп кетеді; кәсіпқойда жолы болмаса, әуесқойға қайтып келеді. Әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов, Азия чемпиондары Бек Нұрмағамбет, Тұрсынбай Құлахмет және Абылайхан Жүсіпов, Әбілхан Аманқұл, Талғат Шәйкен сияқты талантты боксшыларымыз екі кеменің құйрығын ұстап, теңселіп қалды.

Бапкерлердің боксшы таңдаудағы қателігін де айта кеткен жөн. Біздің мамандар жас спортшыға дер кезінде мүмкіндік бермейді. Мысалы, қазіргі ерлер құрамасындағы ерлер арасындағы 7 боксшының екеуі ғана бұған дейін Олимпиадаға қатысқан, ал қалған бесеуі дебютант. Токиоға 63 келіде 34 жастағы Зәкір Сафиуллин, 91 келіде 32 жастағы Василий Левит барды. Екеуі де бірінші айналымнан асқан жоқ.

Левит 2016 жылғы Олимпиаданың финалынан кейін нашар өнер көрсетіп жүрді. Азия және әлем чемпионатында жеңілді, тіпті нокаутпен ұтылған кездері болды. Бірақ бапкерлер оны соңғы сәтке дейін «сүйреді». Егер Токиоға 2018 жасөспірімдер Олимпиадасында топ жарған, 20 жастағы Айбек Оралбай барғанда кем дегенде тәжірибе жинап қайтар еді. Ал биыл Парижде пісіп-жетілген, тәжірибелі боксшы ретінде бақ сынайтын еді. 2019 жылы шілдеде Астанада өткен президент кубогында Оралбай Левитке лайықты қарсылас екенін көрсеткен.

Бокстан Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев әлеуметтік желіде Париждегі сәтсіздік жайлы өз ойын айтты.

– Жігіттердің физикасы өте нашар. Екінші раундта демалыстары қиындап, рингте әрең жүр. Соққы аз, сериялы соққы тіпті аз. Үш минутта қанша соққы жаудыруға болады! Физикалық дайындықпен айналысуға арнайы шақырылған кубалық маман қайда қарап жүр? Неге біздің боксшылардың демі жетіспей жүр, үш раунд аяқта тұра алмайды. Не істеп жүрсіңдер, шұбырып бәрің? Бірінші жекпе-жектен өте алмады деген не сұмдық! Әр боксшы лицензия алғаннан Олимпиадаға дейін неше жекпе-жек өткізді, практика бар ма? Мысалы, мен жарты жылда 22 ұрыс өткізген болатынмын.

Бас бапкерге айтар сөзім жоқ, тіпті, – деп күйіне жазды ол.

Билік спорттан ұлттық идеология жасауға әуес…

Қазақстан билігі жеке спортшының әлемдік аренада қол жеткізген жақсы нәтижесін бүкіл елдің жетістігі ретінде көрсетуге тырысады. Яғни жұртты спортшы Олимпиададан алтын медаль алса, елдің дамып жатқанының көрсеткіші дегенге сендіргісі келеді. 30 жылға жалғасқан осы ұранның әсерінен халық спортқа спорт ретінде емес, ұлттық идеология ретінде қарайтын болған. Салдарынан көпшілік спортшылардың шебер өнерінен ләззат алуды емес, қалайда жеңуді мақсат тұтады, ал спортшы жеңілсе, сырт айналып, топырақ шашуға дайын тұрады.

Күні кешеге дейін әр қазақтың кеудесінде кіндік Азияның көшбасшысымыз деген «тәкаппарлық» бар еді. Бірақ оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстан спорттағы жүйені дұрыстап, жемқорлықты жойғаны сол еді, Қазақстанды шаң қаптырып кетті. Олар кейінгі 2 Азия ойындарында және Токио Олимпиадасында жалпы командалық есепте бізден әлдеқайда жоғары орналасты.

Оның үстіне Ташкент Қазақстан сияқты легионер шақырып, бір сәттік жеңіске жетуі емес, өз ұландарын ұлықтауды жөн көреді. Бұл спортты дамытудың жолы даурығып доллар шашу емес екенін анық көрсетті. Ақша мен саясаттың әсері жүрген жерде спорттың көрер күні даурықпа ұрандар мен жең ұшынан жалғасқан жемқорлық қана болады.

Билікке «спортшының жеке жетістігін – елдің жеңісі» деген ұран не үшін керек? Әрине, халықтың назарын елдегі әлеуметтік мәселелерден спортқа аударып, көптің көңілін аулау үшін қажет. Өйткені біздің елде спортшыларымыз Олимпиададан 10 «алтын» алса, биліктің бар кемшілігін кешіріп, төбесіне көтеруге дайын адамдар аз емес.

Ал әлемде, керісінше, спорттық жарыстарға қызығушылық төмендеп бара жатқан көрінеді. Кейінгі кезде Олимпиада ойындарын өткізуге ынта танытатын мемлекет азайып кетіпті. Жарысты қабылдауға ешкім құлық танытпағандықтан, ХОК алдағы жылдары арнайы бір қаланы таңдап, Олимпиада өткізу жөнінде келісімшарт ұсынады. Тіпті бұдан кейінгі Олимпиадалардың бәрі бір қалада өтуі мүмкін екен…

Мұхаммедшах КАЮП

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған