Облыстық сотта соттардың 2024 жылдың 12 айындағы жұмыс қорытындылары бойынша кеңейтілген кеңес өтті.
Оған Қызылорда облыстық сотының төрағасы, алқа төрағалары, облыстық сот судьялары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары қатысты.
Жиынды облыстық соттың төрағасы Ә.Шығамбаев ашып, қатысушыларды облыс соттарының жұмыстарының қорытындысымен таныстырды.
Сонымен бірге, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасы Ж.Бекжановтың, азаматтық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы С.Жуынтаеваның және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ж.Оспанованың есептері тыңдалды.
Баяндамаларда бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың сот төрелігін жүзеге асыруы бойынша негізгі деректер атап өтілді.
Жиында судья әдебі бойынша облыстық соттың судьясы, комиссия төрағасы С.Жуынтаеваның, соттардың бұқаралық ақпарат құралдармен байланыс жұмысы бойынша облыстық соттың үйлестіруші-судьясы Ш.Маликованың баяндамалары тыңдалды.
Баяндамашылардан кейін сөз алған облыстық сот төрағасы Ә.Шығамбаев сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсарту мәселелеріне тоқталып, істерді татуластыру рәсімдерінің көмегімен аяқтаудың тиімділігін және алдағы атқарылатын жұмыстар мен жоспарларды атап өтті.
Сонымен қатар, жиын соңында «Үздік сот актісі» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Байқау қорытындысы бойынша «Үздік сот шешімі» номинациясы бойынша Сырдария аудандық сотының судьясы Д.Ералиев, «Үздік сот қаулысы» номинациясы бойынша Қармақшы аудандық сотының төрағасы Қ.Мыханов, «Үздік сот шешімі» номинациясы бойынша Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы М.Тоғызбаева, «Үздік сот үкімі» номинациясы бойынша Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы А.Изтелеуова жеңімпаз атанды.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі