Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 371-бабы 2-бөлігінде көзделген сотталушы А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотталушы А. лауазымды адам бола тұра, өз міндеттерін қызметіне ұқыпсыз қарауы және оны орындамауының салдарынан марқұм Қ.-ның тәртіптік изоляторда дарға асылып қайтыс болуына жол беріп, абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соқтырып, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған.
Атап айтқанда, сотталушы А. кезекшілікті қабылдап алған кезінде оған тәртіптік изоляторда қамауда отырған сотталған Қ.-ның өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін екендігі, осыған дейін мойнына шалбарын байлап, дарға асылуға әрекет жасағаны ескертілген. Кешкі ауысым кезекшілігін қабылдаған сотталушы А. марқұм Қ.-ның өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін әрекеттері болатынын нақты естіп, біле тұра назарынан тыс қалдырған.
Нәтижесінде, қамауда отырған сотталған марқұм Қ. тәртіптік изоляторға кіретін есіктің жанындағы бейне бақылау камерасының астында тұрып, шалбарды мойнына асып, шалбардың бір ұшын темір торға байлап, өз-өзіне қол жұмсап, дарға асылған.
Осылайша, сотталушы А. салғырттық, яғни лауазымды адамның өз міндеттерін қызметіне ұқыпсыз қарауы салдарынан орындамай, абайсызда ауыр зардаптарға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соқтырған.
Басты сот талқылауында жәбірленуші Г. сотталушыға кешірім беретінін көрсеткен.
Сотталушы А. ҚР ҚК-нің 371-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан 2 жыл мерзімге айыра отырып, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 690 000 (алты жүз тоқсан мың) теңге айыппұл жазасы тағайындалды.
Қызылорда қаласының №2 соты