Қызылорда қалалық сотына Қызылорда облыстық фтизиопульмонология орталығының 54 қызметкері талап қоюмен жүгінді.
Талап қоюда орталық қызметкерлері 10 жыл бойы аса қауіпті топқа жататын қызметкерлерге төленетін 5% зиянды міндетті әлеуметтік аударымды ала алмай келе жатқандарын көрсетіп, 2014-2024 жылдардың аралығындағы міндетті төлемдерді, яғни 36 миллион теңгеден астам қаражатты жауапкер облыстық фтизиопульмонология орталығынан өндіріп беруді сұраған.
Жауапкер облыстық фтизиопульмонология орталығы талапты толық мойындады.
Сот іс материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 26-наурыздағы №255 «Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын енгізу қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес, «Аса қауіпті топқа жататын қызметкерлерге байланысты, зиянды міндетті аударым бойынша жұмыс беруші 5% зиянды міндетті әлеуметтік аударым» төлеуге міндетті деген қорытындыға келді.
Сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, міндетті әлеуметтік аударымдарды жауапкерден өндіруге сот шешім етті.
Сот шешімі заңды күшіне енбеген.
Қызылорда қалалық соты