Арал ауданының тұрғыны талап қоюшы Н. 2013 жылдан бері аудандық бөлімнің балалар мен 18 жастан асқан мүгедектерге үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің әлеуметтік қызметкері болып қызмет атқарып келген.

2022 жылы жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шарты бұзылып, әлеуметтік қызметкер жұмыстан босатылған. Дегенмен, 2023 жылы ҚР Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының  қаулысына сәйкес, әлеуметтік қызметкер лауазымына қайта орналастырылған.

2024  жылы сәуір-тамыз айларында әлеуметтік қызметкерге қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза беріліп,  кейін қызмет алушының үйінде болмаған, күнделік дәптерге қызмет жасаған жазба түсірмеген, кесте өзгерту туралы басшылыққа ескертпеген деген негізбен акт толтырылып, еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасымен бұзылып, әлеуметтік қызметкер жұмыстан босатылған.

Әлеуметтік қызметкер сотқа  жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп танып,  күшін жойып, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру туралы талап қоюмен жүгініп, талап қоюында сот актісімен жұмысқа қайта орналасқан соң өзіне қатысты қудалау мен негізсіз тексерулер орын алғанын, еңбек шарты негізсіз тоқтатылғанын көрсеткен.

Сотта анықталғандай, аудандық бөлім тәртіптік жазаларды қолдану кезінде бірқатар заң бұзушылықтарға жол берген. Атап айтқанда, қызметкерден жазбаша түсініктеме алынбаған, жаза қолдану мерзімдері мен тәртібі бұзылған, актілерді өкілеттігі жоқ тұлғалар толтырған.

Сонымен қатар, бөлім қызметкердің өз міндеттерін дәлелді себепсіз орындамағанын растайтын дәлелдемелерді сотқа ұсынбаған.

Сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жұмыс берушінің еңбек шартын бұзу туралы бұйрығы заңсыз деп танылып, талап қоюшы бұрынғы қызметіне қайта орналастырылып,  мәжбүрлі түрде жұмыссыз жүрген күндері үшін 763 503 теңге көлемінде жалақысы өндірілді.

Сот бөлім тарапынан жол берілген заң бұзушылықтар бойынша жеке ұйғарым шығарып, мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында Арал ауданының әкіміне жолдады.

Сот шешімі заңды күшіне енген.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған