Қызылорда қалалық сотына әйел адам фитнес-клубтан келтірген материалдық шығын мен моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюмен жүгінді.
Талап қоюға сәйкес, 54 жастағы әйел фитнес-клубта жүрген кезде еденнің ылғалдылығынан суға арналған құрылғының жанына құлап кеткен. Дене жарақатын алған, содан кейін жағдайы нашарлап, жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болған. Алған жарақатына байланысты ол ұзақ уақыт емделуге мәжбүр болған, жұмысқа бара алмаған, жалақы алмаған, емделуге қаражаты болмаған, төсек тартып жатып қалған, денсаулығы әлі күнге дейін түзелмеген.
Талап қоюшы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия ғылыми орталығында ем алған.
Оның фитнес-клубта жарақат алғандығы медициналық мекеменің қоңырауларды тіркеу журналындағы жазбалармен және басқа да құжаттармен дәлелденген.
Сот фитнес-клуб тарапынан тұтынушының денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін қажетті шаралар қабылданбаған деген тұжырымға келді.
Осыған байланысты талап қоюшының талабы қанағаттандырылды: фитнес-клубтан әйелдің пайдасына 1 миллион теңгеден астам материалдық шығын мен моральдық зиян өндірілді.
Алайда, фитнес-клуб бұл шешіммен келіспей, облыстық сотқа шағым келтірген.
Істің мән-жайын зерттеген сот алқасы бірінші саты сотының шешімін өзгеріссіз, апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырды.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі