Талап қоюшы Е. мен жауапкер А.-ның арасында тіркелген неке 2023 жылы сот шешімімен бұзылған.
Неке бұзылғаннан кейін әйел ортақ мүлікті бөлу туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Сотта анықталғандай, 2007 жылы тиісті уәкілетті органда талап қоюшының күйеуінің атына тұрғын үйге меншік құқығы тіркелген. Алайда, құжаттарда тараптардың үлестері анықталмаған.
Тұрғын үй тараптар заңды некеде болған кезде салынған. Бұл жағдайда даулы үй тараптардың ортақ, бірлескен меншігі болып табылады.
Жылыжмайтын мүлікке тараптардың үлестерін анықтау үшін құрылыстық-тауарлық сараптамасы тағайындалған. Сараптама қорытындысына сай, жылжымайтын мүліктің нарықтағы құны 20 401 622 теңге деп бағаланған.
Бірінші саты сотының шешімімен жылжымайтын мүлік тараптардың ортақ мүлкі деп танылып, талап қоюшының тұрғын үйге үлесі 1/2 бөлігі, жауапкердің үлесі 1/2 бөлігі мөлшерінде белгіленіп, тұрғын үй жауапкер А.-ның меншігінде қалдырылып, жауапкерден талап қоюшының пайдасына ортақ мүліктегі үлесі, яғни тұрғын үйдің нарықтағы құнының жартысы 10 200 811 теңге өндірілген.
Жауапкер сот шешімімен келіспей, талап қоюшының үйді салуға қаражат жұмсамағанын, оның тұрғын үйге үлесі жоқтығын көрсетіп, бірінші саты сотының шешімінің күшін жоюды сұрап, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағым берген.
Апелляциялық сот алқасы талап қоюшының пайдасына жауапкерден ортақ мүліктен үлесі ретінде тұрғын үйдің нарықтағы құнының жартысын өндіріп, жылжымайтын мүлікті жауапкердің меншігінде қалдыру заңды әрі әділ шешім деген тұжырымға келді.
Осылайша, бірінші саты сотының шешімі өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды.
Сот шешімі заңды күшіне енді және тараптарға одан әрі шағымдану құқығы түсіндірілді.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі.