Жаңадан қолданысқа енгізілген ӘРПК-і аз ғана уақыт ішінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді десек артық емес.
Дауласушы тараптардың сотқа деген сенімі артты.
Өздерінің құқықтарын қозғайтын мемлекеттік органның шешімі түпкілікті емес екенін қалың жұрт түсіне бастады.
Осының айғағы күннен күнге әкімшілік талап қоюлардың саны артып келеді. Заңгер ғалымдардың айтуынша бұл жотасы жаңадан қалыптасып жатқан әкімшілік іс жүргізудің бастапқы кезде жүретін қалыпты процесі деп түсіну қажет.
Өздеріңізге белгілі 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап елемізде жаңадан әкімшілік әділет жүйесі жұмыс жасай бастады.
Әлбетте жаңадан қабылданған «Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі» сот қызметіне тың серпін бергені сөзсіз.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі Қазақстанның құқықтық жүйесі үшін жаңа құжат, қоғамдық қатынастарды реттеудегі жаңашылдықтарға бетбұрыс жасаған тың заңнама.
Бұған дейін еліміздің құқықтық жүйесінде мемлекеттік органдар мен азаматтардың ара –қатынасын реттейін жалпыға бірдей тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды реттейтін арнайы заң болған жоқ.
Міне бұл заң мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асырудың тәртібін реттеумен қатар, әкімшілік сот ісін жүргізудің айшықтарын, соттың алдында жұрттың бәрі тең деген қағиданың жұмыс жасауына қолайлы заң деп қабылдағанымыз жасырын емес.
Бұл жаңа кодекс судьяға жаңа өкілеттіктер мен құқықтар беру арқылы, сотқа жүгінген тараптардың құқықтарын қорғауда мемлекеттік органдар мен халықтың арасындағы алшақтықты жоюға бағытталғанын аз уақыт ішінде дәлелдеді десек артық емес. Жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыруға, жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізуге,оның ішінде қарапайым халықтың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз етуге бетбұрыс жасалды.
Осы ретте жария-құқықтық қатынастарда жеке және заңды тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу үшін, өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтумен қатар, соттарға процестік мәжбүрлеу шараларын кеңінен қолдануға мүмкіндік берілді.
Жаңадан ақшалай өндіріп алу мәжбүрлеу шарасы енгізілді.
Қазіргі таңда соттармен қолданылып жатқан процестік мәжбүрлеу шарасының бірі, ақшалай өндіріп алуға кеңінен тоқталсақ.
Ақшалай өндіріп алуды қолдану мәселесінде біршама тәжірибие қалыптасқандай. Ол жеке және заңды, сондай-ақ, лауазымды тұлғаларға да, процеске қатысушы немесе сот отырысы залында жай ғана қатысып отырған тұлға болғанына қарамастан қолданылады. Ақшалай өндіріп алу түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасын қолдану тәртібі мен мөлшері ӘРПК-нің 127 бабында нақты көрсетілген.
Бұл процестік мәжбүрлеу шарасы әкімшілік істер бойынша іске қатысатын тараптарды тәртіпке келтіруге, істің мән-жайларын уақытылы және толық зерттеуді және сотқа жүгінген адамдардың өз құқықтарын заң шеңберінде қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.
Сот ақшалай өндіріп алу қандай жағдайда қолданады. Негізінен процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаларға, оның ішінде дәлелдерді белгісіз себептермен сот белгілеген мерзімде ұсынбаса, тапсырмаларды сот белгілеген уақытта орындамаса, егер де бұл әрекеттер әкімшілік істің негізсіз созылуына әкеп соққан жағдайда әрбір әрекет (әрекетсіздік) үшін жеке қолданылады.
Сонымен бірге соттың талабын, сұрау салуын орындамағаны, әкімшілік іске қатысушы адамның сотқа келмегені, сотқа уақытылы хабарламағаны, кері қайтарып алуды уақытылы бермегені, сот отырысында төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбағаны, сотта белгіленген қағидаларды бұзғаны, сондай-ақ сотты және (немесе) судьяны құрметтемегені туралы анық куәландыратын өзге де әрекеттер (әрекетсіздік) үшін де сот ақшалай өндіріп алуды қолданатыны заңмен бекітілді.
Соттың шешімі орындалуымен құнды. Осы кодекс сот шешімінің орындалуына сот бақылауын күшейтудің бір тетігі ретінде, сот актісін уақытылы орындамаған тұлғаларға да, сотпен ақшалай өндіріп алу мәжбүрлеу шарасын қолдануға мүмкіндік беріліп отыр.
Соттың шешімін, тараптардың татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін бекіту туралы сот ұйғарымын орындамағаны үшін ол бір айдан аспайтын мерзім ішінде орындалуға жататынын көрсете отырып, ақшалай өндіріп алуды қолданады.
Сотпен белгіленетін ақшалай өндіріп алудың мөлшері де жасалған әрекеттің сипатына қарай белгіленетіні осы кодексте нақты айқындалған.
Жоғарыда атап өткендей ӘРПК-нің 127 бабында ақшалай өндіріп алудың мөлшері он айлық есептік көрсеткіштен жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін болып белгіленген. Оның ішінде процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаларға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде болса, соттың талабын, сотта тікелей қатысатын тұлғалардың соттың сұрау салуын орындамағаны, тараптың сотқа келмегені тағы сол сияқты, сот отырысында төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбай, сотта белгіленген қағидаларды бұзған, сондай-ақ сотты және (немесе) судьяны құрметтемегені туралы анық куәландыратын әрекеттерге жол бергендер үшін жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алу көзделген.
Ал, соттың шешімін орындамаған жауапкерге қолданылатын ақшалай өндіріп алудың мөлшері де жоғары, ол елу айлық есептік көрсеткішті құрайды.
Бір айта кететіні, жоғарыда аталғандай сот актісін немесе соттың талаптарын орындамаған кезде сот тұлғаға он айлық есептік көрсеткішке ұлғайтылған мөлшерде қайтадан ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
Ақшалай өндіріп алуды қолдану мәселесін қарау, өзіне қатысты мәжбүрлеу шарасы қолданылатын адамға алдын ала хабарланады және тікелей сот отырысында жүргізіледі. Егер азамат сот отырысының болатыны туралы алдын-ала хабарланса және сот отырысына белгісіз себептермен келмесе, мәселені қарау оның қатысуынсыз жүзеге асырылады.
Ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы ұйғарымның көшірмесі міндетті түрде ақшалай өндіріп алу қолданылған адамға табыс етілуі тиіс.
Бұл ретте айта кететіні, ақшалай өндіріп алуға байланысты сот актісіне шағымданудың өзіндік ерекшелігі бар. Себебі ақшалай өндіріп алу қолданылған адам қаражатты оның көшірмесі табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде төлеуі тиіс және соттың ұйғарымына төлем жүргізгеннен кейін ғана шағымдануға құқығы бар.
Ақшалай өндіріп алу қолданылған тұлға оны төлеуден босату немесе ақшалай өндіріп алу мөлшерін азайту туралы өтінішхатпен сотқа жүгінуге де құқылы.
Ақшалай өндіріп алу қолданылған кезде сот ұйғарымның орындалуын кейінге қалдыруға немесе екі айға дейінгі мерзімге бөліп төлеуді беруге құқылы.
Адамға процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану бұл адамды осы Кодексте белгіленген тиісті міндеттерді орындаудан босатпайды.
Сондықтан процестік мәжбүрлеу шарасын қолданудың басты мақсаты, әкімшілік іске тартылған тұлғалардың өздерінің процестік құқықтары мен міндеттерін дұрыс және ұқыпты орындауды талап ету, істің дұрыс шешілуіне қажетті деп тапқан соттың сұранымдары мен тапсырмаларын мерзімінде орындату және істің созбалаңдыққа салынуына жол бермеу болып табылады.
Осы кезге дейін Қызылорда облысының әкімшілік істері жөніндегі апелляциялық алқасымен бірнеше әкімшілік іспен іске тартылған тұлғаларға ақшалай өндіріп алу қолданылды.
Оның біреуіне мысал келтіре кетейік. Әкімшілік іспен апелляциялық саты сотына жауапкердің өкілі ретінде бір азамат сенімхатпен іске қатысуға жіберілген және оған істің мән-жайларын толық және объективті зерттеуге арналған процестік құқықтарын жүзеге асыруы үшін мүмкіндік берілген.
Алайда сот отырысы барысында аталған тұлғаның өкілеттігіне қатысты талап қоюшы тарапынан сенімсіздік білдіріліп, оның алқаға тапсырған өкілеттілігін бекітетін құжаттарын қосымша зерделеу үшін үзіліс беруге тура келді.
ҚР Әділет Министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылатын Заң консультанттары палаталары туралы мәліметтерді зерделеу барысында, жауапкер өкілі мүшесімін деп көрсеткен Заң консультанттары палатасы ресми тіркелмегені, өкілдің заң консультанты ретінде қандай да бір заң палатасының мүшесі емес екені анықталды.
Тіпті, өкіл процестік құқықтарын жүзеге асыру үшін бірінші саты сотына өзінің басқа Заңгерлер палатасының мүшесі болып табылатыны туралы анықтама табыс еткен және осы анықтамада көрсетілген заң консультанттар палатасы да электрондық базада тіркелмеген.
Алқа осы тапсырған құжаттары белгіленген заң талабына сәйкес сотта өкілдік етуге құқық беретін құжаттарға сәйкес келмейді деп, оны іске қатыстырудан бас тартқан және сот процесінде оны өзіне ресми жариялаған.
Сол себепті жауапкер тараптың өкіліне процестік құқықтарды теріс пайдаланғаны үшін оған он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алу қолданған.
Жаңа заңның басты мақсатының бірі судьяның белсенділігін арттыру болатын. Ендігі жерде судья өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың өтініштері бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинаудағы өзінің белсенді рөлін кеңінен қолдануға құқылы. Міне осы осы қағидатты жүзеге асыру үшін, жаңа заң нормасымен енгізілген мәжбүрлеу шарасы тараптардың процестік ұқыптылығын қалыптастырып, әкімшілік іс жүргізуге аса жауапкершілікпен қарауға міндеттейді және сот билігінің беделін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз.
Е.Тұрбаев, Қызылорда облыстық сотының судьясы