Өзбекстан Республикасының азаматы Х. 2024 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан Республикасына жеке мақсатта келіп, жұмыс жасауға рұқсат алмай, пайда табу мақсатында Қызылорда қаласында орналасқан наубайханада нан пісіру жұмыстарымен айналысып жүрген.
Сот отырысында Х. кінәсін толық мойындап, бұл құқық бұзушылық әрекетіне, яғни рұқсатсыз нан пісіру жұмыстарымен айналысқанына шын жүректен өкінетінін білдірді.
Азамат Х. әрекеті өз кінәсін мойындауымен қатар, полиция қызметкерлерінің мәлімдемесімен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасымен, әкімшілік ұстау, адамның жеке басын және қолындағы заттарын тексеру және алу хаттамаларымен дәлелденіп бекітіледі.
ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның жүзеге асыратын қызметі визада және (немесе) тіркеу кезінде көші-қон карточкасында көрсетілген мақсаттарға сәйкес болмауынан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы немесе халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган берген өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік сәйкестігі туралы анықтаманы немесе жұмысқа орналасуға рұқсатты алу еңбек қызметін жүзеге асыруға қажетті шарт болып табылатын жағдайда, мұндай анықтаманы не рұқсаттарды алмастан, Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 5-бөлігімен азамат Х. кінәлі деп танылып, 3 тәулік мерзім ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге әкімшілік жолмен шығарылды.
Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты