Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған сотталушылар Қ. мен Ж-ға қатысты (ҚР Қылмысты Кодексінің 106-бабы 3-бөлігі – денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру, 293-бабы 2-бөлігі 1) тармағы – бұзақылық) қылмыстық іс қаралды.
Анықтағаны:
Шиелі ауданы Қодаманов ауылының 10-сынып оқушылары Қ. мен Ж. сыныптастарымен бірге әңгіме арасында төменгі сыныпта оқитын 9-сынып оқушылары өздерімен амандаспай, сыйламаушылық танытып жүргенін алға тартып, оларды тәртіпке келтіру үшін ауыл шетіне жиналған.
Сотталушы Ж. бір қатарда тұрған 9-сыныптың оқушыларын беттерінен бір реттен ұрып шыққан.
Ссотталушы Қ. бұл әрекетті жалғастырып, оқушыларды ұрып келе жатып, жәбірленуші А.-ның көкірек тұсынан жұдырығымен бір мәрте қатты соққы жасаған. Соның салдарынан жәбірленуші жүрегінің рефлекторлы тоқтауына әкеліп, ауыр дене жарақатының салдарынан ол қайтыс болған.
Сот қорытындысы немен бекітіледі:
Сотталушы Қ. өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады.
Сотталушы Ж. өзіне тағылған айыпты толық мойындады.
Сараптама қорытындысына сәйкес, сотталушы Қ.-ның соққысынан жәбірленушіге «кеуденің жабық жарақатынан жүректің рефлекторлы тоқтауы, жедел жүрек-қан тамыр қызметінің жетіспеушілігі» ауыр дәрежелі дене жарақаты келгені анықталған.
Сот үкімі бойынша:
Кәмелетке толмаған сотталушы Қ., ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар, сотталушылар Қ. мен Ж. ҚК-нің 293-бабының 2-бөлігінің 1) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сай, қылмыстық жауаптылықтан босатылып, оларға қатысты қылмыстық істің осы бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылған.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты