Банкроттық рәсімі – кредиторлардың талаптарын Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен борышкердің мүліктік массасы есебінен қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын рәсім. Банкроттық борышкердiң сотқа берген өтiнiшi негiзiнде ерікті түрде және кредиторлардың немесе заңмен уәкілеттік берiлген өзге де тұлғалардың сотқа берген өтiнiшi негiзiнде мәжбүрлі түрде белгiленедi.
Егер өзіне қатысты Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексi 49-бабының 1-тармағында белгiленген тәртiппен тарату туралы шешiм қабылданған заңды тұлға мүлкiнiң құны кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін жеткiлiксiз болса, тарату комиссиясы «Оңалту және банкроттық туралы» туралы Заңда белгiленген қағидалар бойынша банкроттық рәсімін жүргізу үшін мұндай заңды тұлғаны банкрот деп тану туралы сотқа жүгінуге міндетті.
Борышкердiң дәрменсiздiгi оны сот тәртiбiмен банкрот деп жариялау үшін негiз болып табылады.
Дәрменсiздiк фактiсiн анықтау кезiнде борышкердiң орындау мерзiмi басталған, сондай-ақ орындауға қабылданған және (немесе) орындалып жатқан мiндеттемелерi ескерiлуге тиiс. Банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі сот шешімімен айқындалады және ол тоғыз айдан аспауға тиіс. Бұл мерзімді кредиторлар жиналысының келісуімен банкроттықты басқарушының өтінішхаты бойынша сот үш айдан аспайтын мерзімге ұзарта алады. Банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі.
Борышкерді банкрот деп танудың негіздері, тәртібі мен рәсімі ҚР “Азаматтық кодексінің” 52-57-баптарында, “Оңалту және банкроттық туралы” Заңда көзделген. Осы актілерге сәйкес банкроттық ерікті не ықтиярсыз түрде жүзеге асырылуы мүмкін. Егер борышкер өзінің төлем қабілетсіздігі жайында сотқа арыз берсе, онда ол ерікті банкрот болып табылады. Ал, ықтиярсыз банкроттық туралы іс қозғауға несие берушінің, ал заң актiлерiнде көзделген жағдайларда өзге де тұлғалардың сотқа өтiнiш беруi негіз болады.
Осы өтініш бойынша сотта азаматтық істі қараудың тәртібі келесідей. Аталған өтінішті азаматтық процестік кодексінің 27-бабына сай мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қарайды.
Борышкердің өтініші сотқа жазбаша нысанда, борышкер басшысы не құрылтай құжаттарына сәйкес оны алмастыратын тұлғаның қолымен беріледі.
Банкроттық туралы іс қозғалған соң дара кәсіпкерге, заңды тұлға мүлкінің меншік иесіне, құрылтайшысына, барлық органдарына мүлiктi кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс пайдалануға және өткiзуге тыйым салынады; борышкердің мүлкіне қатысты бұрын қабылданған соттардың шешімдерін, төреліктің шешімдерін, мемлекеттік кіріс органдарының, сондай-ақ борышкер меншiк иелерiнiң, олар уәкілеттік берген органдардың немесе органдарының шешiмдерiн орындау тоқтатыла тұрады. Бұл жағдайдың моральдық зиянның орнын толтыру туралы талаптарды есепке алмағанда, адамның өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн борышкер жауаптылықта болатын азаматтарға төленетін төлемдерге қатысы жоқ.
Борышкер берешегінің барлық түрі бойынша тұрақсыздық айыбын есепке жазу тоқтатыла тұрады; кредиторлардың борышкерге қоятын кез келген талаптары осы Заңда көзделген оңалту немесе банкроттық рәсiмдерi шегiнде ғана қойылуы, сондай-ақ үшінші тұлғалар кепіл беруші болған жағдайларда, кепіл тұрғысында өндiрiп алуға қойылуы мүмкiн.
Сотпен iс қозғау туралы ұйғарым шығарылғаннан кейін әкімші қызметін жүзеге асыруға құқығы бар адамдардың хабарламаларының тізіліміне енгізілген тұлғалар қатарынан уақытша басқарушы тағайындалады.
Бұл кезеңде уақытша басқарушының басты міндеті ақпарат жинау болып табылады, сондай-ақ уақытша басқарушы бекітілген сату жоспарына сәйкес мүлікті өткізуге міндетті. Борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді оның төлем қабілетсіздігі белгілерінің бар не жоқ екендігін растау мақсатында бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік құжаттарының негізінде сот шешімі шығарылғанға дейін жинауды жүзеге асыруға міндеттеледі.
Сот Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында және борышкердiң тұрған жерi бойынша тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте таратылатын, белгiленген тәртiппен заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзiмдi баспасөз басылымдарында, оның ішінде соттың интернет-ресурсында да оңалту туралы iс бойынша iс жүргізуді қозғау туралы хабарландыруды қазақ және орыс тiлдерiнде бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жариялауға мiндеттi. Хабарландыруды жариялау оңалту рәсімін қолдану туралы өтiнiш берген борышкердің қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
Сот аталған талап бойынша азаматтық істі қарауды толық аяқтаған соң борышкердi банкрот деп танудан, оңалту рәсімін қолданудан бас тарту туралы; оңалту рәсімін қолдану туралы; банкроттық рәсімін тоқтату, оңалту рәсімін қолдану және оңалту жоспарын бекіту туралы немесе бекітуден бас тарту туралы шешім;борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып оны тарату туралы шешiмнің күшін жою туралы немесе іс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы, сондай-ақ бітімгершілік келісімін бекіту және банкроттық рәсімін тоқтату туралы ұйғарым қабылдауы мүмкін.
Шешім қабылдағаннан кейін жұмыстарды басқару уақытша басқарушыға жүктеледі. Уақытша басқарушы банкроттың мүліктік массасын түгендеуді жүргізеді және кредиторлардың алғашқы жиналысына түгендеу туралы есепті ұсынады.
Н.Б. Еламанов, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы