Шиелі аудандық сотында сотталушы Н.-ға қатысты ҚК-ның 192-бабының 3-бөлігінің 4) тармағында (тұрғын үйге заңсыз кірумен жасалған қарақшылық) көзделген қылмыстық іс қаралды.
Іс-құжаттарына қарағанда, сотталушы Н. бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін екі рет бас бостандығынан айыруға сотталған тұлға бола тұра, ҚК-нің 14-бабы 2-бөлігінің 1 тармағында көзделген ауыр қылмыстардың қауіпті қайталануында қылмыс жасаған.
Ол жәбірленуші Е.-нің үйіне келіп, қару ретінде қолдану үшін алып жүрген пышақпен қаруланып, үй ауласына қоршаудан қарғып түсу арқылы заңсыз кірген. Әрі қарай жәбірленушінің үйінің асхана бөлмесіндегі терезесін күштеп ашу арқылы үй ішіне заңсыз кіріп, жатын бөлмеде ұйықтап жатқан жәбірленуші Е.-нің денсаулығына қауіпті күш қолдану мақсатында өзімен бірге алып жүрген пышағын қолына алып, соңғыға шабуыл жасап, бетін жастықпен жауып тұншықтырып, ұрып-соғып, оның денесіне бірнеше мәрте пышақ жарақаттарын салған.
Осыдан кейін, үйдің келесі жатын бөлмесінен жәбірленуші Е.-нің айқайлаған дауысын естіп жәбірленуші анасы жәбірленуші З. келген. Осы кезде сотталушы оның денсаулығына ауыр зиян келтіру арқылы қарақшылық шабуылын жасап, ұстап алып, өзімен бірге қару ретінде қолдану үшін алып жүрген пышақпен кеуде тұсына бірнеше мәрте пышақ жарақаттарын салып, ұрып-соғып, жәбірленуші Е.-ге тиесілі әшекей бұйымдарын (бижутерия), «Samsung A23» маркалы ұялы телефонын және жәбірленуші З.-ға тиесілі алтын сырғаларын алып, оқиға болған жерден бой тасалаған.
Шиелі аудандық сотының үкімімен сотталушы Н. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 192-бабы 3-бөлігінің 4) тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, осы баппен 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, ҚК-ның 60-бабы 1,4-бөліктері негізінде үкімдердің жиынтығы бойынша түпкілікті 11 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған.
Қылмыстық Кодексінің 14-бабы 2-бөлігінің 1)-тармағы негізінде сотталушының әрекетінде қылмыстың қауіпті қайталануы танылған.
Қылмыстық Кодексінің 46-бабы 5-бөлігінің 3)-тармағына сәйкес, сотталушының жазаны өтеу орны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесі белгіленген.
Шиелі аудандық соты