Бүгінде бір курс, не арнайы сабақты сатып алып, дайын психолог болып шыға келетіндер жоқ емес. Жаттанды, немесе бір бағытта айтылатын ақылға толы сөздерді елдің бәріне бірдей қолдана отырып, табыс табатындар да бар. Бұл арқылы біреудің табыс көзін есептеуді мақсат етпедік, тек сенделген жұртшылыққа жөнді жол сілтейтін психолог мамандарды қалай ажыратуға болатынын айғақтауды дұрыс деп ұғындық. Осы орайда аталған саланың біздің өңірде ілгерілеу барысын, көпшіліктің психологияға қатысты көзқарастары мен оқырмандарға одан да басқа ақпараттарды кеңірек таратуды жөн санап, Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейінің педагог–психологі, педагогика ғылымдарының магистрі, практик психолог Самал Арайлым Берікқызымен әңгімелестік.
– Қызылорда облысы бойынша психология саласының ілгерілеу бағыты қай сатыда деп айта аласыз? Облыс тұрғындары қаншалықты психолог маманның көмегіне жүгінуде?
– Облысымызда психологиялық қызметтің даму деңгейі халықтың сұранысына сай болуда. Осы орайда білім беру ордаларындағы психолог мамандарының кәсіби шыңдалуына жағдай жасалуын, облысымыздағы «Анаға тағзым» мемлекеттік мекемесінің қыз – келіншектерге психологиялық қолдау көрсету кабинетінің белсенді жұмыс жасауын мысалға алсақ болады. Жалпы салыстырмалы түрде Оңтүстік өңірлерде психолог маманының қызметіне сұраныс жылдан жылға көбеюде. Аталған маманның қызметіне жүгінуді ретсіз деп санайтын түсінік ескіруде. Қазір облыс тұрғындары тарапынан өздерінің психикалық денсаулықтарына назар аудара бастауы біршама қуантады.
– Жалпы, психолог, не психология саласының адамға берері қандай, пайдасы мен сәйкесінше зияны неде деп айтар едіңіз?
– Расымен де, қазір барлық адам өздерінің күн көрістерін, өмір сапасын жақсарту мақсатында жан–жағына қарауға үлгермей асығыс өмір сүруде. Адасқан, әбігерленіп, мазасызданған күйге түскен жандарға дер кезінде психолог көмегі көрсетілсе, қоғамдағы жағымсыз оқиғалардың алдын алып, бақытты жандар мен үлгілі отбасы статистикасының көрсеткішін көтеруге болады. Психология саласының емес, кейбір дипломсыз психолог мамандарының зияны бар, әрине. Құпиялылықты сақтамау, жеке көзқарасын, өмірлік позициясын клиентке таңу, клиенттің шекарасына өту, этикалық принциптер мен кодексті сақтамау сынды қателіктер себебінен белгілі дәрежеде адам өміріне зиян келуі мүмкін. Сондықтан психолог маманының көмегіне жүгінерде оның білімі мен кейс багажына назар аударған жөн.
– Жоғары буындағы психологтардың қандай да бір жағдайға байланысты айтар тұжырымдары, пікірлері де басқаша еді. Бүгінгі жас мамандардың ойлары мүлдем басқа. Қай кезеңнің айтарын құптап, қайсы кезеңнің пікірлерін қолдайсыз?
– Әр кезеңнің ерекшелігіне сәйкес өзгермелі тұжырымдармен қатар қатқан принциптер және теория – техникалар бар. Сондықтан бұл сұраққа өзім нақты жауабын тапқанда оралайын.
– Сонымен бірге бір курс оқып алып өзін тәжірибелі психолог ретінде сезінетіндер де көп. Жасы кіші болса, өнегелі сөздерімен берер бағыты мен сілтер жолын да арнайы курс, не консультация арқылы ұсынатындардың саны артты. Дегенмен, жоғарыда атап өткендей әрбірінің айтары басқа. Халық кімге сенуі керек, онсыз да біреудің пікірін қажет етіп сенделіп жүрген адам бұрысы мен дұрысын қалай ажырата алады?
– Кез келген қызметтің негізі – сұраныс. Адамның жанын, мұңын, арман – қалауын инфобизнеске айналдырған псевдо-психолог мамандарынына сұраныс көп болмаса, олар бизнес көзін басқа саладан іздер еді. Дегенмен де, ол курстар мен консультациялардан қысқа мерзімге жанына жұбаныш таба алғандар да жоқ емес. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын!», – деген мақалды сөзіме сүйеніш ете отырып, ең қымбат, құнды дүниеңізді кім көрінге сеніп тапсырмаңыз дегім келеді. Әсіресе, адам жанына байланысты мәселеде өз саласының маманына барыңыздар деп кеңес беремін.
– Мәселен, бүгінде қай психологтарды тыңдауға болады деп ойлайсыз?
– Мысалы, өзім қазір әріптестерімнің ішінде Динара Болат, Акбота Аканова, Александр Шаховты мұқият қарап, қызығушылықпен тыңдаймын.
– Өзіңіздің осы салаға келгеніңізге қанша уақыт болды және қалай қызықтырды?
– Менің негізгі мамандығым педагог – психолог. Яғни бала мен жасөспірім психологиясының ерекшелігін зерттеу мақсатында 6 жыл Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде оқи жүріп теориялық базамды толықтырған болатынмын. Яғни 4 жыл бакалавр, 2 жыл магистратура арқылы біліктілігімді жетілдірдім. Қосымша ТМД елдеріндегі мықты мамандармен біліктілік курсынан өтіп, тұлғалық конфликт, отбасылық психология, корпоративті психология, тағы да басқа психологияның салаларына қызығушылық таныта бастадым. Менің бұл салаға келуіме себеп – жасөспірім кезеңде кумир болып қалыптасқан анамның профессионалды бейнесі. Менің анам Шакиева Жанат Әмірбекқызы 20 жылдық тәжірибесі бар облыстағы мықты психолог мамандарының бірегейі. Бізде психология саласына жеке емес отбасылық қызығушылық бар деп айтуға негіз бар.
– Кеңес алушылардың өмірлері қаншалықты оң бағытқа өзгеруде? Пікірлері қалай? Қаншалықты жақсы жол көрсетудесіз?
– Кеңеске жүгінушілерден әлі күнге дейін алғыс алып жүргеніме, жаңа кеңес алушылар трафигінің көбеюіне қарағанда менің психолог маманы ретінде пайдам бар деп сенемін.
– Әйткенмен, арасында алғыс емес, қызметіңізге өкпе-назын жеткізушілер де кезігетін болар?
– Бұл күнге дейін қызметіме көңілі толмай, ренішін жеткізген жандар кездеспеді.
– Кеңес алушылардың жас мөлшері қанша жас аралығын құрайды?
– Негізінде кеңес алушылардың басым бөлігі 20 – 35 жас аралығындағы нәзік жандылар және 14 – 18 жас аралығындағы жасөспірімдер.
– Бұрын психология ілімі барын білгенімен, проблемасын арқалап жеткізуге ұялатындар көп болатын. Бүгінде басқаша секілді. Оған себеп не деп ойлайсыз?
– Оған себеп – адамдардың өздерінің мәселелерімен бетпе – бет кезіге алуында деп ойлаймын. Бұрындары да қазірдегідей отбасы мәселесі, бала тәрбиесіндегі кемшіліктер, қарым – қатынастағы қарама-қайшылықтар секілді мәселелер болған. Тек ол кезде «обал болады мен ұят боладының» жібіне шырмалғандар көп болатын.
– Қалай ойлайсыз, бүгінде адамдарға қандай қасиет жетіспейді? Жылулық, жанашырлық, бір-бірімен сөйлесу яғни диалог арқылы мәселенің басын шешіп алмаған соң, аталған маманның көмегіне жүгінуге мәжбүр секілді?
– Адамдарға өз қадірін ұғып, өміріне ғашық бола алу қабілеті де жетіспейді. Жасыратыны жоқ, бүгінде батылдық пен мейірім жетіспей барады. Отбасы құндылығы, жылулық, қарапайым дүние салмағы мен ішкі тірек мәні күңгірт тартып барады. Бір-бірімізбен тығыз байланыстан гөрі, телефонның ішіндегі өмірге үңіліп барамыз. Сол себепті де жаны сыздағандар сырттан көмек іздей бастайды.
– Депрессия, стресс секілді терминдер де кең етек алды. Адамдардың бұл диагноздарға шалдығуына не түрткі деп ойлайсыз? Үлкен кісілер жас кезімізде депрессияға түсу түгілі оның не екенін білмедік деген де пікірлер айтады… Қаншалықты келісесіз?
– Келіспеймін. Ол кезде де депрессия салдарынан өз–өзіне қол салу, босанғаннан кейінгі депрессия, 3 жас, орта жас дағдарысы, тағысын тағы фактілері болды. Бұрын бұл терминдер, үдеріс жеткілікті ақпараттандырылмағандықтан жоғары буын өкілдері бойларындағы депрессия сынды жайларға аса қатты назар аудара қоймаған да болар. Стресс алу – қалыпты күй. Кез–келген адам жұмысқа кешіккенде, басшысынан сөгіс алғанда, ыстық кофесін байқамай төгіп алғанда, еркінен тыс өтірік айтқанда белгілі бір дәрежеде стресс алады. Тек бұл процессте адам өзін оңай қолға алу дағдысын жетілдірсе анау айтарлықтай қауіп жоқ. Ал депрессия – сіздің көңіл–күйіңізге, белсенді өмір сүру қабілетіңізге кері әсер ететін жағдай. Адамдар бұл күйге бірден еңбейді. Депрессия қорытылмаған өкпе, ұмытылмаған реніш, ақталмаған үміт, созылмалы физикалық ауру, қоғамнан оқшаулану себебінен болады.
– Әрбір адамның неше түрлі тағдырын тыңдау психологтың өзіне де жеңіл емес. Бұл ситуацияларды олар қалай жеңіл қабылдап, ми кеңістігінен жеңіл жібере алады?
– Әр сеанс арасында менде міндетті түрде үзіліс пен өз – өзіммен «Өзгенің қиыншылығына енбе!» деген келісім болады. Бұл келісім эмпатия таныта отырып, өзгенің мәселесіне еріп, еніп кетпеуге көмектеседі. Менде маман ретінде миға барьер жақсы қалыптасқан.
– Бір кеңес алуға бағытталған кездесудің құны жоғары. Оған кез келген адамның шамасы келмесі айқын. Тіпті, бір мәселе бір кеңес алумен шешім таппасы да белгілі. Он кездесу болса, оның әрбіріне жұрттың шамасы жете бермейді ғой. Неліктен олай?
– Қазір кез келген аймақтық пункте тегін психолог мамандары қарастырылған, онымен қоса келеңсіз жағдайға душар болған жандарға психологиялық көмек көрсету орталықтары бар. Сондықтан бүгінде психолог маманының көмегі қолжетімсіз деуге келмейді. Біздің заманда адамның өз таңдау еркі бар, ақысыз немесе ақылы психолог маманының көмегіне жүгінсе де…
– Сіздің қызмет құныңыз қаншалықты қалтаға қонымды?
– Менің қабылдауым ақылға да, қалтаға да қонымды.
– Өзіңіз әріптестеріңіздің қызметіне жүгінесіз бе?
– Иә, әрине, жылына кем дегенде 2 рет терапиядан өтіп тұруға тырысамын. Одан бөлек жан тыныштығы үшін жылына бірнеше рет саяхатқа шығып тұрамын. Саяхаттау процесі – мен үшін жаңа ресурс пен энергия жинау көзі.
– Психолог қандай болуы керек немесе білікті маман болу үшін қандай қасиеттерді меңгеру қажет деп ойлайсыз?
– Өз ісіңнің шебері болу мақсатында біліктілікті арттырып, жоспарлы түрде ревизиядан өтіп, кейстермен бөлісіп, тәжірибе алмасып, өзіңнің ментальді денсаулығыңа көңіл бөліп отыру қажет. Психолог маманы – ең алдымен адам. Адам ретінде рухани байлығы толысқан, басқаларға қарағанда эмоционалды интеллекті дамыған болуы қажет, ал маман ретінде қандай болуы керегі психологтың этикалық кодексінде жазылған. Психолог маманы сол кодексті қатаң ұстанғаны жөн. Білікті маман – ең алдымен өз саласына ғашық маман. Өз ісіңді сүйгенде ғана сен ізденесің, шеберлігіңді арттырасың, сонда ғана адамдардың мәселесіне, қателіктері мен таңдауына, жалпы өмір жолына құрметпен және махаббатпен қарай аласың.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан А.Әлиарыстан