«Мұз айдыны» спорт кешенінде білім беру саласында өзіндік із қалдырған ұлағатты ұстаз, іскер басшы Әділбеков Асқар Қалиұлын еске алуға арналған волейболдан турнир өтті.
Аталған турнир биыл бесінші мәрте ұйымдастырылды. Дәстүрлі сипат алған дүбірлі додаға білім беру ұйымдарынан құралған 10 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Дәстүрлі доп додасын қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев ашып беріп, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Жарыс алаңында мықтылармен қарсыласып, шеберліктерін көрсете білген С. Толыбеков атындағы №3 ақпараттық технология мектеп-лицейінің командасы І орынды жеңіп алды. ІІ орын Әли Муслимов атындағы № 101 мектеп-лицейінің командасына бұйырса, ІІІ орынды Т. Есетов атындағы № 264 мектеп-лицейінің командасы иеленді.
Жеңімпаз командалар қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, ойын барысында үздік ойын өрнегін көрсеткен ойыншыларға «Үздік ойыншы», «Үздік шабуылдаушы» және «Үздік қорғаушы» номинациялары табысталды.