4-і қазан, жұма күні Аустралияның Сидней қаласында орта салмақтағы WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 KO) IBF белбеуіне міндетті үміткер, жаңазеландиялық Андрей Михайловичті (21-1, 13 KO) жеңіп, чемпиондық атағын сәтті қорғады.

Кездесу Астана уақытымен 15:30-да басталды. Бұл мұхит асқан чемпиондарының өнерін таңда тұрып тамашалайтын қазақстандықтарға тосын сезілгені рас. Оның үстіне жекпе-жектің кәсіпқой бокстың отаны АҚШ-та емес, алыс Аустралияда өткені де көпке ұнай қойған жоқ. Бірақ бұған Әлімханұлының өзі «кінәлі». Негізі жекпе-жек 14 шілде күні Лас-Вегаста өтуі керек еді. Бірақ Qazaq Style салмақ қуу сәтінде денсаулығына зақым келіп, емханаға түсіп қалды. Жәнібектің бұл әрекеті бокс әлемінде біршама сынға ұшырады. Сарапшылар нағыз кәсіпқой мұндай қателік жасамау керек деп санайды.

Ал жекпе-жекті екінші рет ұйымдастыру кезіндегі промоутерлік саудада Әлімханұлының мүддесін қорғайтын Top Rank ұйымы No Limit Boxing-тен жеңіліп қалды. Мұндағы жеңіліп қалды деген жай сөз, 93 жастағы сақа промоутер Боб Арум қазақстандық үшін қалтасын жұқартқысы келмеді. Нәтижесінде, жаңазеландиялық боксшының промоутерлері жекпе-жектің қайда өтетінін, кімдер төреші болып, қай телеарна көрсететінін шешу құқығына ие болды.

Әрине, мұның бәрі кәсіпқой бокстың қып-қызыл бизнес екенін анық көрсетеді. Тіпті жазда Жәнібектің салмақ қуа алмай, емханаға түсіп қалғанына сенбейтіндер бар. Тура сол тұста табысы мол жекпе-жектің реті келіп қалғандықтан, Әлімханұлы Боб Арумның нұсқауымен Михайловичпен кездесуден бас тартқан болуы мүмкін. Бірақ кейін олардың бұл ойы жүзеге аспай, Андрейге оралуға мәжбүр болды деген болжамды жоққа шығара алмаймыз.

Сиднейде ескі әнұран шырқалды

Жекпе-жек Аустралияда өтетіні белгілі болғанда-ақ спорт сарапшылары ұйымдастырушылардың лас әрекетінен қауіптенген. Жаңазеландиялықтар өздері таңдаған төрешіге сүйеніп, Жәнібекті аяқтан шалуы мүмкін екені айтылды. Мұны жекпе-жек барысында анық көрдік. Жапон төрешісі Кацухико Накамура қалай да Михайловичтің қолын көтеру жөнінде тапсырма алып шыққандай әрекет етті.

Ресейде туып, Жаңа Зеландияда өскен Михайлович бұған дейін 21 кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. Бірақ Әлімханұлымен айқаста оның чемпиондық деңгейдегі боксшы емес екені көзге ұрып тұрды. 9 раунд бойы Жәнібекті құшақтап алып, клинчтен шықпай, 12 раундқа шыдас беруді ойлап жүргендей көрінді. Ол бокс ережесін естен шығарып, бұғып алып, желкеден ұрып, ойына келгенін істеді. Осының бәріне рингтегі төреші көз жұма қарады.

Оның үстіне алғашқы раундтардан бастап-ақ бұл кездесудің Михайловичтің денсаулығына қауіпті екені белгілі болды. Оған Жәнібектің ауыр соққылары тиіп жатса да, төреші есеп ашуға асықпады. Тек екінші раундтың аяғына қарай Михайлович құлап түсіп, орнынан тұра алмай жатқанда ғана нокдаун тіркеді. Үшінші раундтан бастап техникалық нокаут тіркелген тоғызыншы раундқа дейін Андрей Әлімханұлын «құшақтаумен» болды. Мұндай сүреңсіз бокс пен сапасыз төрешілік жанкүйерлерге ұнамағаны анық. Кездесуден кейін америкалық журналист Майкл Монтеро жапон төрешісін бокстан белгісіз мерзімге шеттетуді ұсынды.

Ұйымдастырушылардың тағы бір бақай есебі – жекпе-жек алдында Қазақстанның ескі Әнұранын қойды. Олар мұны боксшының жүйкесіне тию үшін әдейі істеген болуы мүмкін. Өйткені біздің жаңа гимн белгіленгеніне 20 жылға жуықтады. Заманауи технология дамыған қазіргі кезде бір мемлекеттің әнұранын шатастырып алу мүмкін емес. Оның үстіне Қазақстанның Аустралиядағы бас консулдығы дәл Сиднейде орналасқан. Білмей жатса, солардан сұрауға болар еді. Ескі Әнұранға Әлімханұлының өзі де, командасы да, залдағы жанкүйерлер де наразы болды. Бірақ ұйымдастырушы тарап қатесін түзеуге тырысқан жоқ.

Әлімханұлы қанша гонорар алды?

Жекпе-жек жазда өтсе, Жәнібек 350 мың, Михайлович 200 мың доллар кепілді гонорар алар еді. Бірақ жекпе-жекті ұйымдастыру құқығын No Limit Boxing ұтып алғандықтан, келісімшартқа өзгеріс енді. The Ring ақпаратына сенсек, Сиднейдегі кездесуден қазақ боксшысы 228 150 доллар, жаңазеландиялық 122 850 доллар сыйақы алды.

Екі белбеуі бар әлем чемпионы үшін бұл өте аз гонорар екені анық. Бұған кездесудің алыс Аустралияда өткені және екі боксшының да аса танымал еместігі әсер етті. Бұл кездесу ақылы трансляция арқылы да көп көрермен жинай алмаған шығар. Демек Жәнібектің тура бір жылдан кейін өткізген жекпе-жектегі табысы шамамен осы болды. Бұл АҚШ-та жүрген кәсіпқой боксшы үшін тым мардымсыз сома.

Әлімханұлы 2023 жылы 14 қазанда өткізген германиялық Винченцо Гуалтьериге қарсы кездесуінде әлдеқайда табысты болған. Ашық дереккөздегі ақпарат бойынша ол кезде отандасымыз 750 мың доллар гонорар алды. Бұған ақылы трансляцияны қоссақ, жалпы табысы миллион долларға жеткен болуы мүмкін.

Кәсіпқой бокстың бір аты бизнес екенін айтып отырмыз. Боксшы билет сатып аренаны толтыра алмаса немесе ақылы трансляция арқылы көрермен жинай алмаса, оған төленетін гонорар көлемі көп болмайды. Біріншіден, Әлімханұлы әлі өз бетінше бокс кешінің билетін сата алатын деңгейде емес. Екіншіден, оның жекпе-жегінің ақылы трансляциясын сатып алатын жанкүйер аз. Қазақстан жұрты трансляция сатып алуға дайын емес, көбі тегін арна іздейді. Сол үшін Жәнібек әлі «су тегінге» төбелесіп жүр.

Салыстыру үшін айтсақ, Жәнібекке дейін АҚШ-та атой салған Геннадий Головкин екі титулы (WBA, IBO) бар кезде 350-900 мың доллар арасында гонорар алып жүрді. Ал үшінші, IBF белбеуін сарапқа салған канадалық Давид Лемьеге қарсы кездесуде 1,5 млн доллар алды. Генаның атағы асқан сайын алатын сыйақысы да артып, британиялық Келл Брукпен кездесуде 5 млн, америкалық Дэниел Джейкобспен жекпе-жекте 3 млн доллар гонорар алды. Ал мексикалық Сауль Альвареспен өткен 3 кездесуде 20 миллионнан 40 миллион долларға дейін табыс тапты деген ақпарат бар.

Жәнібек енді кіммен жұдырықтасады?

БАҚ-та Әлімханұлы WBO тұжырымы бойынша белбеуінен айырылуы мүмкін деген ақпарат тарап жатыр. Бұл қауесет емес, жаны бар әңгіме. Желіде WBO-ның ресми хаты да жарияланған. Бүкіләлемдік бокс ұйымы қазақстандық боксшының Михайловичпен жекпе-жекте ұйым белбеуін қорғамағанына ашулы. Qazaq Style бес күн ішінде ақылға қонымды себеп айтып, ұйым басшыларын райынан қайтармаса, титулынан айырылып қалуы мүмкін.

Бұл сценарийді жоққа шығаруға келмейді. Жәнібек WBO титулын қорғамағалы бір жылдан асты. Ұйым осы сәтті пайдаланып, чемпиондық белбеуді көп ақша таппайтын қазақтан тартып алып, британдық боксшылар Хамза Шираз (21-0, 17 КО) бен Дензел Бентли (20-3-1, 17 КО) арасындағы жекпе-жекте бәске қоюы мүмкін. Бұл шешім WBO-ға көбірек табыс әкеледі деген болжам бар.

Дегенмен Әлімханұлы титулынан айырылмауы да мүмкін. Мұнда Top Rank пен Боб Арумға сенім артамыз. Егер промоутер қазақстандыққа сенім артып, оған үлкен жекпе-жек жасап беретініне WBO-ны сендіре алса, белбеу Жәнібектің қолында қала береді. Қазақ жанкүйерлерінің қуанышына орай, жақында Top Rank промоутер Тодд ДюБёф Әлімханұлына Ұлыбританиядағы үлкен стадионға шоу ұйымдастырып беруге ниетті екенін айтты.

ДюБёф қарсылас кім болатынын айтқан жоқ. Бірақ жекпе-жек Ұлыбританияда өтсе, жергілікті боксшылар кіші Крис Юбэнк немесе Хамза Шираздың бірі болуы мүмкін. Бұл екеуі де аса танымал боксшы, әсіресе өз елінде супержұлдыз саналады. Егер осы жоспар жүзеге асып, қазақ боксшысы Тұманды Альбионда Юбэнк немесе Ширазбен жұдырықтасса, нағыз бәсеке сонда болар еді.

Жәнібек Михайловичті жеңген соң өз салмағындағы екі чемпион Карлос Адамес (WBC) пен Эрисланди Лараны (WBA) жекпе-жекке шақырды. Бірақ бұл чемпиондардың өз жоспары бар, Әлімханұлымен әзірге кездесетін ойы жоқ. Демек Qazaq Style абсолютті чемпион атанамын деп әуреге түспей, танымалдығын арттырып, табысын көбейтетін бағытқа бет алғаны жөн.

«Барыстың» жеңілуді ғана білетін легионер-миллионері

Қазақстандық «Барыс» хоккей клубы Ресейдің Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсетеді. Лиганың аты құрлықтық болғанымен, 1 қазақстандық, 1 беларусьтік және 1 қытайлық командадан басқасының бәрі – ресейлік.

«Барыс» кейінгі 3 жыл бойы Шығыс конференциясында соңғы орынды ешкімге бермей келеді. 2022/23 жылғы маусымда – 11 команданың ішінде 11-орын, 2023/24 жылғы маусымда 12 клубтың арасында 12-орын алды. Ал биыл 13 ойыннан кейін небәрі 5 ұпай жинап, тағы көш соңында қалды.

Құрамында 14 легионер ойнайтын «Барыс» кейінгі 24 ресми матчта 3 рет қана жеңіске жеткен. Тіпті жақында өз алаңында «Торпедо» командасынан 1:10 есебімен ойсырай ұтылды.

Бірақ 3 маусымдағы созылған сүреңсіз нәтижеге, мынадай масқара жеңілістерге қарамастан, «Барыс» басшылары легионерлерге жоғары жалақы төлеуден жалықпай отыр. Ресейлік «СЭ» басылымынан «Барыс» хоккейшілері жаңа маусымда қанша жалақы алатынын көруге болады.

Елордалық клубта ең көп жалақы алатын ойыншы – америкалық қорғаушы Уилл Батчер. Ол жылына 60 млн рубль (302 млн теңге немесе 624 мың доллар) алады. Канадалық шабуылшы Майкл Маклауд да дәл осындай гонорар алады. Ресейлік Дамир Жафяров та олардан қалыспайды. Оның жалақысы – 50 млн рубль (252 млн теңге немесе 520 млн доллар).

«Барыстың» өзге ойыншыларының 2023/2024 жылғы маусымдағы жалақысы:

Уилл Батчер (АҚШ) – 302 млн теңге (624 мың доллар)

Майкл Маклауд (Канада) – 302 млн теңге (624 мың доллар)

Дамир Жафяров (Ресей) – 252 млн теңге (520 млн доллар)

Антон Бурдасов (Ресей) – 202 млн теңге (416 мың доллар)

Натан Болье (Канада) – 176 млн теңге (364 мың доллар)

Чейз Де Лео (АҚШ) – 176 млн теңге (364 мың доллар)

Уэйд Эллисон (Канада) – 176 млн теңге (364 мың доллар)

Виктор Антипин (Ресей) – 166 млн теңге (343 мың доллар)

Коннор Смит (АҚШ) – 166 млн теңге (343 мың доллар)

Юхан Маттссон (Швеция) – 136 млн теңге (281 мың доллар)

Кирилл Савицкий (Қазақстан) – 121 млн теңге (249 мың доллар)

Владислав Кодола (Беларусь) – 116 млн теңге (239 мың доллар)

Роман Старченко (Қазақстан) – 105 млн теңге (218 мың доллар)

Станислав Бочаров (Ресей) – 101 млн теңге (208 мың доллар)

Кирилл Панюков (Қазақстан) – 101 млн теңге (208 мың доллар)

Никита Камалов (Ресей) – 71 млн теңге (145 мың доллар)

Максим Мухаметов (Қазақстан) – 71 млн теңге (145 мың доллар)

Никита Бояркин (Қазақстан) – 60 млн теңге (124 мың доллар)

Даниил Апальков (Ресей) – 55 млн теңге (114 мың доллар)

Әділ Бекетаев (Қазақстан) – 55 млн теңге (114 мың доллар)

Самат Данияр (Қазақстан) – 55 млн теңге (114 мың доллар)

Әлихан Әсетов (Қазақстан) – 50 млн теңге (104 мың доллар)

Тамирлан Гайтамиро (Қазақстан) – 40 млн теңге (83 мың доллар)

Михаил Рахманов (Қазақстан) – 40 млн теңге (83 мың доллар)

Батырлан Мұратов (Қазақстан) – 30 млн теңге (62 мың доллар).

Тізімде жалпы 25 хоккейші бар. Оның 14-і – легионер. Қазақтар төртеу ғана. Жалақының ең азын өз жерлестеріміз алады. Ең көп жалақы алатын қазақстандық – Кирилл Савицкий (121 млн теңге). Ең көп жалақы алатын қазақ – Әділ Бекетаев (55 млн теңге).

Біздің елде кәсіпқой клубтарды мемлекеттік қаржыландырудан босатып, кәсіпқой спортшыларға төленетін жалақы мөлшерін төмендету жайлы көптен бері айтылып жүр. Әсіресе қанша қаржы бөлінсе де керемет нәтиже көрсетпей жүрген «Барыс» хоккей клубы мен «Астана» баскетбол клубын құзырлы органдар қатаң тексерістен өткізу қажет сияқты. Бұл екеуі де Қазақстанның ақшасына легионерлерді сатып алып, Ресейдің лигасында өнер көрсетеді.

Кейінгі 6 жылда спорт саласына бюджеттен 1,4 трлн теңге бөлініпті. Атап айтқанда, 2018 жылы – 165 млрд теңге, 2019 жылы – 204 млрд теңге, 2020 жылы – 177 млрд теңге, 2021 жылы – 223 млрд теңге, 2022 жылы – 293 млрд теңге, 2023 жылы – 340 млрд теңге. Осы қаржының көбі еш нәтиже бермейтін, тек легионерлердің қалтасын толтыратын кәсіпқой клубтарға жұмсалып жатыр.

Мұхаммедшах Маратұлы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған