Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев №66597 әскери бөлімде Отан қорғаушы күніне орай өткен салтанатты рәсімге қатысып, сарбаздарды құттықтады. Мерекелік іс-шараға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, құқық қорғау органдарының және әскери бөлімдердің басшылары мен сала ардагерлері келді.

Аймақ басшысы темірдей тәртіпке бағынып, ел іргесін, тәуелсіздік құндылықтарын қорғаған сарбаздарға ізгі тілегін жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Бұл мереке тек әскери қызметкерлер үшін ғана емес, бүкіл қоғамымыз үшін ерекше маңызға ие. Елді қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы, шынайы патриотизмнің жарқын көрінісі» деген болатын. Президентіміз – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен еліміздің қорғаныс саласын дамыту, заманауи және кәсіби, қуатты әскер құру бағытында кешенді реформалар жүргізілуде.
Бүгінде еліміздің Қарулы Күштер қатарында қызмет ету әрбір қазақстандықтың мәртебелі міндетіне, аға буынның ерлік пен жауынгерлік дәстүрлерінен бастау алған патриотизмнің үлгісіне айналды. Биыл еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетовтің және Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың биылғы отырысында «Айбын» орденінің түрлі дәрежесін Бауыржан Момышұлының, Сағадат Нұрмағамбетовтің және Рахымжан Қошқарбаевтың есімдерімен атау туралы бастама көтерді. Бұл – даңқты ерлерге көрсетілген құрмет, Қарулы Күштерге жүктелген сенім деп білеміз. Тәуелсіздігіміз бен тірлігімізді, тыныштығымыз бен бейбітшілігімізді қас қақпай күзетіп, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Салтанатты жиында облыс әкімі су басқан аймақтарға көмек көрсеткен сарбаздарға зор алғысын білдірді. Еске салсақ, Сыр өңірінің халқы төтенше жағдай жарияланған аймақтарға көмек көрсетуге біркісідей жұмылды. Облысымыздағы Қорғаныс министрлігінің және Ұлттық гвардияның әскери бөлімдерінен 408 адам, 134 техника Батыс Қазақстан облысына жолданды. Бүгінде сарбаздарымыз су басқан аймақтағы халықтың алғысына, ыстық ықыласына бөленіп, абыроймен оралды.
Іс-шарада Қарулы Күштердің Құрметті ардагері Мыңділда Ршауов та сөз сөйлеп, жерлестерін мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, Отан қорғаушы күніне орай және су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде жұмыс жасаған қызметкерлер марапатталды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған