Сыр елінің бас шаһары Қызылорда қаласының кешегі мен бүгінгі жағдайын салыстыруға келмейді. Ғасырлық тарихы бар көне қаланың көркінен көп өзгеріс байқауға болады. Жыл санап ауқымы кеңейіп,  сәні мен салтанаты келіскен сол жағалаудағы жаңа қаланың айшықты келбеті осы сөзімізге айқын дәлел.

Соңғы жылдары тарихы тереңнен тамыр тартқан Сыр шаһарының дамуында тың серпін байқалады. Қалада мемле­кеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асырылып, әлеуметтік-экономикалық көрсеткішінде өсім қалыптасқан. Әсіресе,  қала бюджеті екі есеге артып,  кірістер жоспары артығымен орындалған. Бұл, өз кезегінде салық базасын ұлғайтып, кірістерді арттыру бағытында жасалып жатқан жемісті жұмыстардың нәтижесі.

Жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қы­зыл­орда өңірінде жүзеге асқан маңызды жобаларға ерекше тоқ­талып, макроэкономикалық көрсеткіштердің оң серпінін айқын­дағаны көпке мәлім. Бұл жетістіктер – ел Президентінің нақты тапсырмаларының, Үкіметтің жүйелі қолдауының, облыс басшы­сының ұтымды үйлестіруінің, халықтың ауызбіршілігі мен ортақ жауапкершілігінің айқын көрінісі  деп айтуға толық негіз бар.

Жалпы аймақ басшысының тегеурінді тапсырмасымен облыс көлеміндегі барлық салада өсім қалыптасты. Бұл тұрғыда облыс орталығы – Қызылорда қаласының үлесі басым.

Тарқатып айтар болсақ, Қызылорда қаласында кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстар нақты нәтижелерге арқау болып отыр. Нақтысы әрбір мемле­кеттік бағдарламалар мен қаржылық қолдаулар тұрғын­дардың іскерлік белсенділігін арттырып, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп келеді. Бұл тұрғыда өңір экономикасын әртараптандыру арқылы жоғары өнімге қол жеткізіп қана қоймай, экспортқа бағдарланған шикізаттық емес өңдеу өнеркәсібін құруға бағытталған жұмыс­тар кезең-кезеңімен атқарылуда.

Жыл бедерінде облыс орталығында қала әлеуетін, даму бағытын айқындайтын маңызды шаралар өткізілді. Соның ішінде ағымдағы жылдың 7-8 шілде күндері Қызылорда қаласында алғаш рет «Қызылорда – Ұлттық Урбан Форумы 2025» халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. Бұл – біздің қаламыз үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды оқиға болғаны белгілі.

Аталмыш форум жұмысына біріккен ұлттар ұйымынының UN-Habitat (Ун-Хабитат) ұйымы, Қазақстандағы біріккен ұлттар тұрақты үйлестірушісі, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдар, еліміздің барлық өңірлерінің өкілдері, халықаралық және ұлттық сарапшылар қатысты.

Ауқымды шараға қатысушылар экологиялық тепе-теңдік, қалаларды ақылды басқару, инклюзивті әрі климатқа төзімді инфрақұрылым қалыптастыру, тұрғындардың өмір сапасын арттыру мәселелерін талқылады. Осы арқылы нақты шешімдерге жол бастайтын стратегиялық платформа қалыптасты. Форум аясында облыс әкімі мен Экология және табиғи ресурстар министрі, Парламент Мәжілісінің депутаттарының қатысуымен құны 34,5 млрд. теңге болатын Оңтүстік Корея технологиясына негізделген қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және өңдеу зауытының негізі қаланды. Сондай-ақ, 5 млрд. теңгеге салынған «Қызылорда Саз-М» кірпіш зауыты іске қосылып, алғашқы өнімін шығарды. Зауыт жылына 90 млн. кірпіш өндіреді, 70 адам жұмыспен қамтылды. Сол сияқты ірі жобалар қатарында – «SevenRiversBottlers» ЖШС-нің шыны ыдыс шығаратын және испаниялық RocaGroup компаниясымен бірлескен санитарлық-техникалық жабдықтар шығаратын зауыттары бар. Бұл бастамалар – экологияны жақсарту, өндірістік қалдықтарды тиімді басқару және жасыл экономиканы қалыптастыру жолындағы нақты әрі нәтижелі қадам ретінде бағаланып отыр.

Осы орайда айта кететін тағы бір маңызды мәселе, қала аумағында құрылған “Қорқыт ата” экономикалық аймағының стратегиялық маңызы зор. Бұл шешім биылғы мамыр айында Үкімет қаулысымен бекітілгені мәлім. Соның негізінде облыс орталығында көлемі 550 гектар болатын жаңадан арнайы экономикалық аймақтың пайда болуы халықтың ертеңге деген сенімін еселейтүскені байқалады. Арнайы экономикалық аймақта авиацияға қызмет көрсету мақсатында 50 гектар, көтерме бөлшек сауда мен қоймалауға 100 гектар, өнеркәсіптік мақсатта 400 гектар аумақ игерілуде.

Жоспарға сәйкес 2049 жылға дейін бұл аймаққа тартылатын инвестиция көлемі 156 млрд. теңгеге, оның ішінде шетелдік капитал 88 млрд. теңгеге дейін жетеді деген жоспар бар. Ал өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің көлемі 527,1 млрд. теңгені құрайды деп күтілуде.

Келешекте арнайы экономикалық аймақта арнайы құқықтық режим қалыптасып, салықтық және кедендік жеңілдіктерді қамтиды. Инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасап, өңірдің экономикалық дамуына серпін береді деп күтілуде.

Сол сияқты қаланың ауыл шаруашылығы саласында да ілкімді істер көп. Салада ірі жобалар сәтті жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар қала аумағында жұмыссыздық деңгейін төмендету, тұрғындарды баспанамен қамту бағытында да толымды тірлік байқалады.

Тұрғын үй мәселесіне келсек, биыл да қала аумағында тұрғын үй құрылысы мен жеке салушылардан дайын пәтер сатып алу жұмыстар жалғасын тапты. Атап айтқанда, 2025 жылы Сырдария өзенінің сол жағалауында бес қабатты 10 тұрғын үй­дің құрылысына облыстық және қалалық бюджеттерден 2 млрд. 886,4 млн. теңге бөлініпті. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй сатып алуға тиісті қаржы көздері қаралып, жоспарлы жұмыстар жүйесін тапты.

Бұған қоса биыл  «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы мен «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде атқарылған шаруалар да ширақ. Сол сияқты елді мекендерді көгілдір отынмен қамту бойынша да еселі еңбектің лебі еседі. Соның ішінде қала іргесіндегі Сабалақ саяжайын газға қосу жұмысы сәтті жүргізіліп жатыр. Көп ұзамай ел игілігін көреді деп күтілуде. Сонымен қатар қала аумағындағы Қызылөзек және Қызылжарма ауылдық округтерінің елді мекендерінде газ құбырын тарту жұмыстары да назардан тыс қалмады.

Негізінен қаланың экономикалық қарқынын, әлеуметтік келбетін, тұрғын­дардың өмір сүру сапасын артты­руда жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жоғары маңызға ие. Бұл тұрғыда ағымдағы жылы көлік инфра­құрылымын дамытуға 23,2 млрд. теңге бөлініп, ұзындығы 61,9 шақырымды құрайтын 64 жоба жүзеге асырылып жатқаны жария болды. Нәтижесінде облыс орталығының негізгі көшесінің бірі – «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылы жаңғыртудан өткізілсе, бірқатар көпірлер мен Жанқожа батыр көшесі бойымен өтетін теміржол асты өткелі­нің құрылысы қарқын алғаны мәлім.

Дерекке сәйкес бүгінде облыс орталығында 81 мыңнан астам көлік тіркеліпті. Бұл қалада соңғы үш жылда көліктер санының 6 мыңға көбейгенін көрсетеді. Соған орай қала көшелеріндегі жол желісін кеңейту қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жол ашатыны сөзсіз. Бұған қоса жаяу жүргіншілер жолы мен жарықтандыру, тұрғын үй аулаларын абаттандыру мен ойын алаңдарын салу бағытында да атқарылған істер ауқымды.

Халық қалаішілік қоғамдық көлік мәселесінің оңтайлы шешімін тапқа­нына қуанып жүр. Қазіргі таңда зама­науи үлгідегі 300 автобус арнайы бекітілген 32 бағыт бойынша тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп келеді. Бұған қосымша 100 экотакси қызметі қосылып, қызылордалықтар сұранысын толық қамтамасыз етті деп айтуға болады.

Сырдың білім саласында да тың серпін бар. Оның ішінде Қызылордада “Жайлы мектеп” Ұлттық жобасы және өзге де бағдарламалар шеңберінде бірқатар білім ошақтарының берілуі балалар үшін теңдессіз тарту болды. Сонымен қатар спорттық нысандардың да саны арта түсті. Атап айтқанда, халық­­аралық стандарттарға сәйкес 11 мың орындық Орталық “Қайсар Арена” стадионы пайдалануға берілсе, 19 млрд. теңгеге «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы, сол жағалаудан  «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқын алды.

Құрылыс алаңына айналған Қызыл­ордада атқарылған маңызды жоба­лар мұнымен шектелген жоқ. Ағымдағы жылы еңселі облыстық тарихи-өлкетану музейі ел игілігіне табыс­талса, Қазақстан халқы Ассам­блея­сының 30 жылдығына орай «Қаз­атомпром» Ұлттық атом компа­ниясы» акционерлік қоғамының қолдауымен 3 млрд. 800 млн. теңгеге «Достық үйінің» жаңа ғимаратының құрылысы қарқын алды. Сол сияқты қаламыздың Сұлтан Бейбарыс көшесі мен Назарбаев даң­ғылы қиылысында «Көрме залы» орталығының құрылысы, бір ауысым­да 100 келушіге арналған емхана, онкологиялық бөлімшесі бар 300 орын­дық көпбейінді аурухананың құрылысы халық игілігіне қызмет етеді деп күтілуде.

Ең бастысы, Мемлекет басшысы­ның, Үкіметтің тікелей қолдауымен, облыс әкімінің үйлестіруімен 215 млрд. теңге­ге қуаттылығы 240 мега­ватты құрайтын жаңа жылу электр орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бірегей жоба инвестор – «Акса Энерджи» түрік компаниясының ықпа­­лымен қарқын алды. Жаңа стан­ция облыс орталығын жылу­мен, аймақты электр энергиясымен толық қамтама­сыз ететін болады. Өндірілген электр энергиясының артылған бөлігін өзге өңірлерге сатуға мүмкіндік мол. Сонымен қатар Прези­дентіміздің қолдауымен Қызылорда қаласын ыстық сумен қамтамасыз ету жобасы сәтті басталды. Жалпы құны 26 млрд. 200 млн. теңгені құрайтын бұл жоба шеңберінде І кезең бойынша 2024 жылға 11 млрд. теңге бөлінсе, 2025 жылға ІІ кезең бойынша жоспарлы жұмыстар жалғасын тауып жатыр.

Мемлекет басшысының бастама­сымен өткен жылы іске қосылған «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық жоба­сы­нан қызылордалықтар да қалыс қалған жоқ. Экология­лық жоба шеңберінде өңірімізде санитарлық тазалықты сақтау, абаттандыру және тұрғындар үшін әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытында жүйелі, әрі ауқымды шаралар қолға алынды. Нақты айтқанда, биыл қаладағы 3 демалыс орны жаңғыртылса, құны 6,3 млрд. теңгеге қалалық мәдени-демалыс паркі қайта түледі. Сол сияқты Қорқыт ата атындағы саябағы көркейтіліп,Тұңғыш Президент паркі жаңарған кейіпке еніп жатыр.

Сыр елінің бас шаһарындағы жыл­дың басты жаңалығы ре­тінде Қызылорда қаласының Астанасы болғанына және «Қазақ» атауының қайтарылғанына 100 жыл толуын ерекше атап өтуге болады. Бұл жалғыз Сыр өңірінің ғана мерейтойы емес, тұтас ұлт, мемлекет тарихындағы маңызды оқиға саналады.

Соған орай алдын ала мерейтойды кең көлемде атап өтудің тұжырымдамасы мен іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленді. Соның негізінде мереке күндері түрлі өнер байқаулары, спорттық сайыстар,  жылжымалы көрмелер, мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды. Қызылорда қаласының 100 жылдық жылнамасы, шежірелі фотосуреттер, бейнесюжеттер дайындалды.

Негізінен ғасырлық тарихы бар Қызылорда қаласы ағымдағы жылы маңызды жобаларды жүзеге асыру арқылы болашағын айқындап, нақты мақсатпен алға қадам басқаны аңғарылды. Еселі еңбектің нәтижесінде Сыр шаһары тарихы терең, мәдениеті бай өңір ғана емес, серпінді даму жолындағы аймақ орталығы ретінде өзге өңірлерге үлгі болды.

Қарқында даму жолына түскен Қызылордада қыруар шаруа мұнымен шектелген емес. Алдағы жылға әлі де атқа­рылуы тиіс ауқымды міндеттер мен тың жобалар тізбектеліп тұр. Жергілікті жұртшылық  алдағы жыл еншісінде де қаланың қарқынды даму жолындағы маңызды міндеттер мүл­тіксіз орындалатынына зор сеніммен қарайды.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған