«Қызылорда» Автобус паркі» мекемесінің басшысы Мақсат Жүсіптің айтуынша, қалаішілік жолаушылар тасымалына күнделікті 150 автобус қызмет көрсетуде. Қоғамдық көліктердің бағыттардағы қатынау аралықтары 12-15 минутты құрайды. Соңғы кезде Қызылорда облысында қоғамдық көлік мәселесі оң шешімін тауып келеді. Мәселен, қазір қалаішілік 19 бағыт, сондай-ақ қосымша жүктелген «Ягодка», «ПМК-29» және «Қарауылтөбе» саяжайы бойынша қызмет көрсетуде.
Бүгінде қала тұрғындарына 5 мекеме қоғамдық көлік қызметін ұсынады. Оның бірі «Қызылорда» Автобус паркі» мекемесі мен қалғаны жеке кәсіпкерлер.
Қызылордалықтар енді автобус паркіне қарасты қоғамдық көліктердің жүріс-тұрысын «2GIS» мобильді қосымшасы арқылы бақылай алады. Онда кез-келген жолаушы қай жерге қай автобус өтіп бара жатқандығын және жақын аялдамаға автобус қанша уақыттан кейін келетіндігін де көре алады. Бұл мүмкіндіктердің барлығы жолаушыларға жақын арада қолжетімді болады. Бүгінде қосымшаны орнатудың соңғы жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде барлық автобустарға “автоинформатор” орнатылып, пилоттық режимде автоматты аялдамалар қызметі жұмыс жасауда.
– Автобустарға арналған “автоинформатор” арқылы жолаушыларға автоматты түрде аялдама атауларын, жолаушыларға қалта ұрлығынан сақ болуын, жол жүру билетін талап ету қажеттігін хабарланады. Арнайы навигация жүйесі ескертулерді толығымен автоматтандыруға мүмкіндік береді, яғни жүргізуші көлік жүргізу барысында алаңдамайтын болады, – дейді “Автобус паркі” Қызылорда» ЖШС директорының орынбасары Әмірбек Шаймағамбетов.
Бұл автоматтандырылған қосымша арқылы тек аялдамалар туралы ақпарат ғана емес, сонымен қатар жүргізушілер мен жолаушыларға қажетті ережелер, қоғамдық көліктерде ақы төлеу түрлері мен жол жүру бағасы да жолаушылар назарына ұсынылады.
– Біздің басты міндетіміз жолаушыларға сапалы қызмет көрсету! Технологиялардың дамыған кезеңінде біз де уақытпен бірге ілесуге тырысып, жаңа құрылғыларды енгізу арқылы қызметтерімізді жаңғыртудамыз. Жол жүру ақысын төлеу тетіктерін дамытып, тұрғындар ыңғайына оңтайландыру үшін жұмыс жасалуда. Қазір қоғамдық көліктерде электронды форматта жол жүру ақысының 8 түрі қолданылады. Ересектерге арналған қолма-қол жолақысы – 90 теңге болса, онлайн түрде 85 теңгеге төлеуге болады. Ал оқушылар 40 теңге төлейді, – дейді “Автобус паркі” Қызылорда” ЖШС директоры Мақсат Жүсіп.
Айта кетейік, бүгінде мекеме №1, 3, 11, 12, 14, 15, 17, 18, 19, 20, 22, 25, 28, 29, 30, 31 қалаішілік бағыттары және «Ягодка», «ПМК – 29» бен «Қараөзек»саяжайлары бойынша жолаушылар тасымалдарын жүзеге асырады.
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар