Биылғы жыл басында қала басшылығына келген С.Қожаниязовтың қалалықтардың тұрмысын жақсарту бағытында қандай ойлары бар? Сондайақ Қызылорданың қай бағытта бағы жанар деген көпшілік сұрауын аманат етіп, Қоғам TV телеарнасының “Әкім сағаты” хабарында арнайы сұхбат жүргіздік. Сұхбаттың газетте, теледидарда жарияланғанына да бір жетіден астам уақыт өтті. Көрермендер мен оқырмандар әзірге жақсы пікір білдіруде.

Қазіргі қала әкімі қаланы көгалдандырумен қабат, аяқ су мәселесін шешумен де айналысатын “Жасыл Қызылорда” деген мемлекеттік мекеменің ашылуы жұрт үшін биылғы жылғы жаңалық болып тұрғанымен, С.Қожаниязов облыс әкімінің орынбасары болып жүрген кезде басталған іс. Былтырғы жылы аймақ басшысының тапсырмасымен Түркістан қаласының көгалдандыру бағытындағы жұмыстарымен танысқаннан кейінгі қабылданған шешім бойынша құрылған. Тендерге тәуелсіз “Жасыл Қызылорда” арқылы да бірнеше мәселе бірден шешім таппақшы.

Тал, гүлді өзі егеді, өзі суғарады, өзі күтіп баптайды, өзі қадағалайды. Шынын айту керек, сұхбат барысында қала әкімі ұзақ жасаған кәрі талдарды емдейміз дегені біртүрлі естілді. Адамды дұрыс емдей алмай жүргенде, қартайған, құрттаған, ауырған ағаштарды “Өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты ғалымдары келіп, талдар бұтақтарын қию, жалпы емдеу жолдарын айтса, “Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты” мамандары жаңадан тал егілетін жерлердің құнарлығын қарап, қандай талды қай жерге, қай кезде егуге болатындығына бағдар береді екен. Ғалым дәрігер айтқанымен ағаш басын кесіп, ғалым маман кеңесімен тал еге бастасақ жылдар бойы көгермей тұрған жерлерді әп-сәтте көлеңке етіп жібереміз. Қалай болғанда да, көктесін, көктемесін қаламшаларды қадап кете беруге шеберміз. Кей-кейде суы жоқ жерлерге де сықитып егіп кеткенімізді көріп өзіміз де өзімізге күліп жүреміз. Ал, енді жерге өкпе жоқ, суы науадай құйып тұрса бірінен кейін бірін қадап кеткен көшеттеріміз қаулап шығып тұрғаны да рас. Қала әкімі өткенде Экология министрі келгенде, ол “Талды бұлай ретсіз еге беруге болмайды. Бір-бірінен қашықтығы сақталмаса бой алмайды, айналасына көлеңке бермейді” дегенде “Біздің бұл талдарды еккенімізге 20 жыл болды” деген жауапты естігенде Министр ұқсамайды деп бас шайқады дейді.

Білместікпен талай талды тапал еткеніміз анық. Ендігі жерде аурудан ада, құрты жоқ ағаштар айналаға таза ауа берсе қала әкімінің құрығанда бір қадамының құтты болғаны да.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған